Елтай КЕМАЛ, режиссер: БОЛАШАҚТА АҚТӨБЕДЕГІ ЖАСТАР ТЕАТРЫНА АЙНАЛАМЫЗ!

-       «Кемал» театр-студиясын ашып жатыр екенсіз... Құтты болсын! Бұл театрды ашудағы мақсатыңыз не?

-       Т.Ахтанов театрында біраз жылдар актер болып істедім, кейіннен режиссер ретінде де қойылымдар  қойып жүрмін. Дегенмен бірде ғаламтордан мынадай мәлімет оқып қалдым. Ол жерде германиялық режиссер кәсіби актерлерден шаршап, әртүрлі мамандықтан труппа жинап алып, эксперимент жасап көрген екен. Сол кісінің бастамасы маған қызық көрінді. Қаламыздағы түрлі шараларды өткізу барысында бірнеше талантты жастармен мерекелік қойылымдар өткізіп, эксперимент жасап жүрдім. Одан бөлек жастардың басын қосып жүрген алдымыздағы аға буын Н.Жақыпбай сынды режиссерлеріміздің жұмысына қызығушылықтарым да осы театрдың негізін қалауыма түрткі болды. Осы тұста, алғаш идеямды құптағаны үшін К.Жұбанов атындағы университеттің ректоры, профессор  Кенжеғали Кенжебаев ағама үлкен алғысымды білдіргім келеді.

-       Жастарды театрға қандай талаптар бойынша қабылдадыңыз?

-       2016 жылдың 9 ақпан күні жүзден аса студенттің ішінен 24 адамды актерлік қабілеттері, өнерге құлшынысы, еңбекке құштарлығына қарай іріктеп алдық. Содан бері сахна тілі, актерлік шеберлік, вокал, хореография салалары бойынша дайындап келеміз.

-       Тұңғыш қойылымдарыңызбен жүлдегер атанып үлгерді деседі...

-       Иә, көктемде әкіміміз Б.Сапарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Балауса» студенттер театрларының фестивалінде дебют көрсете тұрып, «Алғашқы махаббат» (авт.Қ.Жүнісов) спектакльімізбен «Ең үздік режиссура», «Ең үздік актерлік дуэт», «Ең үздік музыкалық көркемдеуші» номинациялары бойынша марапатталдық. Қазылар алқасы біздің балалардың энергетикасына, көздеріндегі жалынға қызығушылықтарын білдіріп, нәтижесінде Еламан, Сенім атты жас актерларымыз Астанадағы өнер университетінің актерлік факультетінде оқуға жолдама алды. Қазір сол жақта оқып жатыр. Мұндай  жаңалықтар болады деп тіпті де ойламаған едік, дегенмен олар біздің бұдан кейін де қанаттанып жұмыс істеуімізге үлкен түрткі болды. Болашақта Ақтөбедегі жастар театрына айналғымыз келеді.

-       Театрды ашудағы түпкі мақсатыңызды әлі де толық түсіне алмай отырмыз. Актерлер ақысын төлеп спектакльге дайындалатын болғандықтан бәрібір кәсіпкерлік жағына басымдық беріп кеткендейсіз. Неліктен, бүгінде театрда істеп жүрген жас кәсіби актерлерді алып «А.И» театры сынды жұмыс істемеске?..

-       Ақылы түрде дегенім, қазір демеушіміздің жоқ болуына байланысты бастапқы кезде ғана қаржылай көмектеспесек, театрдың аяқтан тұрып кетуі қиын. Жинайтын ақшамыз көп емес, тек реквизиттер мен жалға алынған театр ғимаратына ғана төленеді. Ал кейінірек, тіпті актерлердің өзіне айлық төлейтін деңгейге жететін боламыз. Неге театрдағы кәсіби жас актерлерді шақырмайсыз дегенге келер болсам, біздің Т.Ахтанов театрының өзі жас маманға өте зәру!

-       Міне, екінші спектакльдеріңіз «Өмір өзеннің» де премьерасы болып өтті. Дайындықтар қалай жүрді?

