Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Азаттық" радиосы, "Сұңқар" кәсіподағы және Myprofession.kz сайтының демеушілігімен "Ең дарынды болашақ журналист байқауы" өтуде.
Олимпиадаға республикамыздың түкпір-түкпірінен 9 жоғарғы оқу орнының — Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және «Тұран» университеттерінің командалары қатысуда. Әр топ 3 студенттен құралған.
Байқау 2 турдан тұрады. Алғашқы турда болашақ журналистер «Журналистика» мамандығының оқу жоспарына сәйкес міндетті болып саналатын "Қазақ журналистикасының тарихы", «Журналистикаға кіріспе», «Шетел журналистикасы» және «Тележурналистика» пәндерінен жалпы саны 100 тест сұрағына жауап берді. Берілген уақыт — 2 сағат. Естеріңізге сала кетейік, 1-тур 24 наурызда өткен болатын.
2-тур "Ең үздік фото", "Ең үздік бейнесюжет" және "Ең үздік онлайн жазба" номинациялары бойынша өткізілуде.
Әділқазылар қатарынан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы Медеубек Сағатбек, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Кенжалин Жұмабек, Промо ТВ маманы Сләмбек Мақсат, тележурналист Ерлан Акчалов, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әдірайымұлы сияқты өз саласының үздік мамандары табылды.
«Баптап келген тұлпарлардың ішінен ең күштісі, ең мықтысы анықталатын болады. Мұнда балалардың ізденістері, тапқырлықтары, шеберлігі – барлығы қаралуы тиіс. Осыған қарағанда ешкім жүлдесіз қалмайтын сияқты», - дейді С. Медеубекұлы.
Байқау қорытындысы бүгін, 14.00-де шығады.