Еліктеу дұрыс па, бұрыс па?
блог
Қазақты құртқан жалаң еліктеу деп екінің бірі айтып жүргені жасырын емес. Әркім өз күйбең тіршілігімен жүріп бұл төбелі сөздің төркінін білмей, бар қазаққа келген қайғы-қасіретті еліктегіштердің мойнына артып қойғандай. Жалпы, еліктеу дегеніміз не? Еліктеген дұрыс па, бұрыс па? Осы күрмеуі қиын мәселе жайлы сыр шерткенді жөн көріп отырмын. Ғылыми анықтамасы басқалардың мінез-құлқын өзіне көшіру процесі. Қазақшаландырғанда үлгілеу, пір санау, қадір тұту дегенге келеді. Еліктеу- адамзатпен қатар туған, қанына сінген қасиет десем шалыс баспағаным. Сөзіме тұздық ретінде ұрпағы үшін жерұйықты іздеген ата-бабамызды айтсақ болады. Сол сұм заматтада еліктеу болғанын талай тарихшымыз тайға таңба басқандай анықтап, синтездеді. Елінің ертеңі мен бүгіні, халқының көзі мен сөзіне һәм жүрегіне айналған жаратылысынан дара, маңдай алды, айрықша асылдардың санында шек болмаған. Баян сұлу, Жібектей, Төлегендей түлектей махаббат символдары қаншама жастарға демеу де болды, медеу де болды.
Махаббаттың пәктігі мен нәзіктігін, адалдық пен сыйластығын, оның ерекше иірімдерін артық бояусыз жеткізе отырып келешекке айдар тақты. Азуы алты қарыс Алпамыс, ереуіл атқа ер салған Махамбет, жайдың атқан тасындай жарқындаған Бауыржан бабаларымыз болашақ үшін бастарын бәйгеге салып, сүрінбес сара жол салды. Қара қазақты қаз тұрғызған Ыбырай Алтынсариндай, артынан өшпес мұра қалдырған, қаламы жүйрік классик Мұхтар Әуезовтей, артық сөзді қажет етпейтін дана Абайдай асылдың сынықтарын тәңірдің өзі, тарихтың өзі, тағдырдың өзі алаштың иығына артты, жүрегіне жүктеді, тұлғасына табыстады. Бұларға еліктемеген, жолын қуғысы келмеген адам кемде-кем шығар. Қаншама ғасырлар бойы қан-қасап қырғындарды, жүз жылдық жойқын жойылыстарды бастан кешкен, қаймақ- қалқулардан азап шеккен ұлы қазақ даласында кеше еліктегендер бүгін шәкірт болып, жылдан-жылға саны артып отырды. Жоғарыда айтылған алыптарға еліктегендер жаман болған жоқ, олар тек еліктеп қана қоймай, өзіне елді еліктеттіре білді. Еліктеу арқылы бір заттан екінші зат туып отырды. Ал, қазіргі таңдағы ахуал қандай? Еуропамен уланған жастарымыз кімдерге еліктеп жүр? Турасын айтсақ, бүгінгі ұрпақ шет елге еліктейді, шет елді сүйеді, шет елді оқиды, шет елді арман етеді. Осыдан барып, қазақты артқа итеретін, қазақтың ең жаман қасиеті — еліктегіштігі болып шыға келеді. Бұл қалай? Мысалы, әлемде жапондар да біз сияқты өте еліктегіш халық. Бірақ екі ел арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Жапондықтар еліктей отырып, ел мүддесіне нұқсан келтіретін, ұлт дәстүріне қайшы келетін әрекеттерге аяқ баспайды. Мейлінше, отандық дүниелерге еліктегенді дұрыс санайды. Ал, қазекеңдікі еліктеу емес, көшіру. Ол нағыз дәрменсіздіктің дәл өзі. Тіпті қанша шет елдің өнімі болса да, қазақылықтың исі шығып тұруы керек. Ата-дәстүрімізге, мәдениетімізге, дінімізге, ділімізге зияны тимесе, басқалардың үздiк өнерiн үйренiп, өзiнше жол iздеп, сөйтiп жаңа сапалы дүние тудыру – еліктеудің айрықша белгiсi. Бұл барлық елдерде бар үрдiс. Еліктегіш қазақ қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына күйінуі тиіс. Дағдарыс әсер етсе керек, бұл күнде еліктеп, пір санайтын қазақтың саны саусақпен санарлық. Сол себептен, бозбалалар мен жас жеткіншектеріміз Джолиға, Киосакиға, майысқан кәріс жігіттеріне, латын американың бойжеткендеріне аса бір құмарлықпен қарайды. Дегенмен, естен шығармайық, Джолиды Жібекпен, Киосакиды Әуезовпен салыстыруға мүлдем болмайды.
Тоқсан сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, тәуелсіздік алғалы бері уақытты қарап отырсақ, кез-келген салаға жаңа ұрпақ, жаңа толқын, еркін ойлайтын көзқарас келді. Жаңа буынның талпынысы мемлекеттік тәуелсіздік рухында күшейіп келеді. Сенде бір кірпіш дүниеге дей отырып, өз атымызды тарих бетіне алтын әріппен жазайық. Ол өз қолдарыңызда. Сонда сізге де еліктеушілердің бар екеніне көз жеткізесіз. Тегіс жолда сүрінбей, болашаққа дұрыс бағдар беруді өз кредоларыңызға айналдырыңыздар! Жаңа заманға, жаңа ғаламға кешегі Абай, Исатайдай жаңа ойлайтын жандар ауадай қажет. Ең бастысы, еліктеу дегенді дұрыс түсінейік, ағайын.