-        Балаларға репетицияға келе жатқандағы көңіл-күйінен бастап актер қандай болу керектігіне дейін көрсетіп, үйретіп отырамын. Осы жұмыстардың барлығын қосқанда 2 ай бойы өздерінің сабақтары біткеннен кейін, түстен бастап күнде 5-6 сағаттан дайындалдық. Уақыт өте тығыз болды. Спектакль ойнау тек текст жаттаудан тұрмайды, сондықтан балаларға келе салып әртүрлі жаттығуларды жасаудан бастадық.

Тобымызда қыз балалар да болғаннан соң, ата-аналары алаңдап жатады. Түсінікті жағдай, себебі өзім де қыз тәрбиелеп отырмын. Бірде Анар деген қыздың әкесі театрдағы репетициядан кеш келетінін айтып алаңдаған екен. Мұны естіген соң, ол кісіні театрға репетициямызды көруге шақырдым. Бірақ ол кісі келмеді, себебі менің тәрбием арқылы чипси, кола, донер сынды фаст-футтардан бас тартып, тағы да біраз үлгілі тәрбие көрсете бастаған қызының сөзіне сенімі оянған екен.

-         Неге М.Байджиевтің «Жекпе-жегін» таңдадыңыз? Меніңше, біріншіден, қазақ сахнасында ең көп сахналанған пьеса, екіншіден, кәсібилігі толыспаған жас актерлерге 30-35 жасар кейіпкерлердің махаббатын көрсету қиындау болған сияқты...

-         Бірінші қойылымымызды мектеп жастарының тақырыбы «Алғашқы махаббатқа» арнадық. Сондықтан да актерлерді жаңа бір сатыға көтеру мақсатында М.Баджиевтің дәл осы пьесасын таңдап алдық. Себебі осылай жасамасақ, уақыт өте келе «Король Лир» мен «Шыңғыс ханды» қалай ойнатамын?!

-         Бізде бұрыннан бері қалыптасып келе жатқан бір үрдіс бар. Ол бір режиссер бір пьесаны тауып алса, барлық режиссерлер соны шетінен сахнаға қойып шығады. Сіздіңше бұл режиссерлер ізденісінің төмендігін көрсетпей  ме?

-         Ізденіс жоқ деп айта алмаймын, себебі драма театрында тіпті абсурд бағытында да спектакль қойдым. Кейде басшылық тарапынан арнайы қойылымдарға тапсырмалар түсіп жатады. Мысалы, Орал театры «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» қойып беруімді сұрады, ал мен «Жо-о-оқ, оны бәрі қойып тастаған» деп бас тарта алмаймын ғой. Нағыз режиссер өз трактовкасы бойынша, бір пьесаны әртүрлі етіп қоя білуі керек деп ойлаймын.

Ал, «Өмір өзенге» келер болсам, материалдық және тағы да басқа мүмкіндіктерге байланысты дәл осы пьесаны таңдадым.

-         Минимализм стильінде де қоюға болады ғой...

-         Әрине, киім мен реквизиттер де ең маңыздысы емес қой... Тек біз үшін ең тиімді пьеса осы сияқты көрінді.

-         Т.Ахтанов драма театрындағы жеке шығармашылық жоспарларыңыз қалай болып жатыр?

-         Театрымызға жас режиссерлер келіп жатыр. Ол жігіттерге де жол беру мақсатында шығармашылығымда кішкене үзілістер болды. Ал, 2017 жылы қазақ труппасының 25 жылдық мерейтойына дайындықтар басталады, соған байланысты Ж.Әлмашұлының инсценировакасымен «Нарқыз» қойылымын сахналайтын боламыз.

-         Сұхбатыңызға рахмет! «Кемал» театр-студиясына шығармашылық табыстар тілейміз,  әр басқан қадамдарыңызға сәттілік серік болсын!

 

Сұхбаттасқан

Айдана АЛАМАН



Бөлісу: