Эльвира Ерғалина: Таныстарым «Менен сұхбат алшы» - деп өтініп жатады.

Сәлеметсіз бе! Қазіргі кезде инстаграм желісінде #Эльвирамен Сұхбат арқылы жұлдыздармен сұхбатыңызбен танылып жүрсіз. Бұл ой сізге қалай келді.

#ЭльвираменСұхбат былтыр 2016 жылы  қателеспесем жаз айында басталды. Тұрсынбек Қабатовтың жары Мөлдір Мұқановамен екеуміз бір жерден қайтып келе жаттық. Ол мені үйге алып барып тастау керек болатын еді. Көлігін жүргізіп келе жатқан кезде мен кедергі келтіріп көрейін, түрлі ситуациялық жағдайларда қайтер екен деп әзілмен ойнап отырып, соткамның алдыңғы камерасымен неше түрлі видеолар түсіре бастадым. Бірнеше уақыттар бойы түрлі құйтырқы сұрақтар қойдым. Сөйтіп отырып үйге де жеттік. Ойнап отырып басталған нәрсе. Сөйтіп, үйге келіп, видеоны қарап отырсам, монтаждасым жап-жақсы дүние шықты 1 минуттық. Алдым да инстаграмға салып қойдым. Оқырмандарым өте жақсы қабылдады. Содан кейін мен неге осындай сұхбат жүргізбеске деп ойладым. Негізі солай басталды.

Біраз танымал адамдардан сұхбат алып үлгердіңіз. Сұхбаттасқан адамдарды бір жерге жазып отырасыз ба?

Сұхбат алған адамдарымды жазып отырмайды екенмін. Сұхбат алатын кезде менде қандайда бір жоспар болмайды. Кейбір тұлғалармен кездейсоқ кездесіп қаламын. Кей тұлғаларға жолығатынымда алдын ала білуім мүмкін. Жиындарда көріп қалсам шамамен мынандай сұрақ қоюға болады екен. Қандай да бір жаңалықтар естіп алсам миыма түртіп ала саламын. Алдын ала дайындалып, сұрағын жазып, тізімін тізіп, машақат қылып жүрмеймін.  Бірақ, соңғы кезде үнемі сөмкемде монопод жүреді. Өйткені моноподсыз телефонды өзім ұстасам, өзімнің томпақ бетім деген одан сайын жалпайып, экранның бетіне сыймай тұрады. (күліп алды) Телефонға жақын өзім тұрамын ғой, ал сұхбат алушым алыстау тұрады.  Сондықтан монопод ұстап жүремін. Ол сұхбаттасушыммен бірге тұрып сөйлесуге мүмкіндік береді.

 

Сұхбат барысында қандай қызықты жайттар орын алып тұрады.

Кейде онша емес жерлерде болып қалуы мүмкін. Кейде ыңғайсыз, шу болып жатады. Ондай кезде алынған сұхбатта сөзімізде есітілмейді, не артымыздағы да керемет емес. Сомен өшіріп тастайтын сұхбаттар болады.  Мұндай жағдайда сұхбат беруші ренжіп жатуы мүмкін. «Менен алған сұхбатты неге шығармадың? Анауда-мынау» - деп.  Кейде сұхбатты берерін беріп алып, «мына сұхбатты алып тасташы» - деп өтінетін адамдар болады. Менің сұрақтарым кейде кішкене ащшылау болып кетеді. Кейде өткірлеу,  біреудің айтқысы келмейтін құпиясына тиісіп қоятын кездерім болады. Жауап беріп алып артынан ойланада да, «соны өшіре салшы, жарияламай-ақ қойшы» - деп өтінетін адамдар болады. Кейбір тұлғалар маған біреулер арқылы шығып, қорқытқан кездер де болды. Жауап беріп алып, «осыдан бір жерге шығып кетсе көресің» - деп араға адам салған адамдар да болды.

Мен көбіне елге еңбегі сіңген үлкен тұлғалардан алуға тырысамын ғой сұхбаттарымды. Одан кейін жәй таныстарым «менен сұхбат алшы» - деп өтініп жатады. Кәдімгідей таныстығын ортаға салғысы келеді. Менің оған қоятын сұрақтарым болмай қалуы мүмкін, оның айтатын жауабы болмай қалуы мүмкін. Сондайда үнсіз қалсам, ол ренжиді. Ортадаға достыққа сызат түсіргісі келеді. Сен мені сыйламадың, менің өтінішімді жасап, сұхбат ала қалмадың деп.

