Елордада БАҚ өкілдеріне арналған «Кәсіби шеберлік және журналистика» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
«Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырған бұл шараға еліміздің бірқатар өңірінен келген 30-ға жуық журналистер қатысуда. Екі күнге жоспарланған семинар-тренинг барысында қатысушылар экономикалық журналистика, онлайн медиа, смартфондарды журналистикада тиімді пайдалану, аудио-бейне файлдарды, суреттерді өңдеу, PR жаңалықтары, стильдік ерекшелік бойынша тәжірибе алмасты.
Шараның алғашқы күнінде медиа-тренерлер – жоба менеджері, интернет-маркетолог Нұрлан Жанай және «Сұрақ-Жауап» сайтының негізін қалаушы Ербол Серікбай IT саласындағы білімдерімен бөлісті. Семинар тыңдаушылары теориялық дәріс алумен шектелмей, оны тәжірибе жүзінде жасады. Бес топқа бөлінген журналистер берілген тапсырмаларды аз уақыт ішінде орындауды үйренді.
Шеберлік сыныбының екінші күнінде «Әлеуметтік желілерді қаржы табу мақсатында пайдалану, статистикалық мәліметтер көзі, сайт ашу және оның рейтингін өсіру жолдары, хостинг жасау, онлайн-трансляция, видеотүсірілім жасау сияқты тақырыптарда дәрістер өткізілді.
«Бұл басқосу қазақ журналистерінің кәсіби тұрғыдан шыңдалуына, заманауи медианы тәжірибе жүзінде жетік меңгеруіне мүмкіндік береді. Біздің негізгі мақсатымыз да – осы. Бұл жолда біздің қызметімізге «Шеврон» компаниясы демеушілік жасап отыр. Ақпарат мамандарын мультимедиялық журналистика заманына бейімдеу өте маңызды. Дәлірек айтсақ, журналист өзі суретке түсіріп, қысқа әрі нұсқа ақпарат әзірлеп, сайтқа орналастырып, фоторепортаж жасап, слайд дайындап әмбебап маманға айналуы тиіс» дейді қор президенті Нәзия Жоямергенқызы.