Ең алғашқы...

Ең бірінші келін болып түскен күнім. Құдай-аааууу, торға түскен шымшық құсап, жо-жоқ қасқырлардың ішінде қалған еліктей сезінемін өзімді. Тек жұбайым ғана «кішкене» таныс болған соң, жартылай қасқыр, жартылай елік болып жүр))).  Ол далаға шығып кетсе бітті, жүрегім алып ұшып, таныс емес қабырғалар жанымды жегідей жеп, тұншықтырып жатқандай әсер алдым.   Бәрі мені  бейне бөтенсіп жүрген сияқты.  Туу, мына халаттың ыңғайсызыншы... Өмірі шалбарды тастамай, ардың-гүрдің жүретін менің бостандығымды шектеп тұрған тәрізді. Орамал... міндетті түрде ме?... жарайды ... 

Анама қоңырау шалдым. Тұтқынға түскен жәбірленуші құсап өксіп тұрмын. Мамаааа.... деп алып жылаймын кеп. Келмеске аттанып бара жатқандай. Ол да ар жағынан Айшаааа.... деп жылайды одан бетер жүректі ауыртып. Екі сөзбен бітеді әңгімеміз. Телефонды жасқа малып.

Ең бірінші мәрте енемді «мама» деуім. Бір түрліііі... біресе тәте, біресе мама, біресе әпке деп састым.  Атама «папа, шәйға жүріңіз» десем «мен ба..» деп ол сасып, әйтеуір бір екі апта түсініксіз болып жүрдік.

Ең бірінші шай құйғаным. Трагекомедия. Лықылдатып толтырып, біреуіне қызартып, біреуіне боп-боз етіп....Дір-дір етіп. Емтихан тапсыра алмай отырған бала құсап.

Кешкісін мамаға «қаншада тұрайын» деп сұрайтын едім. Күлкім келеді қазір ойласам. Сөйтсем ол қалжыңдап «4-те» деген екен. Таңғы төртте тұрып алып әрі-бері жүрдім. Әжеміз ұрсып қайта жатқызды. "Таң атпастан неғып жүрсің"- деп

Бірде ұйықтаааап қалыппын. Сағат 7,30 да ояндым. Жүгіріп шығып «Ұйықтап қалыппын, кешіріңіз» деп жылап жіберіппін))).

Таңертен қайынағама сәлем салсам, ол сасқаннан маған сәлем салып қояды. Күлкім кеп далаға шығып кеткенмін.

Қиын қыз балаға, ұясынан ұшқан. Қызға да қыздың ата-анасына да оңай тимесі анық. Ал қазір,8 жыл өткеннен  соң, бәрі түбегейлі өзгерді. Мамамның үйіне барсам "қой, үйіме қайтайын"-деп тұрам, алып-ұшып. Бәрі уақытша екен ғой...

 



Бөлісу: