Денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан тыс қалмауына соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөліне бастады. Елбасымыз, Н.Ә. Назарбаев, ағымдағы жылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандар жайында: «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер және тұлға ретінде сезінетін болады», - деп көрсеткен болатын.
Бүгінде Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен, «Алматы студенттер Альянсы» КҚ ұйымдастыруымен «Кедергісіз болашақ» жобасы бастау алды. Бұл жоба 14-29 жас аралығындағы денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жастарға қолдау көрсету, білім деңгейін көтеру, денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын ұстана отырып спортқа және қоғаммен кедергісіз қарым-қатынасқа түсуге бейімдеу мақсатында жүзеге асырылып отыр.
«Кедергісіз болашақ» жобасы аясында көру қабілеті зақымдалған жастармен Голбол турнирі өткізудің негізгі мақсаты – денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғаммен етене араласып, белсенді спорт түріне бейімдеу болып табылады.
Голбол – командалық спорт түрі (2 команда), бір командада үш спортшы ішінде арнайы қоңырауы бар доппен ойнайды. Доп лақтырылған кезде шыққан дауысты ести отырып допты өз қақпасына кіргізбеу керек, сәйкесінше қарсылас команда қақпаға допты кіргізу керек. Спорттың бұл түрі 1946 жылдан бастап екінші әлемдік соғыс ардагерлерін сауықтыру мақсатында құрылған болатын. 70 жылдардан бастап Параолимпиада ойындарына кіреді. Голбол көру қабілеті бұзылған жандар арасында өте танымал ойын түрі. Голбол бойынша Еуропа және әлем чемпионаттары өткізіледі. Қазақстанда да бұл спорт түрі енді дамып келеді.