Ең бай адам болғыңыз келе ме?

Тегінде ағылшын жазушысы Генри Торо былай деген: «Қайсы бір жақсы кітапты оқып шығып, өз өміріңнің дәуірін ашқан адамдар қаншама!».

Шынымен-ақ кітап адамның жан азығы. Жақсы өмір аңсаған адамға ақша керек, ақшаны біліммен табасың ал білімді кітаптан аласың. Жалпы сіз кітапты қалай оқисыз: сатып алып па әлде кітапханаға барып па?

Кітапхана – кітаптар әлемі. Адамға ерекше атмосфера сыйлайды. Ескі кітаптардың иісі, тыныштық, сөредегі кітаптар сізді өз әлеміне елітпей қоймайды. Алысқа бармай-ақ айтайын, өзіміздің жазушылар, тұлғалар кезінде кітапхана жабылғанша кітап оқып жарысатын болған. Қазір де жастар кітап оқымайды деген түсінік өтірік. Жастар оқиды тек оқыған еңбекті пайдаға асыра алмай жүр.

Кітапты кітапханадан оқудың пайдасы көп. Дегенмен жыртып алудан, жоғалтып алудан қорқып немесе кітапханадағы адамдардың энергиясынан оқуға ыңғайсыздық туындаса сатып алыңыз. Үйіңізде, далада, көшеде, көлікте, жұмыста оқыңыз. Ол әрдайым қасыңызда болады. Кітап – бір күндік не екі күндік емес, үнемі қасыңызда жүру керек құрал.

У.Шекспир: «Кітап маған тақтан да қымбат» деген. Ендеше артылған ақшаңыз болса кітап сатып алыңыз. Үйіңіздің бір бұрышын кітапқа толтырыңыз. Үйге кірген адамның көкірек көзі ашық болса, бірінші сіз жиған кітапқа көз салады. Бұл көрегендік және сіздің беделіңіз. Бірақ жиналып тұрған кітап қаланып тұрған кірпіш емес, кірпіш екеш кірпіштің өзі өз жұмысын адал атқарып тұр, ендеше сіз де кітаптың адал жұмыс жасауына көмек көрсетіңіз. Қалай? Оқыңыз! Парақтаңыз!

Айтпақтай, мен бүгін өзімнен артылған 20 000 теңгеге кітап сатып алдым. Басқасын қайдан, бірақ кітап сатып алғаныңды мақтанышпен жазуға болады екен. Жақын досым өзінің ағасы жайлы мынандай естелік айтып еді: « Бұтына киетін шалбары қалмаған ағам, ескі-құсқы киімін киіп, қалтасында қалған он шақты мың теңгеге үстіне шүберек алудың орнына барып, екі-үш кітап сатып алып келіпті». Кітапқа деген махаббат және адалдық қой.

Кітапқа ақша жұмсаған адам қор болмайды. Қайта жұмсалған қаржыны екі есе өтеп алады. Ол уақытымен келеді. Бір бет оқып, ертең ақшам екі еселенбеді деп отырсаңыз, ақымақсыз. Кітаптың ішінде қазына бар. Бірақ оның қай бетте, қай жолдарда екенін білмейсіз. Табу үшін толық әрі түсініп оқу маңызды.

Енді өзіме келейін. Иә соңғы кездері «Марғұлан әдеби ортадан алыстап, кәсіпке байланысты посттар жазып жүр» деген әңгімені де естідім. Қуанып қалдым.

Бүгін барып сатып алған кітапттарым мыналар:
– Дэн Кеннедидің «Жесткий SMM» выжать из соцсетей максимум.
– Патрик Ренвуазе мен Кристоф Мореннің «Где находится кнопка «Купить» в сознании покупателя?» нейромаркетинг туралы кітап. Кейінгі алған екеуін сыйға тарттым. Ал ертең қолыма алатын кітабым Куаныш Шонбай «Екінші болма» еңбегі.

Мұның бәрін не үшін жазды дейсіз бе, байып бақуатты адам болсаңыз да, ең кедей жарлы болсаңыз да, кім болсаңыз да жаныңыздан табылатын ол – кітап. Оның адалдығы сіз келіп беттерін парақтағанша күтеді. Кітап – ең сабырлы ұстаз дегеннің де жаны бар. Ал ішіндегі ілім сіздің жолыңызды, болашағыңызды айқындап береді.

Қазір жалқауланғанымыз сонша, «кітап алғанша, демалғаным жақсы емес пе» дейсіз. Енді бір қызық айтайын, бір-ақ күн демалған жақсы ма, қайта-қайта демалып тұрған жақсы ма? Қайта-қайта демалып тұрғыңыз келсе, бір күндік ақшаңызға кітап сатып алыңыз. Өзіңізге керегін алып оқыңыз. Уақыты келген кезде том-том кітаптардың әрбір парағы ақшаға айналады. Сол кезде қысылып емес еркін демаласыз.

Жоғарыда аталған кітаптардан алған білімді сіздерге міндетті түрде бөлісемін.

Досым, жүр! Кітап оқиық!


(с) Марғұлан Ақан



Бөлісу: