ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ...
Балалық шағым бақытты,
Тоқтатар ма екен уақытты
Айырбастамас едім мен,
Берсе де алтын - жақұтты.
Тақырыпты өлеңге алғаш қалам сермеген тұста жарық көрген бір ғана шумақ өлеңіммен бастағанды жөн көрдім.
«Балалық шақ»... Еш алаңсыз, уайым – қайғысыз, былдырлап ойнап жүрген кішкентай ғана періште бала елестейді көзімізге. «Балалығың – бақытың»,- дейді емес пе? Иә, шындығында да өміріңнің ең бақытты, көз қызығар түрлі – түсті бояуларға толы тұсы – балалық шағың екен. Алла тағала әлемдегі әр адамға әр түрлі тағдыр сыйға тартқан. Бірінің өмірін «не жеймін, не ішемін?» дегізбестен, алды – артын ойластырмастай болса, енді бірін үнемі қыйналу үстінде жүрсе де, сынағына көп ұшыратады. Балдай тәтті нәресте тағдырының болашақта ненің күтіп тұрары тек ең алдымен жаратқан құзырында болса, одан кейін, әрине, ата- анасына байланысты деген ойдамын. Расыменде, қазір не көп, тастанды бала көп. Соларға қарап, терең ойға шомылып кетемін. Шырмалып жатқан сұрақтардан арыла алмай келемін әлі күнге. «Тағдырдың қатаң сынына ұшырайтындай не жазды екен?»,- деп күйінемін ішімнен. Тастанды балаларды былай қойғанда, ата –анасының жылы сөздеріне бөленіп, еркелеп өскен балалардың кейбір наздарын мүлдем түсіне алмаймын. Олардың санасы бойынша, сені бақытты қылатын от басыңның амандығы емес, дүкеннің сөрелерінде толып тұрған көздің жауын аларлықтай қытайдың ойыншықтары.
« Балалық шағы, патшаның тағы » деген ата сөзінің мәні күшін жойғандай...
Балалық шақты өмірдің бақытына теңеп, бар асылын балалықтан көре алатынын жеткізіп,
Бақыт деген – сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің
Бақытын да, басқасын да білмеуің,
Бақытсыз-ақ ойнағаның – күлгенің, - деп М.Мақатаев жырлағандай, балалық шақ әр адамның жадында тәтті қылық, адалдық, пәктік пен шат – шадыман сәттерімен ыстық, сонысымен құнды да. Иә, расында да, бақытты – бал дәурен балалықсыз, балалықты – бақытсыз елестетіп, жырламаған жан жоқ шығар, сірә. Алайда, бір орында тоқтамай, ағынды судай сарқырап, сәт сайын өзгеріп тұрған «заманның талабы» деген дүниенің барын естен шығармағанымыз абзал. Қоғамда белең алар жан түршіктірер іс пен сұрқия ойлар санамызды тұмшалап, көр соқыр ете түсуде. Періште сәби жайлы сөз туар болса, жетімдер үйінде көздері мөлдір жасқа толы бейкүнә жан иелерін айтып қана қоюшы еді, әлеумет. Ал, қазір ше? Күннен күнге жағаңды ұстатар жай белең алу үстінде.
«Өз ұлың өзекке тепсең де, кетпес» деген халық даналығының көлеңкесі де көрінбей барады. Ананың аялы алақанын, ыстық лебізін сезінгісі келеді емес пе, әр баланың. Қолдан келер мүмкіндікті ұсынбай, жүрегі тасқа айналған қатігез Аналарға таңым бар. Өзегін жарған сәбиді қиып, жетімдер үйіне өткізсе жөн-ау, көшенің жиегіне қоқыстай қылып, қорапқа салып кеткені, көліктің терезесінен сыртқа лақтырғаны қай сасқаны? деп күйінгені сөзсіз, көпшіліктің.
Біразда ғана шу болған бала сату мәселесі бұның қасында түк болмай қалған секілді. Сақылдаған сары аязда, бұғанасы бекімеген шақалақты үсіктің шалғанын тамашалағанша, нәресте қадірін білетін, бала сүюге, сыңғырлаған күлкісін естіп, мейірлене иіскеуге зар болып жүрген көп отбасының бірінің қолына табыстағаны әлде қайда игі іс еді...
Қатігез жан қылығын қаралап, өзгелерден алалаудан аулақпыз. Өмірлік өкінішке айналар бұл іске себепкер жанды іздейміз дегенше, таяқтың ұшы тағы да келіп, тағдыр атты, заман атты үлкен мәселеге тірелгенін байқаймыз. Қоғамдық пікір саралау барысында, «Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы» деген шындық сөз көзіме оттай басылды. Заманауи әлеуметтік желінің құлына айналып барамыз. Ғаламтор арбауына түсіп, бейтаныс жанның жүрек толқытар, сырлы сезімге толы сөздеріне алданып, намысын жоғалтқан жанның «елдің өсегі» деген пәледен қашып құтылудың, тығырықтан шығудың жалғыз жолы осы деп тапқандығына ұқсайды, бұл жағдай. Оған себеп, лас іске тұрмыс құрмаған, тіпті кәмелеттік жасы жоқ, мектеп жасындағы қара көз аруларымыздың ұрынуы.
«Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю»,- деп кемеңгерлігімен ақылын айтып жеткізе білген, Ұлылығымен Ұлы елді ұйытқан қазақ атты халықпыз. Алайда, ата сөзін ұстанар ескінің көзі, асылдың сынығы жоқтың қасы, саусақпен санап алар қасіретті хәлге жеттік.
Көгілдір экран арғы жағынан тамашалайтын сан қилы бағдарламаларға өзекті мәселе болған іс - «қанішер, жауыз - Аналар» деген атау алып үлгерді. Шындығында да, ананың қатігездігі ма деп қаласың. Алайда, біреуді біреу мақтаса, жақсылығын асырып, даттар болса кері қылығын еселеп айтып, табалай жөнелетін кері қылыққа иеміз. Қайталау да бар бізде... Елдің істегенін байқап көремін деп, опық жеп, бейкүнә періште обалына қалып, өмірлік қара дақты өз қолымен жұқтырғандар қаншама...
«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дейді емес пе, түзеуге келер – келмес бесік ( бала ) былай тұрсын, бөленіп үлгермей кеткендерді көргенде не сұрайсың, қоғамнан?..
Жансая ҚАБДЕН