«Ең дарынды журналист» байқауы

Биыл да қара шаңырақ астында кезекті білім сайысы өтті. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің ғылым және иновация жөніндегі деканның орынбасары доцент Мысаева Қарлыға ханымның бастаумен басталған жарыс, бүгінде кезекті дәстүрге  айналды. Жыл өткен сайын «Ең дарынды журналист» пәндік олимпиада байқауының етегі кеңге жайылып бара жатқандығы тағы бар. Әу баста небәрі 3-4 команда арасында өтілетін бұл сайыс осы күнде үлкен додаға айналды. Неге десеңіз, биылғы тартыс алыс-жақын жерлерден келген 10 топтың арасында болды. Неғұрлым команда көп болса, тартысты сәттердің де көп болатындығы баршаға аяң. Ханның қылығына қырсыға қарсылық танытып, «олимпиада» сөзінің шығуына септігін тигізген Геркулестің қара күшін қалам ұшымен көрсетуге бел байлаған жас журналистер жарыстың алғашқы бөлігінде 100 сұрақтан тұратын тест тапсырды. Ал, екінші бөлім нағыз дода болды десек артық айтпағанымыз. «Ең үздік таныстыру» номинациясы бойынша әр топ өздерін бейнеролик арқылы таныстырып, елге танылды. Мұнда, өзіндік жаңашылдығымен көзге Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінен келген «Назар аудар» командасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің атынан қатысқан «ҚазҰУ қырандары» командасы мен Қостанайдан ат шаптырып келген «Ахмет ұрпақтары» командалары түсті. Олардың креативті жаңашыл ойлары қазылар алқасына ғана емес, көрерменнің көзайымына да айналып үлгерді. «Ең үздік болашақ телерадиожурналист» номинациясы бойынша әр топ тікелей эфирде  теле немесе радио бағдарлама жасап, өз тапқырлықтары мен ұтқырлықтарын танытты.Таңдалған тақырып «Жаңа медианың жетістіктері». Аталмыш, номинация бойынша «ҚазҰУ қырандары» тобының атынан тікелей эфирді жүргізген Қарашаш Есенбай жоғары балға ие болды. Ал, Қарағанды мен Қостанай өңірлерінен келген жігіттер мен қыздардың дауыс қойылымдары көрерменді ерекше ықыласпен назар аудартты. «Ең үздік болашақ фотожурналист» номинациясы кезеңінде әр топ «Қара шаңырақ ҚазҰУ» тақырыбы бойынша суреттер түсіріп, қазылар алқасына презентация ретінде ұсынып көрсетті. Бұл сайысты фотоөнердің шеберіне айналған Асылхан Абдірайым болашақ фотожурналистердің сурет арқылы жеткізген ойыларын жете түсінді. «Ең үздік баспасөз және онлайн журналист» номинациясы бойынша топ мүшелері әлеуметтік желілер арқылы өтіп жатқан байқау барысын халыққа жеткізді. Мұнда ең басты талап неғұрлым сапалы дүние жазып, үш тілге аударып, көптеген сайттар мен блогтарға жария ету. Бұл номинацияны осы саланың майын ішкен қас шеберлер Есенгүл Кәпқызы мен Қуанышбек Қали зейінмен көріп, әр студентті ықыласпен тыңдады. Байқау қорытындысы бойынша 3-ші орынды Қостанайлықтар, сыр өңірінен келген Қызылордалық команда мен Қарағандыдан келген топтар өзара бөлісті. Екінші орынды Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінен келген команда қанжығаға байлады. Ал, «Ең дарынды журналист» пәндік олимпиаданың ең дарынды журналистері атанып, яғни байқаудың жеңімпаздары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен қатысқан «ҚазҰУ қырандары» командасы иеленді. Биылғы жарыстың тағы бір ерекшелігіжүлде алғандардан бөлек, қатысқан әр бір студент құр қол үйге қайтпады. Журналистика факультетінің деканы Әбдіманұлы Өмірханның атына жазылған марапаттау қағазымен, жарысқа демеушілік танытқан азаттық радиосының бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Командаларды жетелеп бағыт-бағдар көрсеткен ұстаздарға алғыс ретінде факультет деканы өз қаржысына әр бір жетекшіге ұялы телефон сыйға тартты. Міне, осылайша білім мен өнерді сабақтастыра білген студенттер байқауы да өз мәресіне жетті. Жүлдегерлерге айтарымыз жүлделеріңіз құтты болсын, елдің игі жақсылықтарына ылғи да жұмсала берсін таланттарыңыз!

                                                                                                                                Гүлжан Серік



Бөлісу: