Ең әдемі аймақ

   Табиғат. Осынау жалғыз ауыз сөздің аясы соншалықты кең. Қоршаған ортамыздағы әсем табиғатты көздің қарашығындай қорап, сақтау – абзал борыш. Сондықтан да бұл тақырып күнделікті өмірімізбен өзектес екенін қайсымыз да жақсы білеміз.

Баршаға белгілі Бурабай және көк айдын, жасыл желекті Қорғалжын қорығы...

Байтақ даланың қақ ортасындағы көкорайдай көркем Бурабайдың көз жауын алар ғажап табиғаты сан алуан кейіптегі жасыл ормандары мен тау-тастары талай аңыз-жырлардың арқауы болған. Расында да, табиғаттың құдіретіне таң-тамаша қалдыратын әйгілі биші қайыңдар небір аңызды тудырмай ма?

Жартастың сан алуан мүсіндері мен ала-құла кейіптері осы жердің сиқырлы жаратылысы туралы ойға жетелемей ме? Суы тапшы осынау өлкеде маржандай шашырап жатқан үлкенді-кішілі айна көлдер табиғаттың ғажап құбылысының кездейсоқ еместігі туралы аңыз бейнелерді алға тартпай ма? Егер Алматы Қазақстанның ең көрікті қаласы екендігі даусыз болса, Бурабай жері Орталық зиядағы ең сұлу қорық аймағы екендігі ешқандай күмән тудырмайды. Оны даланың «інжу-маржаны», «Қазақстанның Швецариясы» деп бекер атамайды.

Бурабай, кіші және үлкен Шабақты, Шортанды көлдерінің, басқа да көлдердің көгілдір айдындарының арасында алаңқайлар, сыңсыған көктеректер, бұталар мен аққайыңдар тоғайлары алма-кезек керіліп жатады. Олар көлдердің дәл жағалауынан көтеріліп шығып, бастарына бұлт қонған биік жартастарға қарай жоғары өрмелеп кетеді. Шындығында да бұл - әр кезеңде көшпелі халыққа құтты қоныс, өсіп-өнген өңір болып келген, қиялға қанат бітіріп, талай аңыз бен ертегіге арқау болған аймақ қой бұл жерлер.

Осы ғажайып жер, оның бай экологиялық ресурсы, аса қуатты қалпына келтіру әлеуеті Бурабайдың даңқын асыра беретініне кәміл сенімдеміз. Көзін тауып ұйымдастыра білсе, Есілдегі Астананың тұрғындары мен Елордағы ағылған қонақтар бос уақыттарын демалыспен, мәдени сауықтырумен өткізетін нағыз өркениетті орын  нақ осы ара болады.

Осы орайда бүкіл Бурабай аумағын және Зеренді ормандары мен көлдерін мемлекеттің қорғауындағы ұлттық парк деп жарияланды.

Ғажайып әсерге бөлер сұлулық саясы – көгілдір Көкшенің тамаша табиғаты өз бояуын әсте жоғалтпақ емес. Жер шоқтығы жыл өткен сайын мың құлпырып, көріктене, әсемдене түсуде. Өйткені, астананың Сарыарқаның кіндігіне келгелі Бурабай төңірегіндегі курорттар мен демалыс орындарына айырықша назар бөлініп отыр.

Балпашсор көлінің балшығы емдік қасиетімен дараланса, Майбалшық көлінің суы «Есентуки», «Арасан» суының құрамымен пара-пар. Ендеше демалыс аймағының болашағы қазіргіден де зор екені аян.

Көкше бауырынан шыққан сақина жол көздің аясындай жарқыраған айна көлді шыр айналып, ілгері тартып келеді. Күннің жаһұт сәулесіне шомылған мөлдір көл беті қалың қарағай нуының ара-арасынан үздіксіз жалт-жұлт етеді. Жол ұзаған сайын көгілдір мұнарға оранған кербез Көкше, тым асқақ, тым сұлу көрінеді....



Бөлісу: