Ел болам десең, бесігіңді түзе, саналы ұрпақ тәрбиелеймін десең экраныңды түзе!
блог
Ақ патша заманында қорлық көріп, аш отырған халықтың жағдайын жеткіземіз деген, кешегі "ұлтшыл" деп айыпталған Алаш зиялыларының тағдыры жадымызда. Ақиық Мұқағали ақынның
"Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай,
Махамбеттер, Абайлар-ай". - деген өлең жолдарыеріксіз еске түседі. Шындықты ту етіп ұстаған ата-бабаларымыздың келер ұрпақтың бақыты үшін, ақиқат айтамыз деп шоқ басып, қан кешкенін ешікім жоққа шығара алмас, сірә. Ал, бүгінгінің ақиқаты қандай? Ақиқатымыз ұсақталып кеткен жоқ па? Әлде?.. Ата-бабаларымыздың рухы ұрпағына риза ма?
Ел аман, жұрт тыныш "Тұғыры биік, тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз" дейміз. Иә, солай! Демократия бар дейміз. Дәл солай! Бірақ... Тағы да бірақ. Демократия дегенімізді біреудің дұрыс емес жерін сынап тұрып түзету, кемшіліктерін бетке экран алдында басу, я болмаса экраннан біреуді біреу зорлағанын, өлтіргенін, қорлағанын көрсету деп түсініп бара жатқан сияқтымыз. Бірден бірге секірмей айтайын, айтатын сөзім "баяғы жартас сол жартас" демекші, баяғы теледидардағы жаңалықтар ғой.
"Қазақстан", "Астана", "Хабар" сынды арналарды қосқанда жаңалық естисің: Еліміз мынандай елдермен келісім шартқа отырыпты, мынадай ұйымға мүше болыпты, экономика, саясат, шоу бизнес. Бір шетінен ой өрісің дамып, шамалы болса да бір нәрсе түйесің. Ал, жекеменшік арналарда ондай емес. Халық шулайды, біреуді біреу атып кетіпті, біреуді біреу сатып кетіпті, анасы баласын лақтырып кетіпті, баласы анасын қарттар үйіне тастап кетіпті. Арасында бір ұшқын жақсы жаңалық жылт етіп көрінеді де кетеді. Ал халыққа бұл ұнайды. Неге? Біреуге біреу жамандық істегені - шындық. Өз әкесі қызын зорлап кетіпті - ол да шындық. Без бүйрек ана баласын қоқыс жәшігіне орап лақтырып кетіпті - ол да шындық. Ал, ақиқат қайсы? Шындық - көп, ақиқат - біреу ғана. Саналы ұрпақ тәрбиелейміз дейді қазақ. Өздері қосып қойып осындай жаңалық тыңдағысы келеді. Ұнайды екен оларға, бұндай жаңалықтар. (Рейтингілерден-ақ байқауға болады) Көк жәшіктегі көпірме сөздерді, атыс-шабысты, зорлық-зомбылықты көрген баланың санасына не сіңеді екен сонда?! Одан қала бере түріктің, үндінің сериалдары да санасын улап жатқаны бар. Бұл жайлы бөлек әңгіме қозғармын кейін... Ата-анасы саған көруге болмайды оны дей ма екен сонда?! Әй қайдам жаңалықтың қызығына кіріп, балаларының отырғанын да байқамайтын шығар тіпті. Мені кешіріңіздер, ата-ананың да кінәсі емес бұл, бәлкім. Бұл тілбұзар телеарналардың кінәсі. Ардақ Құлтай ағамыз жарнамалар жайлы жазғанын қарап бір мырс етіп күліп алдық. Рас, адамның қанын басына шығармай сол дүниелерге жарнама жасамаса да алатын жұрт алады емес пе?! Қыздардың ғана тұтынатын нәрсесін жарнамалап, "өзіңді подиумдағыдай сезін, бұл сенің күнің" деп бауырларыңның, бастысы әкеңнің алдында иттей қылады, кірерге жер таппай қаласың, қолыңа түскен нәрсені шұқылап, байқамағансып отыра қаласың. Ұят қой! Бұл қазақ елі, тәрбиеміз басқа, менталитет деген бар. Бұны да жарнамалаудың қажеті жоқ еді. Мейлі, көшенің ортасында көлік апатынан денесі төртке бөлініп жатқан әйелді көрдік, тыр жалаңаш тентектердің бұзықтығы тағы бар, неше түрлі сектаны қарап, өзге дінге кіріп шоқынғандарды көріп шошындық, біз мұсылман халқы емеспіз ба?! Қасиетті Рамазан айындағы сұмдықты айтпаса да болар еді-ау деймін да. (Дәлізден өтіп бара жатып естіп қалдым, толық емес, бірақ нақты естігенім рас). Қай арнадан екенін білмеймін, білсеңіздер айтарсыздар. "30 мың теңгеге отыз күн Оразаның парызын өтеуге бол ма?", - дегені бар емес пе?Саудың тамағын ішіп, аурудың сөйлейді екен, иә? Жә, құрсыыын, мен де өз сөзім өзімдікі дедім де жаза салдым. Отырып алып, батырсынып, блог жазыпты демеңіздер. Біз де бір шындықты айтайық та жұрттан қалыспай. Ал ақиқатын өздеріңіз бағамдаңыздар...
P.S. "Ел болам десең, бесігіңді түзе, саналы ұрпақ тәрбиелеймін десең экраныңды түзе, қазақ".