"Елім" соққан жүрегім, егемендігім елдігім.
блог
Қазақстан! Бұл сөзде қаншама жылулық, қаншама іңкәрлік бар. Кіндік қаным тамған жерімнің мен үшін орны бөлек. "Отаным, жерім, елім" үшін қасық қаным қалғанша күресуге даярмын. Себебі, мені әлпештеп өсірген елімнің алдындағы ақ адал парызымды өтеуге міндеттімін. Атам қазақ найзаның ұшымен, білектің күшімен сыртқы жаулардан қорғап, ұрпағына аманаттап қалдырған жерді аялап, мәңгі бақи қорғау біздің, жас өреннің еншісінде. Сонау Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан бастап, қазақ елінің басына қаншама рет қатер төнді, небір сұрапыл сұмдық оқиғаларды бастарынан өткізді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, берекесі қашса да, жаужүрек ата-бабаларымыз қандай да болмасын қиындықтарға тосқауыл бола білген.
"Жер үшін, ел үшін" бәріне көнген, қауіп-қатердің ыстығына да, суығына да төзе білген ұлы рухты бабаларымыздың ерен еңбегі баршамызға үлгі болары һақ. Ресейдің өгей баласындай, патша отарының езгісінде болған еліміз бірнеше ұлт-азаттық көтерілістерін басынан өткізді. Бірақ өр рух, жалынды намыс, мұқалмас қайраттың арқасында барлық қиындықтарды жеңе білді. "Батыр туса — ел ырысы" демекші, жүрегі "елім" деп соққан талай боздақтарымыз өз Отанына шексіз берілгендіктерін талай сындарда, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында да көрсете білді. Жаужүрек батыр Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысындағы ерлігі — жас ұрпаққа ғибрат. Ол "Отан үшін отқа түс, күймейсің" деген ұранмен талай қанды шайқаста "жаным пида" деп қол бастаған. Міне, нағыз "патриоттылық", міне нағыз "сүйіспеншілік"! Осындай қасиетті болашақ ұрпақ тәй-тәй басқан сәтінен сіңірсе, нұр үстіне нұр болар еді.
"Алашорда" өкілдері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы аталарымыз ешқандай тосқауылға қарамай, тәуелсіз мемлекет құру жолында жазықсыз құрбан болды. Қазақ әліпбиін, аумағын бекіту, бір сөзбен айтқанда "Қазақ Мемлекетін" құруда көптеген қиындықтарға тап болса да, соңына дейін күресті. Олардың армандаған бейбіт өмірі біздің еншімізге бұйырып отыр.
Бостандықтың игілігі үшін, артында қалған жас ұрпағы үшін қаншама жас, жалаңаш кеуделерін от жалынына тосты. Осының бәрі ел, ұрпақ игілігі үшін атқарылған болатын. Қазақ деген "батыр халық" деп бекер айтылмағанын тарихтың өзі дәлелдей алады. Өркениетке ұмтылып, құлаш жайған еліміз еліміз сан ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы — тәуелсіздікке қол жеткізді. "Тәуелсіздік" басымызға қонған бағымыз, асыл қазынамыз. "Бақыт құсының" мәңгілікке қонуы, орын тебуі мына бізге байланысты.
Мәңгілік ел болу — ата-бабаларымыздың армандаған, аңсаған асыл мұраты. Ал осы абыройлы арманды іс-жүзінде бізге жүзеге асыру қажет.
"Мәңгілік Ел" жалпы ұлттық стратегиясы бұл Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен еліміздің жаңа кезеңге, жаңа руханиятқа өту баспалдағы. Ең дамыған елдердің қатарына еніп, өзге мемлекеттермен иық тіресер дәрежеге көтерілу үшін әр қазақстандық азаматтың аянбай еңбек етуі шарт. Қазақтың қара топырағында аунап, нанын жеп, бойына барша қазақи құндылықтарды сіңірген, өзге ұлттың өкілі болса да, оның "Қазақстан" деп соққан жүрек жалынын ешкім сөндіре алмас. Осы жерде өз ұлтымыздың кейбір өкілдерінің ұлы балаларының еліне деген сүйіспеншілігінің болмауы көңілді қынжылтады. Неге бұлай? Өз қара басы үшін барлық іске даяр тұлғалардан не қайыр? Сандары аз болса да мұндай жандар күнделікті өмір ағымында кездесіп жатады. "Патриоттық" ол қанмен бірге келетін қасиет емес, бұл еліне деген сүйіспеншілік, пәк, таза махаббат. Қазіргі таңда еліңе деген пейіліңді көрсету үшін қару асынудың қажеті жоқ. Бастысы, ел басына күн туғанда, қандай жағдай болмасын өз жаныңды қиюдан тайынбау.
Әр қазақстандық "нағыз патриот" болса, жері, елі үшін ештеңе қарамай, күресуге әзір болса, міне, бұл жетістік. Өр рухты ұрпақтың ата-баба аманатына деген құрметі. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Бұл — парыз. Бұл — міндет. Бұл — абырой. Егер де, бәріміз қара басымыздың қамымен жан-жаққа бытырап кетсек, "қазақ" деген атымызға қара дақ, түзетілмес сын болары ақиқат.