Еларалық алтын көпір

Еларалық  алтын көпір
жеке
блог

Кешегі күн мен үшін өте маңызды болды. Көптен күтіп жүрген «Ақтастағы Ахико» қойылымын көріп, ерекше тебіреніспен қайттым. Шыны керек, спектакль тақырыбы маған қызықты болып көрінді. Атауына қарай Ахиконың тағдырын негізге ала отырып, көрерменге қандай да бір ой тастайтын болуы керек деп болжап келгем. Үмітім алдамапты.

Керемет туынды. Сөз жоқ. Жан дүниемді алай-дүлейге түсіріп, жанарымнан еріксіз жас тамызды. Алған әсерімнен әлі арыла алар емеспін. Әлі де жүрегім шымырлап, спектакльдегі сан  түрлі көріністер ойымнан кетер емес.

Пьеса шынайы өмірде болған оқиғаларға негізделетінін айтпасқа болмас. Трагедия Хонто портында дүниеге келіп, біздің елде өзінің екінші отанын тапқан – жапондық Ахико Тецуроның қиын да қатал өмір жолы  баяндалды.

Қойылымға арқау болған Ахиконың ауыр тағдыры – аумалы-төкпелі жылдарда елімізге қоныс аударған, айдалып, одан қала берді  жазықсыз сотталып кеткен мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры. Ахико образы арқылы, зұлмат жылдардағы, КАРЛАГ түрмесіне түсіп, азаптанса да өзінің адами бейнесін сақтап қалған рухы биік, жігері мықты жандардың жиынтық бейнесі жасалған. Мұнда ізгілік пен зұлымдық, ақ пен қара айқасқан өмірдің шынайы бейнесі суреттеледі. Қазақ халқының қонақжайлығы, кең мінезі мен бауырмалдығы да қойылымның өн бойынан табылады.

Шымыл­дық ашылған сәттен-ақ спектакльдің декорациясы екі халықтың арасын жалғаған алтын көпірдей бірден көзіме оттай басылғаны рас. Жапон халқының символы іспеттес сакура ағашы мен бұтақтарына ақ шүберек байланған қарағаш өзара үйлесім тауып, екі халықтың мәдениетінен сыр шерткендей көрінді.

Күншығыс елінің дәс­түр мен салты негізіндегі көңілді музыка баршамызды жапон әлеміне сапар шеккендей әсер сыйлады. Одан кейінгі тер­геу залы мен тұтқындар камерасының сахналық сценаграфиясы қойылымның ары қарай күңгірттене түсетінен хабар бергендей. Бұл қоюшы суретші К.Құрманбекованың шеберлігін аңғартады.

Бас кейіпкердің:  "Мен 10 жылдан кейін, түрмеден шықтым. Өліге де ұқсамаймын, тіріге де ұқсамаймын. Ол кезде жасым 25 те еді. Ал, салмағым 24 кг" деген сөздері жүрегімді елжіретті. Осыдан-ақ, Ахиконың қандай күйде болғанын түсінуге болады...  

Ахико образын алып шығу ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Дулыға Ақмолдаға бұйырыпты. Кейіпкер өз актерін тапқан екен. Әртістің кейіпкер бейнесін ашу бағытында тер төккені көрініп тұр, жаңаша ізденіс байқалады. Ал, ана рөлін сомдаған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал актриса Данагүл Темірсұлтанова көпшіліктің көзіне жас үйіріп, өз рөлін сендіре орындады.

Шығармадан тарихи шындықтың қасіретті парақтарын сахна арқылы, қуғындауды көзімен көрген саяси-тарихи тәжірибе, біздің тілімізде КАРЛАГ құрбанының тағдыры арқылы тағы бір мәрте парықтап шыққандай болдық.

P.S. Карлаг лагерінің өзі бір тариx. Тариxты айтып жеткізу мүмкін емес. Дегенмен, өткен күннің әр кезеңін жаныңызбен сезініп, бүгінгі күнге деген кейбір ойларыңыз бен көзқарастарыңызды қайта қарауға әбден болады… Ол үшін сан ғасырлық тарихтың тірі куәгерінің өмір жолына үңілдіретін «Ақтастағы Ахико» деректі драмасына келсеңіз болғаны.

Драматург Мадина Омарова жазып, режиссер Асхат Маемиров сахналайтын жүрегі қазақ деп соққан жанды бей-жай қалдырмайды. Ұлт көшбасшыларының ерлігі бойдағы патриоттық сезімді оятатыны анық. Қазақтарға сіңісті болып кеткен жапон баласының қилы тағдырын қазақ зиялыларымен ұштастыра бейнелеген туынды кез келгеннің жүрегіне жол табары сөзсіз.

 Қойылымнан соң бүгінгі күніңізге шүкір етіп, бар бақыт, кешер қуаныш, көрер қызығыңыз азаттығыңыз екеніне көз жеткізіп қайтасыз. Бәлкім, сіз азаттыққа Ахиконың не қатысы бар деп отырған отырған боларсыз... Бұл екі ұғым өте тығыз байланысты...  Естіген әрине,  бір бөлек. Ал, көзбен көріп, жүрекпен сезіну бір басқа. Сондықтан, театрға қарай асығыңыз, құрметті оқырман!

                                                                 Назира БУРХАНОВА