Енді, әрине, талғамға қараймын. Алған 1 минуттық сұхбаттың өзі халыққа қызықты болса екен деп ойлаймын. «Бұл жәй ғана әлеуметтік желі,  жәй интернет, тікелей эфир емес» деп қарағанмен, менің де өз оқырмандарымның алдында жауапкершілік бар. Сондықтан достық қатынас, туыстық қатынас, таныстық, сыйластық деген нәрселерді алға тартқым келмейді. Бұны жәй ғана блогер мен танымалдар арасындағы сұхбат ретінде көрсеткім келеді. Әйтпесе таныстар мен туыстардың бәрін шығара берсең, ешкімге де қызықты болмай қалады ғой.

 

Балалық шағыңыз қайда өтті?

ОҚО Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында туып-өскенмін. Сол ауылда бой жеттім. Сол жақта мектепте оқыдым. Мектепті бітіргеннен кейін, Алматы қаласына әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Алматыда оқып бітірдім.

Шығармашылық адамы екеніңіз көрініп тұр. Қазір немен айналысып жүрсіз.

Иә, жазу, сызу деген нәрседен алыстап кете алмайды екенмін. Жазып үйреніп қалғанмын. Қандай нәрсе болсын, пост болсын, жазба болсын үйреніп қалғанмын жаза беруге. Көбіне жазарымды жазып аламын да, жарияланбай қалып кететін кездер болады. Сондықтан шығармашылық адамы деуге болатын шығар.

Ал, қазір Астана қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасында қызмет атқарып жатырмын. Бұл да шығармашылықпен айналысудың бір түрі. Яғни, Астана қаласында болатын мәдени шаралардың барлығының басы қасында болу, шараларды ұйымдасыра білу де шығармашылыққа жатады деп ойлаймын. Сондықтан мен шығармашылықтан алыстап кеткен жоқпын.

Мінезіңізде еркелік бар екені байқалады. Кішкентай кезіңізде қандай қыз болдыңыз?

Білмеймін, мінез деген әр адамда болады ғой. Мінезім бар. Былай жұмсақ адам болып көрінгенмен, негізі мінезді қызбын. Өздігіммен ешкімге тиіспегеніммен, маған тиіскен адамды аямаймын. Шынында да кәдімгідей ашынып кетемін. Сондай болатынмын. Ал, қазір есейгеннен кейін қоясың ол нәрсенің бәрін, басыласың. Кез келген нәрсеге саралап қарайсың, зерделеп қарайсың. Ал кішкентай кезімде негізінен мен ата-әжемнің тұңғыш немересімін. Солар мені қолына алған. Оларды мама-папа деп өстім. Өз папамды тәте деп өстім. Себебі, біздің жақта ер адамдарға тәте дейді ғой. Мамам мен тәтемнің қолында өстім. Сонымен қатар 4 ағам болды. Туған әкемді де аға деп өскен адаммын.  Солардың арасындағы жалғыз қыз, әрі ең кішкентай қыз болғандықтан ерке болдым. Тәтем (атам) мені еркелетітін. Ол кісі кішкене денелі, қарны бар адам болатын. Мен сол қарнының үстіне мініп алып, «тауға шықтым» деп жатып алатыным есімде. Кішкентай кезімде мені еркелеткендері, үнемі мені арқалап жүретіндері, тіпті мектепке дейін арқалап жүрді ау деймін, мектептен кейін де арқаламаса. Сол нәрселер ауық-ауық есімде.

Ағаларым студент болды. Сникерс, твикс, баунти деген нәрселердің енді шығып жатқан кезі. Ол кәдімгідей «эксклюзив» болып жатқан кез. Сол кездері маған ағаларым қаладан келген сайын, сондай шоколадтарды алып  келетін. Мен оның қағаздарын дүлдірмей ашып, үйде тұрған картинкаларға жабыстырып жинайтынмын. Ағаларымның бәрі еркелетті. Мені «Евон» дейтін. «Евон, Евон» деп жүретін, ылғи. Бірақ, мамам (әжем), өсірген мамам барынша шолжаңдатып қойған жоқ. Мені әбден бейімдеді. Ойнап жатқан жерімнен қуып алып келіп, үйде қамыр илетіп қоятын, қамыр жайғызып, тамақ істетіп қоятын. Мен жылап, қашып, тығылып, әйтеуір өтірік ұйықтаған болып, қашып шықсам да, менің жоқ екенімді байқап қоятын. Мамама ол үшін қазір үлкен рақмет айтамын. Ерке болып, үй тірлігіне мүлде жоқ болып өскеннен гөрі, балалық шағымдағы кейбір тәтті сәттердің өзін құрбандыққа шалып, қолынан іс келетін пысық қыз еткеніне мыңда бір шүкір деймін.

Қолыңыздан бірнеше өнер түрі келеді екен. Оның бәрін қалай үйреніп жүрсіз?

