Эльдар Серікбаев: «Ән дария» – бұл «алтын» дәуірге тамаша саяхат!
блог
«Еуразия» бірінші арнасындағы «Ән дария» концерттік шоуы үлкен жетістікке жетті. Жоба сахнасына көбінесе мемлекеттік тілде ән орындайтын жұлдыздар шыққанына қарамастан, жоба санаулы айлар ішінде қазақтілдіден басқа да аудиторияның сүйіспеншілігі мен ықыласына ие болды. Бағдарламаны ұлты мен тіліне қарамастан, барлық қазақстандықтар көреді. Нағыз ұлттық телевизиялық өнім қалай жасалды және отандық эстраданың атақты орындаушыларымен бір сахнада тұру қалай – бұл туралы өз әсерлерімен Эльдар Серікбаев бөлісті.
- Эльдар, «Ән дария» жобасына қатысу туралы ұсыныс кімнен түсті?
- Ұсыныс жоба продюсерлерінен, осы мерекені ұйымдастыратын адамдардан келіп түсті. Мені кәдімгі тартысты кастингке шақырды, тіпті видеоға түсірді. Осыдан кейін ұзақ уақыт бойы қоңырау күттім. Әйтеуір қоңырау шалып, мені таңдайтындарын мәлімдегенде, қуанышым қойныма сыймады. Осылайша, түсіру алаңынан бір шықтым.
- Кастингте қандай өнеріңізді көрсеттіңіз?
- Біз сахнадағы іскери тілдесу әдебін көрсеттік. Бізге мәтін берді, соны құбылтып, сөйлеуіміз керек болды. Қалжыңдадық, күлдік. Қатысушы қыз-жігіттер көп болды. Бірінші турдан кейін екіншісі, одан келесісі өтті.
- Сіз кастингке кәсіби жүргізуші болып келдіңіз бе?
- Мүлдем олай емес. Менің мамандығым – экономист және қосымша PR менеджерімін. Шығыс Қазақстанның тумасымын, алайда ұзақ уақыт бойы Алматыда тұрып келем. Телевизия саласына көңілді тапқырлар клубы сияқты ойынның арқасында келдім. Осы ойын маған телевизияға жолдама сыйлады.
- Эльдар, отандық эстрадамен қаншалықты таныссыз? Бұл жұмыс дегенмен әртістерді етене тануды, сахнадағы қай орындаушыны қалжыңға қосуға болатынын, кімді қосуға болмайтынын білуді талап етеді ғой.
- Ол жайлы түсінігім бар. Музыка саласы, сол сияқты event-бизнес саласы мен үшін жаңа сала емес, қазақстандық әртістермен жиі ұшырасамын. Әрине жобаға дейін мек тек теледидардан көрген жандар да бар. Әдетте олар кеңес дәуірінен бастап өнерде жүрген майталмандар. Олар – Қазақстанның үздік әншілері, Қазақ КСР үздік әншілері. Мысалы, мен Лаки Константинович Кесоглумен танысу мәртебесіне ие болдым. Мен үшін бұл кездесудің мәні зор. Дәл осы жерде, «Ән дария» жобасында мен нағыз этноқазақ музыкасының мәнін ұқтым. Кеңес дәуірінде Қазақстанның атын шығарған атақты «Роксанаки» тобын бірі білсе, бірі білмейді. Олардың музыкасы – керемет! Осындай жоба оларды көріп, еске алып, өнерлерімен тағы да тамсануға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, бұл «алтын» дәуірге тамаша саяхат!
- Ал, жалпы алғанда, «Ән дария» сияқты жобалар қазақстандық шоу-бизнестің дамуына ықпал ете ме?
- Әрине. Бұл жобаның артықшылығы неде? Ол біз тыңдап үйренген музыканың ішінен нағыз музыканы екшеп алады. Бұл қандай да бір ұрланған, көшіріп айтқан ән емес. Бұл – өзіміздікі, нағыз саф өнеріміз. Сахнада пайда болатын тірі аңыздар. Әрине, бұл жастарға да серпін береді. Олар жобаға келеді, өз әндерін әкеледі, продюсерлер оларды тыңдап, мақұлдап жатса, олардың жолы болғаны. Себебі, «Еуразия» бірінші арнасының эфирі бәріне бірдей бұйыра бермейді.
- «Еуразия» бірінші арнасының телекөрермендеріне, «Ән дария» бағдарламасының көрермендеріне қандай тілек айтасыз?
- Құрметті телекөрермендер, нағыз музыканы, өзіміздің әндерді тыңдаңыздар! Иә, біз Батыстан, классиктерден ерекшеленеміз, алайда біздің сахнада нағыз музыка өмір сүруде. Баршаңызды «Ән дария» жобасын тамашалауға шақырамын! Бұл – сіздерге арналған жоба!