ЕҢ АТАҚТЫ БАРСАФАН
блог
Джимми Джамп дегеннің кім екенін білесіз бе? Каталонияда сондай адам бар. Ол аса бір талантты, дарынды адам емес. Керемет танымал деп те айта алмаймыз. Ол бар болғаны — спорттың, соның ішінде футболдың нағыз жанкүйері, сонымен бірге ең әйгілі футбол «тентегі», страйкер. 1976 жылы Каталонияда өмірге келіп, сонда тұрып жатыр. Архитектор боп жұмыс жасайды.
Ол жүрген жерінде, әсіресе көпшілік жиналған жерде шоу жасауға құмар. Бұзық болып ешкімді ұрып-соқпайды, ешкімді сабамайды, бірақ көзге түскенді жақсы көретін жаратылысы ерекше жанкүйер. Көбіне матч барысында алаңға жүгіріп шығып, сақшыларды әлекке салады да жүреді. Сүйікті клубы — «Барселона».
— Мен атақты, танымал болу үшін дүниеге келгенмін. Менің мақсатым — жұртты көңілдендіру, басқаларға позитив сыйлау. Кез-келген матч менің кесірімнен тоқтап қалса, мен үшін одан қызықты нәрсе жоқ, — дейді ол өз «хоббиі» жайлы. Бозбала кезінде-ақ талай іс-шараларға билетсіз, рұқсатсыз кіріп кетіп, айналасын қан қақсатқан нағыз тентек, хулиган.
Алғаш мәрте, 2002 жылы «Барселона» футболшысы Абелардо Фернандестің қоштасу матчында алаңға «Барселонаның» туын жамылып, жүгіріп шыққан.
2004 жылғы футболдан Еуропа Чемпионатының финалында Португалия мен Грекия құрамалары кездесті. Матч қызып жатқан кезде осы Джимми Джамп алаңға рұқсатсыз жүгіріп кіріп, қолындағы «Барселонаның» жейдесін Луиш Фигуге қарай лақтырып жіберген. Стадиондағы тәртіп сақшылары жылдам жүгіретін бұзақыны әрең ұстап алған. Бір кездері «Барсадан» «Реалға» өтіп кеткен футболшыға деген наразылығын осылай білдіріпті.
2006 жылғы Чемпиондар Лигасының жартылай финалындағы «Вильярреал» — «Арсенал» кездесуінде де алаңға оқыстан жүгіріп шығып, қолындағы 14-нөмірлі, Анридің аты жазылған «Барселонаның» жейдесін Тьерри Анриге ұсынады. Бұзақының сол тілегі орындалғандай, Арада бір жыл өткен соң Анри «Арсеналдан» «Барселонаға» ауысады да, 14-нөмірлі жейдені киеді. Осы қылығы үшін оған 60 мың еуро айыппұл салынады. Бірақ оны төлеп те жарытпайды, біразын стадионның әкімшілігі қауіпсіздікті нықтай алмағаны үшін төлейді, қалған бөлігін каталондық жанкүйерлер жинап береді.
2007 жылы Афинадағы Чемпиондар Лигасының финалы басталар сәтте Грекияның туын жамылып, «Милан» және «Ливерпуль» футболшыларының жанынан жүгіріп өткен.
2009 жылы теннистен Францияның ашық чемпионатында Роджер Федерердің басына қызыл қалпағын кигізбек болады, бірақ оны сақшылар дер кезінде құрықтайды. Сонысы үшін 12 ай тұрмеде отырып шығады.
2010 жылғы әлем чемпионатының финалы басталар тұста ортада тұрған әлем кубогына қызыл шәпкені кигізек болады. Бірақ үлгере алмайды, сақшылар қолын қайырып әкетеді.
Тізе берсең мысалдар көп. Бұлардан бөлек те талай рет көзге түсіп, әлемдік маңызы бар форумдардың берекесін қашырған. 2010 жылы Еуровидение өткізіліп жатқан сәтте де ортаға жүгіріп шығып, сақшыларды әлекке салған. Телекамералар 15 секунд бойы бұзақыны түсіріп тұрыпты. Одан өзге «Формула-1», регби турнирлерінде де осы әдетін қайталап, өзінің танымалдылығын арттыра түскен.
Оның арманы — Голливуд түсірген фильмдердің бірінің қаһарманы болу және «Оскар» сыйлығын алу. Мұның алғашқысы орындалып қалуы да мүмкін, өйткені, монреалдық жауапкершілігі шектеулі Takeover Films студиясы «Jump! A Dreamer’s Day» атты фильм түсіруді жоспарлапты. Басты кейіпкері осы Джимми Джамп болады деп белгіленіп те қойған.