Ең алғашқы қорқыныш сезімім

Адам болған соң оның бойында қорқыныш, үрей сезімдері болатыны белгілі. Тіпті, Бауыржан Момышұлының өзі бір жазбасында "Ұрысқа кірер алдында үрейленетінмін.  Қорқақтық басқа әңгіме" дегенге саятын естелігін оқып едім.

Сонымен, менің есімде қалған ең бірінші зәре-құтым қалмай қорқуым. Ербол атты өзімізге аталас туыс болып келетін бала екеуміз өзен бойын жағалап ойын қуып кеттік. Өзен деуге де келмейді, бұрынырақта арнасына симай жатқан бұл өзеннің кейпі жылап аққан жылғаны елестететін. Сол жылғаның көпірге (мост) барып тірелетін жеріне жеттік. Көктем мезгілінде, су тасыған кезде көліктер өтуге ыңғайлап жасаған ғой. Әйтпесе, ақсақ адам секіріп өтіп кететіндей жылға. Сол көпірдің екі жағында тұрып алып бір-бірімізге тас атып ойнадық. Бармақтың басындай тастар ғой баяғы. Бір-біріміздің басымызды жарып алармыз деген ой жоқ. Мен көп болса бірінші класта оқимын, Ербол 5 тен енді асқан бала. Ойынның қызығына берілген біз тас жолда тайраңдап келе жатқан трактордың дарылдаған дыбысында естімеген сыңайлымыз.  Тас ататын кезек Ерболдікі болатын(бір бірімізге кезекпен тас атып отырғанбыз). Оның лақтырған тасы маған жетпей жатып шатыр ете қалған дыбыс естілді. Көпір астынан атып шығып не болғанын қарауға алға ұмтылдым. Бір трактор қисалаңдап көпірден ұшып кете жаздады. Жүрегім зу ете қалды. Қазір ана трактор құласа сотталамын деп ойладым. Тас атпауды білмегенмен сотталу жайлы түсінігім бар екен)))) Ерболдардікіне қарай тұра жүгірдім. Ең жақын үй сол үй болатын. Ерболдың өзі көпірдің астына тығылып қалыпты.Жүгіріп келе жатып артыма қарап қоямын. ана трактор түзеліп алды да менің соңымнан тұра қуды.  көпір мен үйдің арақашықтығы 500 метрдей (мүмкін сәл көп те шығар) жер. Тракторға жеткізбейін деген ниетпен шидің арасымен қаштым( балалық-ай десеңізші. МТЗ-80 шиге тіреліп қалар деп ойлаған болармын, әлде ештеңе ойламадым ба екен?). Ерболдардың үйіне де жеттім, тракторда келіп тоқтады. Трактордан түскен кісілер Ерболдың әкесімен амандасып, мән-жайды түсіндіріп жатыр. Біздің ауылдың адамдары екенін шырамытып тұрмын. Содан үшеулеп мені қыспаққа алды. Мен болған оқиғаны айтып бердім. сол екі аралықта Ербол да келіп жетті. Оның не айтқаны есімде жоқ, әкесінің жағынан шапалақпен тартып жібергені ғана есімде. Үлкендер мені ұрудың жөнін таппаған секілді. Осы қорықаны да жетер деп ойласа керек.

ПыСы: Трактордағы ағайынды екі жігіт менің әкеммен, Ерболдың әкесімен қатар оқыған жігіттер екен. Екеуі бірге жүріп бірнеше аварияға түсті одан кейін. Жеке-жеке де аунап алды машиналарымен. Қазір  өзімше "сол кезде көпірден асып кетсе де осы екеуі өлмеуші еді-ау" деп ойлап қоямын.



Бөлісу: