Сәуірдің 20-күні Алматы облысы Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында халық пен Елбасының ашық аспан астындағы кездесуіне орай салтанатты форум өтті. Форум Елбасының туған өлкесіне келуі, сайлау алдындағы өз пікірін білдіруі мақсатында құрылды деуге болады.
Осыдан бір ай бұрын Қаскелең қаласының және айналасының жолдары қайта жөнделді, көшелерде жаппай сенбіліктер ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметкердер кәрі-жасына қарамастан жұмысқа жұмылдырылды. Бұл мемлекетіміздің президенті – Нұрсұлтан Әбішұлының келуіне дайындықтың басы еді. Орталық көшелердегі, нақтырақ айтқанда Абылай хан көшесінің әкімшілік тұсындағы бөлігін жабылып салтанатты іс шараға дайындады. Жол бойындағы сұрықсыз үйшіктерді бұзып, артық жарнама, басқа да көзге оғаш көрінетін барлық орынсыз нәрселерді алып тастады. Тіпті 5-6 ағашы бар парктің орнына екі аптада ескерткіш орнатылды...
Сонымен не керек, кездесу алдындағы апта жанталасқа толы болды. Орталық алаңға 5000-ға жуық халық шараға қатысып, көрермен болуға дайындалды. Таңғы 6-дан бастап тіркеу бойынша тексерістен кезекпен өткенді айтпағанда өте қатаң тәртіп орнатылды. Әр қимыл мен сөз жатталды. Мектеп, мемлекеттік мекеме, ауруханалардың қызметкерлері түгелдей орталық алаңға келіп бас режиссердің айтқандарын мүлт еткізбей орындады. «Нұрсұлтан, Қазақстан» деген ұраннан бастап, көрермендердің кезекпен тұрып толқын жасауы, тулардың көтерілуі, бәріне бірдей түсте киім таратылуы да назардан тыс қалмады. Президенттің құрметіне ұйымдастырылған «Ауылым – алтын бесігім» атты концерттік бағдарлама ерекше екпінмен дайындалды. Бағдарламаға биші, ұлттық музыкалық аспаптарда ойнайтын 150-ге тарта өнер иелері және «Алашұлы», «Rin’Go», «Жерұйық», «Melo’Men» сынды эстрадалық әнші топтар мен Ардақ Балажанова, Мәдина Садуақасовалар қатысты. Салтанатты шара президенттің келіп, ел алдында сөйлеуінен басталды. Елбасы жеткен жетістіктерімізді, алда жоспарланған мәселелерді, сайлаудан жеңіске жеткен жағдайда басталған істің жалғасын табатынын баяндады. Артынша елбасы өз шатырына отырған соң сахна төрінде ассамблея мүшелері қазақ халқының, тәуелсіз елдің жеткен жетістігінен көрі елбасының ғана істеген әрекеттерін тәлге тиек етіп, өз лебіздерін білдірді. Барлық Қарасай ауданы, алыс жақын Балқаш, Талдықорған өңірлерінен келген барлық жұрт тек бірінші президентімізге дауыс беретінін уәде етті.
Концерттік бағдарлама басталды, сөз сөйленді, уәде берілді, бірақ әлі мемлекеттік әнұран айтылмады. Алаңда ән орындалғанда сахнаға сарбаздар көтеріп шығатын 70-тей астам тудан бөлек 200-дей үлкен ту мен 4000-дай кішкентай тулар желбіреп тұрды. Сонда бір жерде екі мемлекетік рәміз болмайды ма деген түсініксіз ойда болдық.
Әрі қарай, сахна төріне әр ұлттың ұлттық биін билейтін ансамбль шықты, артынша төрт халық әні орындалды. «Алашұлы» мен «Rin’Go» тобы қосылып «Отан» әнін шырқатты. Ән барысында 70-тей сарбаз көк байрағымызды көтеріп, салтанатты жүріс жасады. Ән Арман Дүйсеновке тапсырыспен жаздырылған екен. Шынымен де рухты, әсерлі. Әсіресе 7 жігіттің орындауы тамаша болды. Қайырмасында «Сүйіне барсын достарың, Күйіне берсін қастарың, Жасай бер мәңгі Отаным, Жасай бер мәңгі Қазақстаным!» , - деген жолдар кездеседі. Концерттің бел ортасына келді. Бірақ әнұран әлі орындалмады. Мысалға, біздің оқу орнымыз - Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетте әр дүйсенбі және мерекелік күндері орталыққа музыкалық аппараттар қойылып әнұран айтылады. Қаскелең әкімдігі ондай шарадан хабарсыз ау, әлде... Кімге сын айтарымыз да белгісіз...
Бір уақытта дүрілдетіп ғарыш кемесінен не әскери ұшақтан түскен ұшқыштар сияқты бір сапқа тізілген әдемі адымдармен алға қарай атыла шыққан 8 жігітте көзіміз түсті. Ол «Мelo’Men» және әнге қосылатын Жерұйық, Құлансаз дуэттері екен. Әннің аты – «Менің Елбасым». Сөзін Махаббат Бигелдиев әнін Бауыржан Исабаев жазған. Қайырмасы: «Менің Елбасым, менің Елбасым! Ел бақыты – Нұр ағаны Тәңір қолдасын! Нұр ағам салған Нұрлы жолменен, Қазақстан көкке самғасын!», - деген сөздерден құралған. Ән шынымен де Елбасына деген керемет махаббатпен не керемет жағымпаздықпен жазылған шығар, бәрімізге әсер етті, яғни еңбекпен дүниеге келген болуы керек. Артынша жүргізуші актер Сырым мен әнші Ақкенже Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс білдіріп, Елбасымыз шатыр астында екі қатарда отырған жақындарымен қоштасып қызыл кілем үстімен көлігіне жол тартты. Сонымен не керек, біз күткен әнұран ақыры орынладмады. Елдегі барлық Ресми шаралар әнұранмен басталатын сияқты еді, бұл жолғы салтанаттың гимні «Менің Елбасым» атты ән болғандай. Себебі таңғы 7-де алаңға жиналған халыққа бір-бір жапырақ қағазға сол әннің қайырмасы жазылып таратылған, сахнада айтылғанда жатқа қосылып шырқаулары шарт екен. Осылайша бәріміз бір ауыздан айтқан ән «Менің елім, менің елім» емес, «Менің Елбасым, менің Елбасым» болды. Тек арадағы айырмашылық сол күнгі ұран әнде қолды жүрекке қоюды міндеттемеді.
20 сәуірде Қаскелеңнің орталығында болған оқиғаларды әкімдік мәселесі, жиналған жұрт, концертке дайындық, сахна артындағы әртістердің күйі, режисерлік топ, тексеріс, қорғаныс тағы басқа бағыттарда өте көп ақпарат жазып, мәселе қозғауға болады. Айтар әңгіме көп. Бірақ басқы екі күндік дайындық пен 20-сы күні мемлекеттік ұран әніміздің назардан тыс қалуы көкейде тұрып қалды. Шынында, әнұран айтылмаған дұрыс болды ма, әлде бар халық пен мемлекет басшысы бірігіп, орындарынан тұрып, оң қолдарын жүрек тұсына қойып қазақ тілінде, бірақ барлық 130-дан астам ұлтқа ортақ әнұранымыздың шырқалғаны дұрыс па еді?!