Астана. Туристер. Атышулы Экспо-2017. Сондағы атмосфераны тыныстап, барлық иірімдерімді шымырлатып келген менің көрмеге деген көзқарасым қандай?
Ағылып жатқан туристер мен адамдар, бітпейтін кезек, ұшып тұрған баға, баға жетпес архитектура жайлы есітіп, құлағыңыздың құрышын бармасаңыз да барғандай болып біраз қандырып алған шығарсыз. Мен мұны қайта бұзылған радиодай қайталағым келмейді. Түйгенім басқа.
Басқа мемлекеттердің бағыты мені аса қызықтырған жоқ. 8 қабатты Қазақстанның не ұсынып, қандай идеялар мен инновацияға жетелемек ойы бар екендігі мені көбірек мазалағандығы рас. Толықтай аралау үшін екі күнімді жұмсап,"территориядан ассаң билетің құнсыз" деген қағидаға мен де басымды идім. Билет құны,айтпақшы, 4000 теңге. Студент болып жаным қалды.
Сонымен, үлкен шарда не бар?
Біріншіден, Қазақстан энергия жүйесін үнемдесін дейді. Ол үшін дайын "ақылды үйдің" макетін де салып қойыпты. Үй шатырында күннен қуат алатын құрылғы, табиғи энергия көзінен жанатын шамдар, тағысын тағы. Енді сұрақ: жыл сайын мына Алматыдағы Алғабастың "ақылсыз үйлерін" дайын макеттегі "ақылдыларға" жөндеуге болады ма? Ай сайын келіп жететін "комуналкаға" апамның 5-6 тиын пенсиясын шығындамай, "Ақылды үй" тұрғызылса тегін энергияға бай болады екенбіз. Ғажап!
Екіншіден, күннің көзінен-ақ қуаттанып, бірнеше атқа татып шапқылайтын жүйрік көліктер. Құдай-ау жыл сайын қымбаттап жатқан көлігі бар, бензині жоқ жүргізушілерге таптырмас сый ғой мынау. Әсіресе, оңтүстіктің жазындағы 50 градус ыстығында қысқа да көлігіңді қуаттап алуға болады.
Үшіншіден, жануарлардың тезектерінен таза, кірпіштен де қатты, тұрақты биоцемент жасауға болады дейді. Алматы-Астана бағытындағы трассадан миым шайқалған мен қатты, тұрақты цементтелген жолдан бас тартпас едім. Ауылға барсаң, биоцементтің түр-түрі жатыр ғой. Бастысы тегін, химиялық қоспасыз.
Айта берсең, ұсынған идея мен жаңалықтары-көл дария. Астананың желі Астана тұрғындарын жыл бойы тегін энергиямен қамтамасыз ете алатынына шүбә жоқ. Дамыған 10 елдің қатарына енудің дап-дайын макеті тұр. Қолдансақ игі еді...