Ұлт мақтанышы Сәкен Сейфуллинің 100 жылдық мерейтойында Жақып Омаров, 110 жылдығында ҚР Еңбегі сіңген қайраткер Болат Ұзақов театр төрінде сахналаған болатын. Ал ақынның 120 жылдық мерейтойына орай осы жылы бұл үлкен іс-шараны ұйымдастыру драматург Қанат Жүнісовке бұйырыпты. Спектакльдің қоюшы- режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков екен.
Қазақ халқының атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматургі, білікті ұстазы, Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған Сәкен Сейфуллиннің тағдыры аласапыран кезеңдермен тұспа-тұс болды. Қоғам қайраткері халқының болашағы жарқын болуын армандап, тәуелсіз өмір сүру үшін күресіп өтті. Бұл қойылым елінің құрметіне ие болған Сәкеннің өмір жолынан сыр шертеді. «Сәкен сұңқар» драмасында Алаш қайраткерінің рөлін – елімізге танымал актер Сырым Қашқабаев сомдады.
Спектакль соңында сөз сөйлеген драматург Қанат Жүнісов: «Бұл спектакль көрерменге жол тартпастан бұрын алдымен академик Тұрсынбек Кәкіш, Әшірбек Сығай және сәкентанушы азаматтардың алдынан өтіп, талқыланып, содан кейін ғана театр төрінде сахналанған болатын» - деді.
Спектакль аяқталғаннан кейін Қанат Жүнісов сөз сөйлеп, көрермендерге және әріптестеріне қадірлі қонағы болғаны үшін әрі қуанышына ортақтасу үшін келгендеріне алғысын білдірді.Академиялық театр басшылығы драматургтың сәтті туындысына шынайы ризашылығын білдіріп,үстіне шапан жауып құрмет көрсетті.
Аталмыш спектакль халықтың ықыласына бөленеді деген ойдамыз. Атам қазақ: "Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық" демей ме, сол себепті елорда тұрғындары мен қонақтары бұл спектакльді Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ Драма театрына барып, сол өткен ғасырға бір саяхат жасап қайтуларына таптырмас мүмкіндік болып тұр. writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/my_videos?o=U","width":"100","height":"100"});