Еліктеушіліктің де есері бар...
блог
Қазіргі таңда "еліктеушіліктің" белең алып тұрған кезі. Жастар жағы жылтыраған нәрсенің бәріне ұқсап бағам деп әлек. Еліктеудің де естісі бар, есері бар деген.Қаншама жылдан бері қайырымдылықпен айналысып, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, еліне, халқына пайдасын тигізіп жүрген жүректері мейірімге толы жандарға еліктеп, солардың игі істерін қайталап, соларға ұқсауға тырысып бағып жатырса мейлі ғой. Олардың ісіне Алла да, халықта разы болып, қолдап - қолпаштайды. Ондай адамдар жоқ емес бар, бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды. Алайда сән қуып, теріс пиғылдыларға еліктеп адасушылар мен белгілі бір адамға еліктеп, өз өмірін жоғалтушылардың саны күн санап артуда.Әр адам өмірге келген сәттен бастап жеке тұлға, әлемнің қайталанбас бір бөлшегі. Біреуге еліктеп соның көлеңкесінде өмір сүргеннің несі жақсы. Өйткені, сол адамға еліктеймін деп сол адамның түрін, түсін, жүріс - тұрысын, стилін т.б. қайталайды. Алайда қанша тырысса да әр адам - қайталанбас тұлға. Соңында өзі болудан қалып, сол адамның "сәтсіз көшірмесі" ғана болады. Осы жазғаныма Сахар Табар есімді 19 жасар ирандық қыз керемет мысал бола алады. Ол белгілі актриса Анджелина Джолиға ұқсаймын деп, бақандай 50ге тарта пластикалық ота жасатқан. Алайда соңында не адамға, не басқаға ұқсамайтын түсініксіз мақұлық болып қана қалды.
Таңғалуға да болмайды, өйткені қазір пышақ пен иненің күшіне сеніп, пластикалық хирургтердің табалдырығын тоздырып жүргендер жетіп артылады. "Мінсіз" боламын деп, ақшасын да, денсаулығын да босқа құртып жатыр. Бәрінікі бірдей ойлағандарындай болып, сәтті шығып жатырса жақсы ғой. Еліктеу тақырыбына қайта оралайын. Бүгінгі қоғамда нәзік жанды "еркектердің" көбейіп бара жатырғаны құпия емес. Қыздар боянса сөз қылатын қауым, ер - азаматтардың бұлай профессионалды түрде макияж жасайтынына не дейсіздер?
Әрине құптамайсыздар. О заман да, бұ заман еркектің боянып, көйлек кигенін қайдан көрдіңіз?Ер адамның өз - өзіне макияж жасауы әлеуметтік желілерде жаңа тренд. Сол баяғы шетелдіктер ғой бастайтын. Ал соларға қаншама бозбалалар еліктеп, адасып жатыр. Ер бала дүниеге келгенде "Ұрпағымызды жалғастыратын ер - азамат дүниеге келді!", "Ел қорғайтын батыр келді!" деп қуанады емес пе?! Күткен батырлары боянып жүрсе қай ата - ананың болмасын жүректері ауыратыны анық.
Дегенмен, ешкім ешкімнің өміріне араласа алмайды, әркім өз өмірі үшін өзі жауапты. Бірақ, ешкімге еліктемей, өзің болып, өз өміріңді анаң жыламайтындай, әкең ұялмайтындай етіп сүргенге не жетсін!