Ел болам десең, экраныңа үңіл!

    Біздің еліміз әлемдік жаңарудан артта қалып жатқан жоқ, қарқынды түрде өсіп, дамып, құшағын кеңге жайып жатыр. Мысалға алатын болсақ, Қазақстанның талаптарға сай дамуында телевидение ойып тұрып орын алады. Телесериалдар, жаңалықтар, фильмдер, ойын-сауық бағдарламалары-көңіліңіз қалағанды оңай әрі тез таба аласыз. Бірақ, бүгінгі күні эфирге шығып жатқан көріністерден жылтырағанның бәрі алтын емес деген маңызды бір ой түюге болады. Бұл саланың, нақтырақ айтсақ, жаңадан бастау алып жатқан бағдарламалардың қате-кемшіліктері жетерлік. Көпке топырақ шашудан аулақ болған дұрыс, мән-мағынасы бар, ел тәрбиесіне өз үлесін қосып, көкейтесті мәселені тайсалмай айтып жүргендері де аз емес. Негізінен, пайдалының бәрі сапасыз және мағынасыз бағдарламалардың астында қалуда.

    Соңғы уақытта теледидардан рейтингі жоғары үш сағаттық «тележобаны» көрермен назарына ұсынып жүр. «Қалаулым» атымен күллі Қазақстанға танымал болған жобаның көрсетілім саны күннен күнге артуда.

Инстаграм желісінің статистикасына сүйенсек, «Қалаулым» парақшасында 13844 жазылушы, бұл шамамен Қазақстан халқының 0,08%-ын құрайды. Осындай көрсеткішке жетіп отырған бағдарламаның жағдайы алаңдатпай қоймайды, жоба қатысушылары көрермендерге бұрыс тәрбие беруде деп есептеймін.

       Ең алдымен жобадан көзге түсетіні-айқай-шу мен ұрыс-керіске толы эфирлер. Бір ел азаматтары ретінде, қазақ ретінде тату болуды ысырып қойып, бір-бірінің жер-жебіріне жетіп, бет жыртысып жатқан қатысушылардың жастарға берер үлгісі қандай болмақ? Экран мәдениеті былай тұрсын, тікелей эфирді елемей, ғайбат сөзді ұялмай айтатынын көріп қалып жатамыз. Ұстамдылық пен сабырлылықты әрқашан бірінші орынға қойып келген қазақтың ар-намысына, ұятына дақ түсіп жатқан тәрізді.

      Екіншіден, бұл адамдар бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін ана, адал, аяулы жар статусын көгілдір экраннан іздейді. Әрине, мүмкін теңін тауып жатқан да шығар, бірақ өзі танымайтын, бірнеше ай көлемінде ғана көрісіп жүрген «жұптарымен» ертеңгі күні бақытты отбасы болып кететініне кім кепілдік бере алады?

    Үшіншіден, Қалаулым бағдарламасы қазақ дүниетанымына сай келмейді. Ресейдің «Дом-2» бағдарлмасына өте ұқсас, мақсаттары мен жүргізу әдістері, мағынасы бір. Сонымен қатар, қатысушылардың 60%-ы 19-25 жас аралығындағы қыз-жігіттер. Егер 30 жасқа келіп теңін таба алмай жүрсе түсінікті ғой, мектеп немесе университет табалдырығын енді аттаған жастар бұл жобада не жоғалтқанын түсіне алмадым.

       Ата-баба дәстүрінің қарсы анықтамасы болған «Қалаулым» жобасы көз тартатын болар бәлкім, бірақ бұл бағдарлама қанша жылдық тарихы бар қазақтың мәдениетіне қайшы. Жиырма бірінші ғасыр талабы екен деп дау-дамайсыз өтпейтін, шу мен ұят жағдайларға толы шоуды көрерменге ұсыну-үлкен қателік сияқты. Не дегенмен, біздің ел-әрқашан да рухани құндылықтарды сақтап, намысы мен арын кірлетпеген ел. Сондықтан, қазіргі қоғамдық сананың аштығы саналы, ойлы, сапалы дүниені қажет етеді.

Ал сіздер қалай ойлайсыздар, Қалаулымды эфирге шығару дұрыс па?



Бөлісу: