Ең құрметті мереке

 

Жыл сайын 9 мамырда таңертең Мәңгілік алауға гүл қойып, кешке дейін алаңдарда жүретінмін. Кеше көшеге шыға алмадым. Дегенмен, бұл – менің ең сүйікті мерекем!

Жеңіс ­– біздің халық үшін көксеген арман орындалған ерекше қуанышты күн. Солай бола тұра, біз оны көзге жас үйіріле отырып, тойлаймыз. Өйткені, бұл мерекеде қасіреттің табы бар. Маған сол кезеңде өмір сүрген жастар кесапатқа ұшыраған сияқты көрінеді...

Еш қызық көрмей соғысқа аттана барған, елге сағынышын жауға өшпенділікпен алмастырған, аптапта арып-ашыған, аязда үсіген, оқ пен бомбаның азабын көрген, майдан даласында өліп кеткен, ағайын-бауырымен, ата-анасымен көрісуге жете алмай, арманда кеткен адамдар бұл соғысты «Ұлы Отан үшін» деп қабылдаған еді.

Елде таңнан қара кешке дейін белден бел қалмай еңбек еткен, ұйқы мен күлкі көрмей қиналған, уайым мен мұңнан қажыған, бірі баласын, бірі күйеуін сағынып, жан азабын тартқан, тапқан-таянғанын майданға жөнелткен, аштықтан бұратылған, жоқшылықтан жүдеген, жүйкесі тозған, қаралы қағаз алып, көкірегі қарс айырылған, Жеңіс күніне, соғыстағы азаматымен кездесуге жете алмай, дәм-тұзы таусылған жұрттың сабыры да «Ұлы Отан үшін» деген сөз болған еді.

«Пусть ярость благородная

 Вскипает, как волна, —

 Идёт война народная,

 Священная война!»

Меніңше, мемлекетіміздің тарихындағы мейлінше соңғы, әрі ірі соғыс осы болғандықтан да ол ұлы. Соғысты көргендер әлі бар, оның қасіреті естен кеткен жоқ. Бұл соғыста Жеңіске жету ортақ Отан үшін біріге білген 15 одақтас республика халықтарының мықты рухының арқасында мүмкін болды. 

Соғысқа үлес қоспаған қазақ болмады. Әрі майданға қару-жарақ, техника мен азық-түлік өндірген ірі ел Қазақстан еді. Демек, Ұлы Жеңісте қазақтардың орны орасан. Кеше Ресейдің жаңадан сайланған Президенті В.Путин кеңестік армия үшін соғысқа азаматын берген барлық мемлекетке бүгінгі ұрпақ атынан алғысын білдірді.

Бұл соғысты «Ұлы Отан соғысы» дегісі келмейтін әсіреұлтшылдардың әңгімесі өлген адамға «неге өлдің?» дегенмен бірдей. Ары қарай сөз қозғаудың қажеті жоқ. 



Бөлісу: