Елде сенің жігітің бар, жігітің,
Сенде менің үмітім бар, үмітім.
Оңашада қалған кезде екеуміз,
Деп сұрадың: «жүрегіңнің гүлі кім?»
Бұзылған соң сезімнің тас қамалы,
Сырын шертті, қалмады басқа амалы.
Сұрадың ғой, айтайын, біраз болды,
Гүлді жұлып жүректен тастағалы.
Сен де маған, мен саған сыр ұқтырып,
Өткен күнді еске алдық күліп тұрып.
Неге екені белгісіз, жігітіңді,
Білмегендей боламын біліп тұрып.
Саған келсек, жаздағы шуақтайсың,
Бұлақтайсың, көңілге тұрақтайсың.
Тағы да бір білгенім, жігіттерде,
Жасандылық болғанын ұнатпайсың.
Елде сенің жігітің бар, жігітің,
Сенде менің үмітім бар, үмітім.
Саған ғашық болып қалған шығармын...
Ойлай берем сені тынбай, күні-түн.