ЕЛЕУСІЗ ҚАЛЫП ЖҮРМЕСІН...

Эхх-хх, "Журналистика"...  Мына сөз он екі ғана әріптен құралғанымен, мен үшін он екі қырын танытып тұрғандай...

Журналист боламын деп, ҚАЗҰУ-дің қара шаңырағына құрақ ұшып келгенімде, өзіңнен мықтыларды көргенде, тау қопарардай боп келген менің мысымды басқандар да, өзіне бәсекелес санап, қарсылас санатына қосқандар да жоқ емес...

1-курстағыдай емес, қазір...

Ол кезде қолдан жасанды талант жасағандар 2-курсқа келіп, томаға тұйықталды.Ал, былтыр үндемей өзгелердің деңгейлерін  сырттай бақылағандар, биыл өзіндегі барды сездіріп, былтырғылардың аузын айға қаратып жүр...

Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин«Жыл сайын журналистика факультетіне жүз адамның елуі ақын, не болашақ қаламгер болып келсе, 4-курсқа дейін білінеді, кімнің кім екені!Сол кезде, мына жүз адамнан ауыз толтырып айта алатын он адам қалса кәнекей?»,-дейтін...

1-курста тұңғыш осы ағайдың дәрісі болды. «Кәкен» деген есімін естігенімде, мағынасын білмесем де, маған ерекше әсер қалдырды.Алғаш өз ноутбугынан Мұхтар Әуезовтың сыңғыр даусын, Бетховиннің тылсым әуендерін естірткен еді...

Недегенмен, профессор ғой... Қаншама жыл бойы қара шаңырақта дәріс оқып, шыңдалмағандарды шыңдады, білмегенімізді білдірді, ой-түйсігімізді кеңейтті...

Адамның жанарына тесіле қарап, ішіңде болып жатқан алай-дүлей боранды ұғып қояр психолог та осы кісі...

 

Біреулерге бұл ағайдың сабағы соңы жоқ, таусылмайтын, ертегідей көрінеді екен...

Ал, маған таңғы сағат 8:30 – ғы сабаққа ұйқымды әрең ашып, барғанымда, кей студенттер айтып жүрген ағайдың ертегісі, маған ертегі емес, астарлы ақиқаттай көрінеді... «Алаш, Алаш»,-деп қолын сермеп, сөйлеген мына екі сөзі рух беріп, бұғанамды бекітті.Алып шаһардың орталығында қоныс тепкен «Ахмет Байтұрсынов» мұражайының орны бұрын өзгенің меншігіндегі үй болатын...

«Бұл жерде Ахаңның табанының ізі қалды...»,-деп шыр-пыр болып жүгіріп, тер төгіп, табанынан таусылып, еткен ерен еңбегінің арқасында, ол үйдің «Байтұрсынов мұражайы» болуына бірден бір себепкер- Аманқос Мектептегі екенін біреу білсе, біреу білмес...

Ағайдың кезінде, шашы қалың болған шығар)). Ал, қазір орайы ашылып, сиреген ақ шаштарын көріп, «Күлсең кәріге күл»,- деген осыдан қалған шығар деп қоямын)).Бұл сөзіммен ағайды келемеждеп отырғаным жоқ, керісінше, Алаш зиялылары мен қоғам қайраткерлерін айтудан жағы бір талмаған, ізденуден танбаған, сабақ айтар студентті алыстан танып, қанатының астына алып қомдаған, мен үшін бұл ағай БҮГІНГІНІҢ АЛАШ ЗИЯЛЫСЫ ҒОЙ!!!

Басқа басқа, Құдиярбек Ағыбаев ағайдың орны мен үшін қашанда бөлек қой!Қазақтың қой мінезді халық екенін осы кісіге қарап біле аласыз)).Қазақ радиосында біршама жыл талмай еңбек еткен.Ол кезде санды аппаратура деген болмады да... Сөйте тұра, тікелей эфирде «Понарама дня», «Тәулік тынысы» сынды бағдарламаларды жүргізді.Ортамыздағы ең бір сыйлы ұстаз.Кез келген жайтқа байыппен қарайды, тереңіне үңіледі. Ешкімді ренжітпеуге, өкпелетпеуге тырысады.Шәкірттерін үнемі биік тұғырдан көргісі келетінін айтып, ағынан жарылып, біздің тілеуімізді тілейтін алтын адам ғой! Ағайдың әр сөзі мен үшін ғазиз ақыл.Әр сабағында бір дәрісін жібермей тыңдауға тырысатынмын.Себебі, ағай екі қолтығымыздан демеп, шығармашылығымызды шыңдап, құдіретті күш сыйлағандай көрінетін... Жүйелі сөзінің астарында терең ой, пәлсапа жатыр...

Сағатбек Медеубекұлы - бұл ағай маған сабақ берген емес, бірақ, топтас курстастарыма сабағы болғанда, сұранып, 2-3 дәрісін тыңдаған едім...Әдеби тілмен еліктіре сөйлегенде, елігіп, қалай ұйып тыңдағаныңды білмей қалады екенсің...

Өнегесі, ғибраты мол, тынымсыз, ізденімпаз жан...

 

Қойшыбек Мүбарак ағай

Мен «Алаш зиялылары» туралы зерттеп жүрмін деген өтірігімнен кейін, ағай маған үйіп-төгіп тапсырма беретінді шығарды)).Сонымен қатар, Жыраулар поэзиясы мен бүгінгінің прозайктерін көп оқы деп құлағыма құяды да отырады.Кейде, мына түріммен кандидаттық қорғап кетпесем жарар еді деп қоям)).

 Лирик ақын-Мағжан 4 жасында хат таныса, әкем 4 жасымда қолыма Мағжанның кітабын ұстатыпты.Содан болса керек, ақын торығып, жабықса да, тұншықтырып еңсесін мұң басса да  Мағжанды ғана жастанып оқимын.Алайда, Қойшыбек ағай болашақ журналиске бір ғана ақын кітабын оқып, сонымен ғана шектелу өрескел қателікке апарады деп, Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясын берді. Асан Қайғы, Мөңке, Жиембет, Шернияз, Ақтан Керейұлы, Нұрпейіс Байғанин, Жиенғали Тілепбергенов, Тахауи Ахтанов, Сағи Жиенбаев сынды көпке таныс тұлғаларды толық біліп, өлкемнің мақтанышын тануыма жағдай жасады.Мың болғыр! Алланың нұры жаусын!

 

PS:Тағы да айтам, біреу мені "адам қылам" деп, бұйдамнан жетектесе, ол адамға алғыстан басқа айтарым болмас еді.XXI-ғасырдың азаматшасы екенімді, «Алаштың ұрпағы» екенімді ерекше толқыныспен, мөлдір махаббатпен, бойымды кернеген патриоттық сезімімді оятқан бүгінгінің тепсе темір үзер от ауызды, өткір, білімі кемел ағаларымды толғадым...

Қаламымның ысылып, жазуға төселуіме осы ағайлардың мектептегі мұғалімдей «Оқы»,-деп, шекемнен шерт еткізіп, шертіп емес, «АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖАЙЛЫ ОҚЫ, ҚОР БОЛМАЙСЫҢ!»,- деп кітап ұсынатынына не дерсің?!.

СЕНДЕР АМАН ЖҮРІҢДЕР, ӘДЕМІ ӨМІР СҮРІҢДЕР!!! Әзірге осы...                                                                                                                                    



Бөлісу: