Қазақ сөзді құдіретті күш деп таныған халық. «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дейтін мақалдардың барлығы сөздің құдіретті күш екенін, сондықтан да сөзге аса жауапкершілікпен қарап, оның төркін түйінін түсіне алатын түйсік болуын талап ететіндігін айтады.
Алайда бүгінде қаншалықты осы сөздің түп төркініне жете сөйлеп жүргеніміз бәрімізге аян. Дегенмен, қазіргі жастар арасында орынды жерде ұтымды сөз айта алатын жастарымыз да жоқ емес. Осы сөздің дәлелі ретінде пікірталас, яғни дебат ойынын ойнап жүрген жастарды атап айтуға болады.
Себебі, дебат ойындары-сөзді «қиыннан қиыстыратын» тіл жүйріктерінің өнер жарысы, сөз сайысы, сөз барымтасы. Себебі, орынды жерде өз ойын дөп басып айта алатын адам қай заманда болмасын өз ортасының айнасы іспетті, өйткені тыңдаушыны өз сөзіне иландыру мақсатында еркін, көркем, әдеби,сөздің тек жауhарларымен сөйлейді.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің тапсыры негізінде «Алем» волонтерлық орталығы» заңды тұлғалар қауымдастығының ұйымдастыруымен қараша айының 15–жұлдызында Астана қаласы Л.Н. Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Елбасының Қазақстан халқына жолдауының негізгі қағидалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру барысында жастар арасында жоспарланған пікірсайыс турнир ойындары өтті.
Турнир барысында өтпелі кезеңде шамамен 50-адам қатысып, нәтижесінде 3 лигадан құралатын 12 команда құрылды. Турнирдің ерекшелігін атап айтсақ: 3 лига 3 түрлі тілде ойын жүргізді, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдері.
Аталмыш іс-шараға зиялы қауым өкілдері, университет жастары, қаланың белсенді жастары мен қоғамдық жастар ұйымдары, жалпы интернет пайдаланушылар қатысты.
Турнирдің негізгі мақсаты:
- Отан тарихын терең білуге, елін, жерін құрметтеуге, саналы болуға, ынтымақтастыққа, бірлікке, ел тарихын білуге, елімізді өркендетуге, білімді ұрпақ болуға үлес қосу.
- Жолдау туралы түсінік бере отырып, пікірсайыс арқылы жолдаудың тармақтарын жан - жақты талқылау, ой бөлісу.
Турнирдің талқыланған тақырыпта:
- Қазақ тілі басты тіл vs Үш тілді мемлекет
- Еліміздегі жастар саясаты. Жетістіктер мен кемшіліктер
Қазіргі қазақ пікірсайысында еліміздің әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелері, қоғамда актуалды болып жатқан тақырыптар жиі талқыланады. Пікірсайыс тек бұл салалармен шектелмеген, жастар саясаты, тіл мәселесі, халықаралық саяси ахуал, мәдениет, тарих және т.б. өзекті тақырыптар талқыланады.