Еленбей жүрген елеулі тұлға

Еленбей жүрген елеулі тұлға
жеке
блог

Алаш қайраткері, ақын, публицист, сатирик, драматург, қазіргі Қазақстанның білім беру саласына зор еңбек сіңірген, қазақ педагогикасының, методикасының негізін қалаушылардың бірі, педагог Біләл Сүлейүлының ғұмырнамасы көпшілікке белгісіз. Біләл Сүлейұлы ұлтымыздың маңдайына біткен жарық жұлдызы болатын. Тағдыры ауыр, өмірі мехнатқа толы болғанына қарамастан, қазақ жұртына ақтық демі таусылғанша қызмет қылмай қоймады.
Алаш арыстарының бірі Біләлдің шыққан тегі, түп тамыры Орта жүз Найман руынан, Матай зәузатынан. Оның арғы атасы – Майлы. Майлыдан Сүлей, Мұқаш, Жақып, Әукен, ал Сүлейден Біләл, Хамит, Мәжит, Самат, Мүбәрак, Кәбік тараған.
Біләл 1893 жылдың 3 сәуірінде қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты Қапал ауылындағы Баянжүрек тауының баурайында туған. Әкесі Сүлей Майлыұлы заманында оқыған, көзі ашық адам болатын. Сүлей әке Алланың хақ жолымен жүріп, әр мұсылманға парыз етілген 5 парыз істі көзі тірісінде толық өтеп, Мединеде болып, қасиетті Меккеде қажылығын өтеп елге үлкен қажы атанып келген, Николай заманында орта дәулетті кісі болған. Біләл әкесіне қарап өсіп, әкесінен тәлім-тәрбие алып, мұсылманша сауатын ашып өскен. Зерек баланың солайша Ақсу-Қапалға аты шығып, ұлтына дәулетімен қызмет еткен қазақ меценаты, алғашқы роман бәйгесін жариялаған Есенқұл қажы Маманұлының қолдауымен Қарағаштағы Маман әулетінің ұрпақтары ашқан мектепке оқуға түседі.
Мамания мектебі ол кезде Қарағаштағы, қазіргі Жетісудағы тұңғыш ашылған әрі жәдидтік жаңа ілім беру методикасын көрсеткен мектеп еді. Мамания мектебінде жас ғұламаларды оқытушылардың қатарында алды 8 тілді білген Мұстақым Малдыбайұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Барлыбек Сырттанұлы, Есенгелді Мұхаметқали, Файзрахман Жиһангаров секілді ағартушылар болған.
Кейін мектеп бітірісімен Есентай қажы Біләлді Уфадағы  «Ғалия» медресесіне оқуға жібереді. Онда оқудың пайдасын бойына сіңірген Біләл тағы да оқуға ынтығып, Орынбордағы мұғалімдер семинариясында білім жолында ізденісін жалғастырады. Осылайша Біләл діни білімді де, дүние білімін де меңгеріп, білімге жайған екі қанаты тең болып, қазақ халқына қызмет етуге кіріседі.
Білім ізденісімен қызығы мол сол жылдарда жаңадан шығып жатқан «Қазақ» газетінің қара жұмысына жегіліп, қаламгерлік қабілетін шыңдай түседі. Алаш көшбасшылары атанған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлылардың тікелей тәрбиесінде болады, олармен қоян-қолтық араласады.
Ұлт-азаттық соғыс кезінде ұлт ағаларымен қосылып, халықты сабырға шақырады. 1916 жылдың соңына қарай күнбатыс майданына аттанады. Онда оқымаған, сауаты кем, әр аймақтан жиналған азаматтармен өз білімімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп еріктілік қызмет атқарады.
Кейін дипломын алып елге қайтады. Дипломынан көп салаларды жоғары деңгейде меңгергенін байқай аламыз. Дипломында көрсетілген жоғарғы білімін Біләл өмір бойына ұлтының сауатын ашуда жаратты деуімізге толық негіз бар.
Аталған еңбектер Біләл Сүлейұлының қазақ халқы үшін жасаған істерінің шет көрінісі ғана. Елінің елеулі ұлы болған Біләлдің қазаққа жасаған игі істері көп. Дегенмен, қазақ арысының мерейтойлары ескерусіз қалып, лайықты деңгейде өтілмей жүр. Ол аз десеңіз, алаштанушы-зерттеушілердің аясынан бөлек, қара халық, ол тұрмақ мәдениет, ағарту жолында жүрген қайраткерлеріміз Біләл Сүлейұлымен, оның еңбек жолымен мүлдем дерлік таныс емес.