Ең үздік 10 дорама (2-бөлім)

   Алдыңғы жазбамда ең үздік 5 дорамамен таныстырған болатынмын. Бұл жолы ондықты толтырып, тағы да 5 үздік дораманы ұсынғым келіп отыр. Сонымен, кеттік!)

    Алтыншы орынға биылғы жылдың үздіктерінің бірі де бірегейі, көпшіліктің сүйіктісіне айналған «Силачка До Бон Сун» жайғасты. Әжесінен анасына, анасынан өзіне дарыған ерекше күшке ие До Бон Сунның қызық та шытырман өмірі көрсетіледі. Бұл құпиясынан бейхабар жандар оны кәдімгі әлжуаз, қарапайым қыздардың бірі деп ойлайды. Алайда, алпамыстай күшімен алып жығатын арудың ашуына тиген адам ауруханадан бір-ақ шығады. Күшінің арқасында мұқтаждарға көмектесіп те жүреді, бірақ... Ол ешкімге ешқашан өздігінен жәбір көрсетпуі керек. Әйтпеген жағдайда бар күшінен мәңгілікке айырылады. Бірде оның тәртіп бұзған жігіттердің сазайын беріп жатқанын байқап қалған жас та сымбатты кәсіпкер жігіт Ан Мин Хек қызға «жеке күзетшім бол» деп ұсыныс тастайды. Ұсынысты қабыл алған Бон Сун уақыт өте келе бастығына ғашық болып қалады. Екеуі тіпті, қауіпті қылмыскерлермен бірге күреседі. Қыздың бар құпиясынан хабардар болып үлгерген қылмыскерлердің бірі оны алдап, бар күшінен айырады... Толығырақ дорамадан көріңіз))

    Өнерге ғашық жастардың асқақ армандарына жету жолын баяндайтын «Одержимые мечтой 1» дорамасы жетінші орынға жайғасты. Опера әншісі болуды армандайтын ауқатты отбасының ерке қызы Ко Хе Ми поп-музыка жұлдызы болғысы келетіндерді менсінбей, мұқатып жүреді. Алайда, оның әкесінен  қарызға қомақты сомада ақша алған алаяқ шетелге қашып кетеді. Бар қаражатынан айырылған қыз амалсыз поп-музыка мектебіне барып, оқи бастайды. Уақыт өте келе бəрі өзгереді... Оның бəрін дорамадан көрсеңіз, өкінбейсіз, ерекше шабыт алатыныңызға кепілдік беремін!

   Сегізінші орында тағы да бір мектеп дорамасы тұр. Сценарийі бойынша жоғарыдағы дорамаға ұқсайды. Өйткені, мұнда да өнер, мұнда да бəсекелестік, достық, қастық, махаббат... Мектептегі ең үздік сыныптың оқушылары мен ең нашар сынып оқушылары мектептің атынан бір сайысқа қатысуы қажет. Екі сынып та бірін-бірі өлердей жек көреді. Ең қызығы, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын бозбала мен бойжеткеннің арасында сезім пайда болады. Ко Хе Ми нашар сыныптың "лидері", сабақты керемет оқымаса да, биді өте қатты жақсы көретін қыз. Ал Му Ёль ауқатты отбасының бетке тұтар ұлы. Ол да үздік сыныптағы лидер. Екеуінің арасында аяқ асты тұтанған сезім неге апарып соғады? Оларды достары қолдай ма? Бұл да ерекше шабыт сыйлайтын дорама дер едім.

   Тоғызыншы орын "ЕХО по соседству" дорамасына бұйырыпты. Атағы бүкіл Кореяға жайылған ЕХО музыкалық тобының фанаты Чжи Ён Хи топтың əрбір мүшесі жайлы жатқа біледі. Күндердің күнінде сүйікті тобымен көрші боламын деп ойламаған да еді жас қыз. Бар қызық осы кезде басталады. Алғашында жаңа көршілерінің алдында түрлі келеңсіз жағдайларға қалса да, топ жігіттерімен уақыт өткен сайын жақындай түседі. Араларындағы достық қыздың өміріне ең бір ғажайып естеліктер сыйлайды. Өте жеңіл, қызықты, есте қаларлық дорама.

   Соңғы орынға жайғасса да, "Озорной поцелуй" маған қатты ұнаған дорама. F4 мүшелерін бəріміз жатқа білетін болармыз? Сондағы Чи Ху басты рөлді сомдайды. Тағы да сол ақылды, сымбатты оқушы, романтик жігіт бейнесінде. Оның сыртынан ұнатып жүрген қыздардың бірі О Ха Ни сабақ үлгерімі төмен оқушы. Батыл қыз бар сезімін хат арқылы жеткізеді. Алайда, мектептегі ең ақылды жігіт Пэк Сын Чжо (біздің Чи Ху)  хаттағы қателерді қызыл қаламмен түзетіп, бүкіл жұрттың көзінше қыздың өзіне қайтарып береді. Бірде қыздың отбасы үйінен айырылып, олар əкесінің ескі досының үйіне көшіп барады. Сын Чжо осы үйдің үлкен ұлы болып шығады. Енді екеуі еріксіз бір шаңырақ астында тұра бастайды. Қылықтары еріксіз күлкі шақыратын, үнемі келеңсіз жағдайларға тап болып жүретін Ха Ни жігіттің жүрегіне жол таба ала ма? Дорамадан көреміз))
Акония мен Принц Лимон, Грин ти аман болса, əлі талай қызықты дорамалардың куəсі боламыз. Ал сізге қай дорама көбірек ұнайды?



Бөлісу: