Электронды саудада үлес салмағымыз қанша?
блог
Биыл электронды сауда турасындағы жетістіктерді тану жылы. Осы жобаның авторы ағылшындық Аверин Максин бүгінде әлем бойынша электронды саудамен айналысатындардың көрсеткіші 8 миллионға жеткенін, 2015 жылы бұл көрсеткіш 12 миллионнан асып жығылатынын алға тартады. Жоба авторларының мәліметінше, электронды коммерцияның даму шыңы 2016 жылға қарай тіптен қарқын алатын көрінеді. Сарапшылар «осы жылдар аралығында әлем халқының үштен бірінде электронды дүкендер, карточкалар, қажет десеңіз, электронды құнды қағаздар болады» деседі. Ал біздің Қазақcтанда ше? Электронды бизнес, электронды сауда түрі біздің елімізде қалай дамып келеді?
...Жалпы, электронды сауда түсінігі Қазақстанға 2005 жылдардан бастап ене бастады. Осы жылдары шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын қайсыбір кәсіп иелері шағын электронды дүкендер ашуды, электронды карточкалар арқылы сауда жасауды үйрене бастады. Содан бері бес жылдық межені артқа тастадық. Қазіргі көрсеткішіміз қандай? Бұл реттеқаржыгер Айбар Мұртазин былай дейді:
- Бүгінде электронды сауда мәселесін сауатты меңгеріп отырған елдің бірі Қытай елі. Қытай халқының қазірде 67 пайызы осы электронды дүкендердің қызметіне жүгінеді. Ал Қазақстан халқының 82 пайызы электронды сауданың қалай өрбитінінен хабарсыз. Бізге қазақ елінде тек кәсіпкерлікпен айналысып жүргендердің ғана электронды дүкендері бар екені мәлім. Электронды дүкендерді пайдалануда біздің елдегі көрсеткіш небәрі 8,6 пайызды құрайды. Негізінен біле білгенге электронды сауданың тиімді тұстары мол. Бұл уақыт үнемдеуге, өзіндік ой-өрісті дамытуға, әмияныңыздағы қаржыны ұтымды жұмсауға мүмкіндік береді.
Сөйтіп, «электронды дүкенге барып әмиянымнан мынанша қаржы үнемдеп қалдым дейтін қазақтардың көрсеткіші бізде бар-жоғы 8-ақ пайыздың айналасында.
Негізінен мамандар электронды сауда нарығына бойлап ену үшін мынадай жайттарға баса мән беру керектігін алға тартады: а) Қаржылық жағынан тәуелсіз болған жөн; б) Ақпараттық сауаттылықты меңгеру керек; в) Сондай-ақ интернет кеңістігінен хабардар болған жөн. Міне, осы үш түйткіл шешімін табатын болса, электронды дүкендер ашуға, электронды түрде сауда жасауға, қажетті затыңызға электронды түрде тапсырыс беруге әркімнің құқы бар.
Қаперіңізде жүрсін...
Электронды сауда нарығында үнемі мынадай жайттарды жадыңызда сақтауыңыз керек:
• Электронды карточкадағы құпия кодыңызды ешкімге білдірмегеніңіз жөн.
• Электронды дүкендегі есеп шотыңызға уақытында қаржы салып отырыңыз.
• Электронды түрде сауда жасағанда чек талап етіңіз.
• Егер шетелге шыға қалсаңыз, өзіңіз сауда жасайтын электронды сауда дүкенді хабардар етіңіз. Себебі сіздің электронды дүкенді пайдалану жүйеңіз халықаралық стандартқа сай болмауы да мүмкін.
Бұл әрине, осы қызмет түрін пайдаланушылардың қаперіне...
Ал электрондық сауда нарығынан бейхабар қауымға айтарымыз, «әмияныңызды бір сәт халықаралық стандартқа сәйкестендіріп көріңіз» дейміз. Мүмкін, сонда қаржыңыз үнемделіп, әмияныңыз теңгеге толыға түсер...