Ел басқарған патшалар ықылым заманнан өз сыңарларын ұстаған. Әлбетте, қауіпсіздік үшін. Сонымен қатар, ұқсастығын пайдаға асырып, тақты тартып алатындар да кездескен. Еуропа тарихын парақтасақ, Франция королі XIV Людовик қолындағы биліктен айрылып қаламын деген үреймен сыңарына бетперде кигізіп зынданға тастаған. Дәл осы оқиға желісімен «Темір бетперде киген адам» фильмі түсірілген. Осы жерде режиссер Леонид Гайдайдың «Иван Василиұлы мамандығын ауыстырады» деген кинокомедиясын да еске алып, бір езу тартып алған шығарсыз.
Ресей патшаларының арасында тұңғыш сыңар ұстаған – І Александр. Билеушілердің сыңарлары байлыққа белшесінен батып өмір сүрген, алайда, ол өмір көзден бұлбұл ұшады. Өйткені, олар – патша амандығы үшін алдын ала дайындалған құрбандық.
ХХ ғасырдың азулысы Сталин өз қаһарын сыңарларынан да «аямаған». Өлімнен қорыққан көсемнің 15-ке жуық «көшірмесі» болған-мыс. Ал, ресми түрде – төртеу. Олардың барлығы ҰҚК-нің темірдей тәртібімен «Сталин» болып тәрбиеленген. Солардың бірі – актер Феликс Дадаев. 1923 жылы Дағыстанда туылған. Сырт келбеттері мен дауыстарының сәйкестігі соншалық, кімнің-кім екенін ажырату мүмкін болмаған. Дадаевті «ел басқаруға» Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірнеше ай қатырынан дайындап, саяси сахнаға алып шыққан. Ол туралы Феликстің өзі «Дождь» телеканалында берген сұхбатында былай дейді: «Иосиф Виссарионұлы түскен кинопленкалардың ортасына сағаттап отырғызып қоятын.Оның ым-ишарасын, қимыл-қозғалысын, дауыс ырғағын қайталатқызады. Біздің бойымыз, дауысымыз және мұрнымыз бірдей. Тек құлағымыз ұқсамайды. Тері түстес затпен құлағыма құлақ жалғайтын. Сол кездерде платикалық отаның болмағанына шүкір. Ал бетіме көсемдікіндей қорасаннан қалған дақты темір тісті тарақпен өзім салатынмын».
Феликс Дадаев қазір 90-нан асты. Сталин жайлы түсірілген фильмдердің барлығында өзі ойнаған.
Қанқұйлы билеушінің тағы бір сыңары – Евсей Лубицкий. Украинаның Винницы қаласында есепші қызметін атқарып жүрген жерінен «көсемдік» қызметке алынады. Евсейді 6 ай дайындықтан өткізеді. Осы аралықта оның отбасы мүшелерінің көзін түгел жойған. Шаңырағының шайқалып, ортасына түскенінен бейхабар Лубицкий өз рөлін шынайы ойнап, құрмет-қошеметке бөленіп жүре береді. Ол 1952 жылға дейін «көсем болған», одан әрі түрмеге қамалып, ату жазасына кесілген. Алайда, 1953 жылғы Сталиннің өлімі оны ажалдан құтқарып қалды. Есепші бұл ақиқатты Канада журналистеріне берген сұхбатында ғана айтқан. Талай қырғын болса да, ажалды өледі, есепші Евсей 1981 жылы бақилық болады.
Ресей публицисі Юрий Мухин Борис Ельцинді 2007 жылы емес, 1996 жылы бесінші жүрек талмасынан кейін дүниеден өткен дейді. Бұлай деуге отадан кейінгі Ельциннің денсаулығының да, түр-әлпенің де, тіпті, өзіне тән күлкісінің де өзгеруі сеп болған. Елде дүрбелең туғызбас үшін оның орнына сыңары немесе сыңарлары отырған-мыс. Мухин ұзақ жылдар бойы Ельциннің суреттерін, бейнекөріністерін салыстырып, осындай тұжырымға келеді. Ресей президентінің бала кезінде гранат жарылып, бірнеше саусағынан айырылғаны белгілі. Ю. Мухин бақылау кезінде, 1996 жылдан кейін саусақтардың қайта қалпына келгенін фотосуреттермен дәлелдеген.
Сол сыңарлар кімдер еді? Орталық басқару комитетінің құпия ұстағаны сонша, әлі кім екені анықталмаған. Бұл әлі талай ізденушінің қызығушылығын оятатыны анық.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Уинстон Черчиль үшін оның сыңары радиодан сөйлейтін болған. Аты шулы Адольф Гитлер 1950 жылдарға дейін өмір сүрген деген болжам бар. Өз-өзіне қол жұмаған фюрердің дәл өзі емес екендігін жанталаса зерттеген ғалымдардың сөзінде жан болуы мүмкін. Себебі, Гитлердің күзетшілерінің бірі әміршісінің 10-ға жуық «көшірмесі» болғанын айтады.
«Батыр бір оқтық». Қырық қабат қорғанда тұрса да, ешкім де ажалдан қаша алмайды. Алайда, олар сақтанғанды сақтайды деген қағидамен кезекті құрбандықтарын ұстады. Осыдан-ақ, ел басқарудың оңай еместігін көруге болады. Қойнауы құпияға толы тарих беттері әлі талай сырларын ашары анық.