Елбасымыздың қазақша сөйлегеніне таң қалатын жағдайға жетіппіз...

Сәл қолымыз босай қалса, ғаламтор желісіне асығатын немесе телефонға үңіле қалатын әдетіміз бар емес пе? Сол әдетке басып, кеше сабақ оқудың орнына әлеуміттік желі ішін ақтарып отырсам,  "Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО төрінде қазақ тілінде сөйледі" деген жазбаны (пост) байқап қалдым. Тақырыптың астында елбасымыздың Лондонға барған іс-сапары жайлы түсірілген шағын ақпараттық бейнежазба да бар екен. Ішімнен "онда тұрған не бар" деп бір ойладым да, "жұрт не деп жатыр екен" деген оймен жазба астындағы пікірлерге көз жүгірттім. Жұрттың да ойлағаны сол екен. Пікірлер арасындағы ерекше көзге түскені - "Ел басшымыз қазақ тілінде сөйлесе, таң қалатын жағдайға жетіппіз" деп жазылған Абылай Көкімбаев атты әлеуметтік желі қолданушысының бір ауыз сөзі еді. Бұл сөз мені біраз ойландырып тастады.

Адамның ойлау қабілеті - бір керемет құбылыс екен, шіркін. Ұшқыр қиял арқасында бір ойдан басқа бір ой туындап, аздаған уақыт ішінде ғана бірталай нәрсені ой елегінен өткізіп шығады екенбіз. Кейде соның бәрі неден басталғаны да естен шығып кететін кездер болады. Әлеуметтік желідегі әлгі жазбаның авторлары елбасымыздың қазақ тілінде сөйлегенін бейне бір сирек құбылыс секілді көрген бе, әйтеуір, жаңалық ретінде шығарып қойыпты. Олар үшін бұл сонда жаңалық болғаны ғой. Президентіміз қазақша сөйлемейді емес, сөйлейді, керемет сөйлейді. Шет елге шыққанда, бәлкім, білімді, әрі білікті аудармашылардың жоқ болуынан шығар, орыс тілінде сөз сөйлейтін кездері болатыны рас. Оған да түсіністікпен қарау керек. Бұл мәселені болашақта шешуге болады деп кәміл сенемін. Алайда, менің айтайын дегенім ол емес. 

Жалпы біз басқа ұлт өкілдері қазақ тілінде сөйлейтін болса, неге екенін білмеймін, таңырқап, соған мәз боламыз. Біз Ресейге барып орысша сөйлесек, Америка, не Англияға барып ағылшынша сайрасақ, ешкімді таң қалдыра алмаймыз. Ал біз неге басқалар қазақша сөйлеп жатса таң қалуымыз қажет? Жарайды, шет елден ресми сапармен келген қонақтардың жөні бір бөлек. Ортаға шығып, бір ауыз қазақша сөйлеуге тырысып бақса, біздің елге көрсетіп жатқан құрметі деп қабылдауға болады. Мысалы, Назарбаев Университетінде өткен Абай атамыздың 170 жылдығына арналған конференцияда университет ректоры Шигео Катсудың (ұлты - жапон), Түркиядан келген аудармашы ғалымның (атын ұмытып қалдым) бастан аяқ қазақша сөз сөйлегендеріне риза болдым. Ұлы Абайды құрметтеп, Абайдың ана тілінде сөз сөйлегендері дұрыс болды. Ал Қазақстанда туып өскен өзге ұлт баласының қазақша сөйлегеніне таңданудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, олар Қазақстанда туылды, сондықтан мемлекеттік тілді білулері тиіс деп санаймын. 

Ал қазіргі заманда, өзге ұлттар былай тұрсын, қазақтардың өздері 100 пайыз қазақ тілін біле қоймайды. Тілдің шұбарлануы, әсіресе, жастар жағында қатты өріс алған. Ана тілін мүлде білмейтін жастар былай тұрсын, қазақ тілін біле тұра, орысша сөйлеуге тырысатындар бар арамызда. Амандық - саулығымыз орысша, әлеуметтік желілердің бәрі орысша, көретініміз - орысша кино, орысша сериал, бейтаныс біреумен орысша тіл табысамыз, дүкеншімен орысша сөйлесеміз, айта берсек - мысал көп. Ғаламтордағы ақпараттардың басым көпшілігі орыс тілінде және әлеуметтік желілерде бір-бірімізбен орысша тілдесіп, пікір алмасқанды әдетке айналдырып алыппыз. Ара-арасында қазақша пікір жазып жатқан адамдарды байқаймыз, әрине. Бірақ, қате-қате жазылған сөйлемдеріне қарасаңыз, бейне бір сауатсыз адамдар жазған секілді. Әрине, көпке топырақ шашқым келіп отырғаным жоқ. Жастар арасында жүректері елім, жерім, ана тілім деп соғатын азаматтар баршылық, Құдайға шүкір. Солардың саны көбейсе екен. Алайда, басым көпшілік туған тіл тағдырына мән бере қоймайтын секілді. 

Бұнымен айтпағым - не? Қазақ тілінің болашағы жастармен тығыз байланысты деп ойлаймын. Сондықтан, жастар арасында ана тіліміздің мәртебесін көтеру қажет деп есептеймін. Жастар мен жасөспірімдердің өмір сүретін ортасы - әлеуметтік желілер ғой бүгінгі таңда. Сол себепті, әлеуметтік желілерде бір-бірімізбен қазақша сөйлесе бастайық, қазақша пікір бөлісейік. Тілді шұбарламай, әдемі жазу үшін телефонымызға қазақша әріптерді жүктейік. "Телефонымда казакша ариптер жок" деп ақталады кейбіреулер. Сауатты түрде пікір жазып үйренейік, оқыған жұрт "мынау өзі мектепте оқымаған адам ба?" деп ойлап қалмасын. Қолға телефон орнына, бір мезгіл кітап алып оқиық. Тілдік қорымыз ұлғайып, әдеби тілмен сөйлеп үйренеміз сонда. Абайды оқу - әр қазақтың парызы деп есептеймін. Абайдың өсиетін түсіне білген адам бұл өмірде толыққанды адам бола алады. Керек десеңіз, Абайдың өлеңдерін жатқа айтуды ғаламтор ішінде жастар арасындағы үрдіске, яғни "эстафетаға" айналдырып көруге болады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - сауатты, әдеби, таза қазақша сөйлеуді жастар арасындағы сәнге айналдыру керек. Сонда бәлкім, замандастарымыз ана тілімізге толық көңіл бөле бастар. Бұл, әрине, мәселені шешудің бір жолы. Қиялымның ойландырып - ойландырып, алып келген жері осы болды да.  Әйтеуір, болашақта қазақтың қазақша сөйлегеніне таң қалып жүрмесек болғаны... 

Өз ұсыныстарыңыз болса, бөлісе отырыңыздар. Сөз соңында Қадыр Мырза-әлінің шумағын бір қайталап өткім келеді. 

Ана тілің - арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! 



Бөлісу: