Ең үздік 10 дорама (1-бөлім)

     Өткен жазбалардың бірінде дораманы  сүйіп көретінімді жазған болатынмын. Ұнаған топ 10 дораманың тізімін жариялауға уәде еткенім де есімде. Бүгін сол уәдені орындайтын сәт келген сияқты. Тізімдегілер жаңа болмаса да, өте қызықты. Алдағы уақытта 2017 жылғы дорамалардың үздігін жариялайтын боламын, әзірге осыны қанағат тұта тұрыңыздар:

    Сонымеен, көш басында «Наследники» тұр. Көпшілігіңіз көрген де боларсыздар, иә? 2013 жылы жарыққа шыққан бұл дораманың басты кейіпкері Ли Мин Хо ауқатты отбасының ерке ұлын сомдайды. Америкада оқып жүргенде Чха Ин Сан атты арумен кездейсоқ танысып, махаббаттары Кореяда жалғасын табады. Шет елде екеуі тіл табыса қоймаса да, тағдыр оларды өз елдерінде қайта жолықтырады. Ким Танның үйіндегі  (Ли Мин Хо) қызметші әйел Чха Ин Санның анасы болып шығады. Пәтерақыны төлеуге шамасы жетпегендіктен қыз анасымен бірге Ким Танның үйінде тұра бастайды. Осы сәттен бастап Чха Ин Санның өмірі күрт өзгереді. Біріңғай ауқатты отбасыдан шыққан балалар оқитын мектепке ауысады қыз. Америкадан жақында оралған Ким Тан да сол мектептің оқушысы болып шыға келеді. Үйде де, мектепте де бір-бірінен «құтыла алмайтын» екі жастың махаббат хикаясы қалай өрбитінін өзіңіз тамашалағыныңыз дұрыс-ау.

    Екінші орынды маған қатты әсер еткен «О, моя Венера» дорамасына бердім. Басты кейіпкер Кан Чжу Ын мектепте ең сұлу, ең ақылды қыз болатын. Талай жігіттің жүрегін жаулаған аруды қыздар қауымы ұнатпайтын. Дегенмен, уақыт өте келе бәрі өзегереді: Чжу Ын баяғы сымбатты қалпынан айырылып, толық қызға айналады, бірнеше жыл кездескен жігітінің сезімі суиды, мектептегі құрбысының мазағына айналады. Арықтауға бел байлаған қыз бірде Джон Ким атты жаттықтырушы жайлы естіп қалады. Көптеген белгілі жұлдыздарды жаттықтырып, артық салмақтан арылуға қолғабыс еткен сымбатты жігіт Джон Ким үлкен компанияның мұрагері болғандықтан өзі туралы ақпараттарды жасырын ұстайды, сондықтан оны табу қиынның қиыны еді. Алайда қыздың жолы болып, бірде ұшақта үш жігітпен танысады, солардың біреуі әлгі жаттықтырушы екенін біліп қояды. Бірақ, нақты қайсысы екенін анықтап, одан көмек сұрау қажет. Қыздың өз мақсатына қалай жететінін және «кек алу операциясының» нәтижесін білу үшін  дораманы көріп шығуға кеңес беремін.

    Келесі орында романтика, фантастика, комедия жанрларын қамтыған «Человек со звезды» дорамасы тұр. Ерекше қабілеті бар өзге планетадан осыдан 400 жыл бұрын Чосон дәуірінде келген До Мин Чжун жердегі адамдар секілді қартаймай, өзінің сымбатты қалпын сақтап қалған. 4 ғасыр ішінде бірнеше мамандықты игереді, сан рет есімін ауыстырады. Бірде Кореяның атақты актрисасы, сұлу да сымбатты Чон Сон И оның үйінің жанына көшіп келеді. Келбетті әрі жап-жас До Мин Чжунды университеттегі ұстазы екенін актриса кеш біледі. Араларындағы келіспеушіліктен туындаған сезім күн сайын күшейе түседі. Екі жас уақыт өте келе бірге болуға сөз байласады. Алайда, өзге планеталық жігіт әр 400 жыл айын өз планетасына оралуға мәжбүр, әйтпеген жағдайда өлім қауіпі туындайды... Бұл тығырықтан қыз бен жігіттің қалай шығатынын дорамадан көріңіздер.

    Төртінші орынға теңіздің талай құпиясынан сыр шертетін «Легенда синего моря» дорамасы жайғасты. Судан құрлыққа шыққан су перісі Сим Чон айлакер, алаяқ жігіт Хо Джун Джэге ғашық болып қалады. Қарапайым адамдардың өмір сүру дағдысы су перісіне ауыр тиеді, көптеген дүниелерді түсінбей, бейне бір жаңа туған сәбидей барлығын басынан бастап үйренеді, тіпті сөйлеуді де. Қиын сәтте қыздың жанына табылған Хо Джун Джэ қызға деген сезімінің арқасында өзгере бастайды. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын құрлықтағы жігіт пен су перісінің махаббат хикаясы қайталана бастайды. Алайда, олардың махаббаты қасіретпен аяқталған болатын. Мұны білген Хо Джун Джэ тарихты өзгертуге бар күшін салады. Ары қарай дорамадан көреміз.

    Бесінші орын «Кто ты: Школа 2015» дорамасынікі. Бұл да әдеттегі мектептегі оқиғалардың бірі. Ең танымал сұлу қыз Ын Бель бірде аяқ асты жоғалып кетеді. Із-түссіз кеткен қызды өлдіге балап жүргенде ол ешнәрсе болмағандай өз ортасына  қайта оралады. Алайда, бұл Ын Бель мүлдем басқаша, есінде ешнәрсе жоқ, бұрынғы тәкаппарлығының жұрнағы да қалмаған. Анығында оралған қыздың ауылда өскен, әлі ешкім білмейтін ешкім танымайтын сыңары еді. Екі қыз орындарын ауыстырып, бір-бірінің қиындықтарымен бетпе бет келеді. Қыздар құпиясын сақтап қала қала ма? Бір-бірінің мәселелерін шешіп беруге шамалары жете ме? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін дораманы ерінбей қарап көріңіз.

Жалғасы бар...



Бөлісу: