Елеусіз қалған жансыз

Елеусіз қалған жансыз

 

Тұрсаңшы, будильнигіңнің өзің жақсы көретін әуенді ойнағалы он минут болды ғой. Кешігесің. Тұр! Тұрмайтының бар неге байқұс телефонды шырылдатасың да қоясың? Қанша айтам: «жалқаулығыңды жеңуге талпын, әрекет қыл, еңбек ет! Нәтижелі болары анық.» Әттең, естімейсің... Тіптен көздеріңді әрең ашасың ғой. Уһ, тәубе, тұрдың ау. Қымбаттым, тезірек киін, әлі жуынып, ас ішуің керек...

         Қысқасы, әрең дегенде күн сәскеге келді. Таныс болыңдар: бұл менің жақын досым. Өзінің аздап жалқаулығы бар. Бірақ ойына алғанды аяқтауға ниетті жан. Сабағы да жақсы. Өзге жандармен де қарым қатынасы жақсы. Ең бастысы иманнан хабары бар. Әттең, әттең...  Нәпсісіне еріп, қу басын сәждеге жыға алмай жүрген жайы бар... Мен шарасызбын.  Ешбір ісіне көмектесе алмаймын. Ақыл айтам, тыңдамайды. Себебі мені естімейді. Тіптен, сезбейді. Анда-санда көз қырын салып тұрады. Қалауымен емес, керек болғандықтан.  Кейде дәл жанды жерімнен аяғымен басып та кетеді, тебеді де... менің еш  жерім ауырмайды. Өйткені сезбеймін.

         Қымбаттым, сен «дос» деген атау алғандардың бәріне сырыңды жайып саласың. Тек мен ғана... елеусіз қаламын. Олармен қалжыңдасасың, бірге ас ішесің, ойнайсың, әңгімелесесің... ал, мен ше? Шын мәнінде, бәрінен де саған ең жақыны тек менмін ғой. Қайда болсын, қашан болсын, сен дүниеге келгеннен бастап, мен сенімен біргемін ғой. Қалай түсінбейсің? Саған жаны ашып, сені түсінетін менен өзге ешкім жоқ. Достарыңның қасыңда күліп жүресің. Және де өмірің қызықты деп көрсеткің келетіндей. Ал, бөлмеңе келіп, еңіреп жылаған кездеріңді менен өзге ешкім көрген емес. Қане, сондай бір жанды атап көрсетші? Жоқ! Атай  алмайсың... себебі, ондай жан жоқ. Ал, мен тек жаным ашып, қарап қана тұра аламын. Қанша жерден қандай жылы сөздер айтып жұбатқым келгенімен, қолымнан келмейді. Өз сөзімді, айқайымды, әңгімемді өзімнен өзге естімейді.

         Жаным, достарыңмен өмірі бірге болмайсың ғой. Тек мен ғана сенімен бірге көрге дейін бірге барамын. Кейде қараңғы жерлерде сенен адасып қалатын кездерім болады. Сондай кездерде қандай қорқатынымды білсең... Жарайды, менің күйім маңызды емес. Жаным, мен сені сезіп, түсінетіндей, сен де ме түсінетін болсаң, өмір бұдан да қызықты болар ма еді? Кім білсін!? Шын мәнінде, сенің қандай жалқау, мейірімді, мақтаншақ, кішіпейіл, қалжыңбас та, сезімтал, күлкілі де, мұңлы екеніңді менен өзге жан аңғармайды да, білмейді.

         Көркемім, шіркін, сен менің  кім әлде не екенімді білсең ғой. Әлбетте, ол орындалмас арманымның  бірі...

         Бірақ бір нәрсені біл: сен жақсы, жаман болсаң да,  мен сені  ешқашан тастамаймын. Сен менің негізімсің, егізімсің, айырылмас сыңарымсың. Қаласаң да, қаламасаң да мен сенен айырылмаймын. Екеуміз бірге жаратылғанбыз, бірге өлеміз де. Өміріміз, тағдырымыз бір. Жүрер жолымыз, көрер мұңымыз, қуынышымыз, тілер тілектеріміз де, арманымыз да бір. Сен менің өмір мәнімсің, сәнімсің, әнімсің. Әлбетте, сен үшін менің маңызым, бар жоғым бәрібір болар. Себебі, мен сенің бар болғаны КӨЛЕҢКЕҢМІН.



Бөлісу: