Балалардың футболын дамыту – Қазақстан спортының әлемдік аренадағы жарқын болашағына жол ашатыны сөзсіз. Ал соңғы нәтижелерге қарайтын болсақ, бұл бағытта жұмыс сәтті өткізіліп жатыр деп айтуға толықтай негіз бар. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын қарағандылық Қазбек Тұяқов «Реал Мадридтің» сынағынан өтіп қайтқан болатын. Балғын футболшы испандық төрт бапкердің бақылауында жаттығуымен қоса, өзінің жеке жаттығуын да көрсеткен болатын. Осындай дайындықтардың бірінде Қазбекке гол соғу бақыты да бұйырған екен.
Испан бапкерлері дриблингіне жақсы баға бергенімен, әлемнің үздік базаларының бірінде жаттығу мүмкіндігіне бұл жеткіліксіз болып шықты. Есесіне, біздің оғлан өз құрдастарының ішінде ең талантты аяқдопшылардың бірі екендігін дәлелдеп берді. Дәл сол жылы тағы бір отандасымыз сынаққа аттанған болатын. 2010 жылдан бері - республикамыздың ең мықты спорт мектептерінің бірі - «Локомотив-Юниорда» жаттығып жүрген Мирас Бостановты U.G.A Lyon өз деңгейін көрсету үшін Францияға шақырған болатын. Нәтижесінде Мирас осы мемлекетте өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Қазір команда лидерлерінің бірі ғана бола қоймай, бір маусымда 21 гол салып үздік сұрмерген атағына ие болды.
Өз жас категориясындағы ең мықты футболшы. Ең қызығы, өзінен 2-3 жас үлкен жігіттермен қатарласып ойнайды. «Боруссия», «Хоффенхайм» сынды неміс клубтары қызығушылық танытқан екен. Мирастың болашағы жайлы нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Францияда тағы бір қазақ футболының тәрбиеленушісі Саид Эмал да жаттығып жүр. Өкінішке орай, Францияда өткізген маусымы тізе жарақатын алғандықтан сәтсіз болды. Соған қарамастан, келесі маусымды Англияда, «Шеффилд» сапында өткізеді.
Сәуірде Саид «Манчестер Юнайтед» пен «Манчестер Ситиге» тағылымдамадан өтуге баруы мүмкін. 10 жасар Айдын Эфенди де «Sporting Portugal» академиясында дайындалып жүр. Ол сәтті сынақтан кейін мүмкін болған болатын. Жалпы, «Локомотив-Юниор» мектебінің шәкірттері болашағынан зор үміт күттіреді. Мысалы, он жасар Сержан Айтжановқа бельгиялық «Генк» пен «Стандард» келісімшарт ұсынуда. 2004 жылы туылған балғын футболшылар арасында да болашақта мықты аяқдопшы болады дерлік балалар бар.
Бұл тізімде Алдияр Жұмашов, Айбар Аталықов, Радион Сарсенбаев, Алан Люка, Алихан Тоқтаров аталады. Егер жоғарыда аталған жігіттер дәл осындай қарқында жалғастыра беретін болса, еліміздің футболының болашағы сенімді қолда деп ойлауға болады. Әлемнің үздік академияларында жаттығып жүрген оғландар Қазақстан құрамасы сапында елімізге әлі талай жеңістер сыйлайды деп үміттенеміз. Бразиялияда жаттығып жүрген бір топ жасөспірімді де ұмытпаған жөн.