Айттым ғой, атам мен әжемнің қолында өстім. Әжем өзі сондай тазалыққа жаны құмар, тамақтың өзін неше түрін дәмді қылып жасайтын, қолынан іс келетін, киім де тігетін, құрақ та құрайтын, тоқыма да тоқитын, жүн сабап, текемет тоқитын адам болатын. Соның бәрін әжем үйретті. Айттым ғой, «ойнап жүрген жерімнен ұстап алып келіп, жұмыс жасатып қоятын» деп. Тоқымаға да мені баулыған сол. Егер адам бір нәрсені қанша жерден үйреткісі келгенмен,өзі істеген нәрсесін сіңіреді ғой, бала деген. Айтады ғой, балаңа қандай тәрбие бермесең де, бәрібір өзіңе ұқсайды. Алдымен өзіңді тәрбиеле» деп. Менің әжем қолынан іс келген нағыз шебер адам еді. Содан көріп өстім. Кәдімгі қойдың жүнін сабап тұрып, оны бояуды да көрдім. Текеметті басуды да көрдім. Баламыз ғой үстіне секіріп, жүгіріп неше түрлі кедергілер келтіруге тырысып жүретінмін. Бірақ соның бәрін көріп өстім, сіңіріп өстім. Тоқыманы да, құрақты да көрдім.  Маған түрлі көйлектер тігіп беретін. Әйтеуір қолға түскен әдемі матадан маған киімдер тігіп беретін. Кейде бір киімнен басқа киім жасап бере салатын. Соның бәрі есімде, соның бәрін көрдім. Тіпті 10-11 сыныптар кезіне жазғы демалысым босқа өтпесін деп, маған кілем тоқуды үйреткені бар еді. Кішкентай ғана  кілемше тоқып үйрендім. Соның өзіне қиынсынып, жылап, ауырсынып, «ооой» деп әр нәрсені бір сылтауратып жүріп үйрендік қой.

Қазіргі кезде дайын асқа тік қасық болып алдық, бәрі дайын. Түрте саласың, сипай саласың, баса саласың бәрі орнына келе салады. Мен әжемнің  сондай тәрбиесін көргеніме шүкіршілік етемін. Білмеймін, бойымда сондай қазақилықтың қандай да бір бөлшектері жатыр да. Сондықтан да қол өнермен айналысу, тігін тігу, қыз баланың қолынан келетін,  баяғы заманғы қыздардың істеуі керек нәрсесінің біразын, біршамасын сіңіріп өстім. Сондықтан белгілі бір жерден үйрендім, қандай да бір курсты оқыдым дейтіндей нәрсе емес. Менде солардың дәні болды. Өзімнің әжем еккен сол дәнді, өзім ақырындап баптап, күтіп, солай шығардым.  Солай қол өнер саласында өзімді өсірдім десем болады. Ешқандай курсқа барған емеспін. Интернеттен бір көріп алатынмын. Тіпті бір көрген заттың қалай жасалатынын, қалай тігілгенін ұғып тұратынмын. Үйге келіп алып, керек заттарды тауып өзім істейтінмін. Қазір, соңғы кездері қол өнерге кішкене уақытым жетпей жүр. Жұмыс басты болып кеттім. Бірақ, магистратураны бітіріп жатырмын ғой. Осы дисертациямды бітіріп алайын, содан соң міндетті түрде қол өнерді жалғастыратын боламын.

Жаңа өзіңіз айтып өттіңіз «Оңтүстіктің қызымын» деп. Оңтүстік «қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке» деп жатады. Қазіргі кездегі қазақылықты қандай дәрежеде ұстайды? Бүгінгі ұлттық  өнер, салт-дәстүр жайлы жайында не ойлайсыз?

Дін болсын, салт-дәстүр болсын, өнер болсын кез келген адамзаттың игілігіне құралған заңдылықтар, айналадағылардың барлығы заманның ағымына қарай ықшамдалып, икемделіп, соған сай үнемі жаңарып отырады ғой. Сондықтан қазақтың бұрынғыдай салт-дәстүрін сақтаймыз деп қос етек көйлек киіп, басымызға үкілі бөрік тағып жүрген жоқпыз, әшекейлердің барлығын сылдырлатып тағып жүрген жоқпыз, оны білесіздер. Қазір киіз үйде тұру да мүмкін емес. Сондықтан, оның бәрі бүгінгі таңда заманауи, жаңарған, өзгерістерге ұшыраған түрде қайтадан келіп жатыр. Салт-дәстүрлердің бәрін тойымызда бір-бірінен ерекшеленемін, бір-бірінен асып түсемін деген той ұйымдастырушылардың арқасында салт-дәстүріміз жаңғырып, жаңарып, өзгеше түрге еніп, халыққа қайта ұсынылып жатыр. Наурыздың өзін тойлау жылдан-жылға керемет кең ауқым алып келе жатыр. Наурыздан бөлек уақытта да қазақша киім киюге, қандай да бір салт-дәстүрді ұстануға мүмкіндіктер туып жатыр. Сондықтан да мен «қазақ құрып бара жатыр, қазақтың дәстүрі құрып бара жатыр, біттік, жойылдық» - деп байбалам салатын адамдармен келіспес елім. Бұл менің жеке ойым.

 

Сұхбатымызды оқып отырған жастарға тілегіңіз білдірсеңіз. Және де бүгінгі жастарымызға айтқыңыз келетін көкейіңізде жүрген ойларыңыз болса бөліссеңіз.

Жастарға ақыл айтатын, кеңес беретіндей жаста емеспін. Әлі кемшіліктерімнен сабақ алып, енді ғана бой түзеп келе жатқан адаммын ғой. Мен де жаспын, әлі 30-ға толған жоқпын. Сондықтан білмеймін, жастарға ақыл айтатындай дәрежеге жеткен жоқпын. Ол дәрежеге жету үшін әлі қайда оқу керек, көп нәрсені білу, үйрену керек.

Бірақ, білмеймін. Мен бірдеңе десем «өзіңді түзеп алшы» дейтін шығар. Іні-сіңлілеріме айтарым. Маған көп сұрақ қояды. «Мен де журналист болсам, сіз сияқты болғым келеді» деп жататындар бар. 11 сыныпты аяқтап, мамандық таңдайтын сәтте не істерін білмей кеңес алғысы келіп, таңдай алмай жатқанда хат жазатыны бар.

Мен алдымен айтар едім. Алдымен өзін тыңдау керек екен. Шынымен де, неге икемді соған бару керек. Ата-ана баланың қабілетін байқап, үйірмеге берсе ол жақсы. Сол арқылы ары қарай кетеді. Ал, егер оны байқамаса, ата-ананың көмегі болмаса, мұндай сәтте бала өзі көру керек. Әйтеуір бір ана жолға, мына жолға бір ұрынып, тұрып, сүрініп, құлап, қайта тұрып жүріп өзін табады деп ойлаймын. Менде сондай жолдардан өттім десем болады. Менде де қателіктер, сүрінулер, құлдыраулар көп болды. Ең бастысы жігердің мұқалмауы. Ертеңге деген сенім. Менің өзім де енді қалыптасып келе жатырмын. Менде әлі бағындыратын қаншама жолдар бар. Бастысы ештеңеден қорықпай, тәуекел ете білуі керек.

Кезінде мектепте тіл оқымағаныма, бірнеше кітапты жатып алып, кеміре бермегеніме, ондай мүмкіндіктердің бола бермегеніне, қандай да бір өнер үйірмесіне, домбыра тартуды, гитарада ойнауды үйренбегеніме, өнерге өзімді баулымағаныма өкінемін. Бимен де, спортпен де айналыспаппын. Ауылда өстім. Ауылда балаға мүмкіндіктер қайдан болсын. Ата-ана бастысы көз алдымда болса болды дейді ғой. Ал, қазір заман басқа және дамып жатыр. Адам қаласа барлығы бар. Керемет курстар бар. Кез келген кітапханаға барсаң, балаларға арналған кітаптар толып тұр. Дүкендерде ойыншықтың түр-түрі бар. Негізі бала кезімде ойыншықтың жетіспеушілігі шығар. Тәуелсіздікті енді алған кезде өстім ғой. Содан ба білмеймін, ойыншық көрсем отыра қалып ойнағым келеді. Қызық сондай. Арасында пазл болсын, монополия болсын, балалардың ойыншықтары, ермексаздан бірдеңе жасау деген нәрселерді мен ойнағым келсе, расымен де барып сатып аламын. Содан соң әбден құмарым қанғанша ойнаймын. Одан кейін өзімнен кішкентайларға сыйға беремін. Ауылға жіберемін. Ағамның қыздары бар дегендей.

Сол замандастарыма айтарым өмірде бәрін көру керек. Биді де, спортты да, өнерді де және оның бәрін өмір салтына айналдыру керек екен. Тіпті, дұрыс тамақтанудың өзі өнер екен. Соны да үйрену керек. Егер қылт еткен уақыт болса, интернеттен пайдасы бар нәрселерді қарай беру керек екен. Пайдасыз сериал қарап, киноны қайта-қайта көре беріп, болмайтын вирустық видеоны көре берудің қажеті жоқ. Өзіңе пайдалы затты көріп, пайдалы дүниені оқу керек. Білмеймін, өзіме әдет болып кеткен нәрселерді айтып жатқаным ғой. Бұл ақыл емес, кеңес емес. Жәй ғана тәжірибеммен бөлісу.

Замандастарым айып етпесін. Мен кеңес айтатындай деңгейде емеспін. Өзім әлі үйреніп жатырмын. Сондықтан, бұл жәй тәжірибемен бөлісу.

Ашық, қызықты жауап бергеніңізге рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін.

 



Бөлісу: