«Екпін сөздің соңғы буынына түспейді!»
блог
Лингвистикалық сұқбат 6
- Осындай Үндестік әліпбимен мынадай сөздер тізбегін былайша жазуға болады:
№ |
ресми нұсқа |
жаңа нұсқа |
1 |
сөг{іс} |
сөгс |
2 |
{шы}ғар{ыл}{ым} |
шғарлм |
3 |
бас{ыл}{ым} |
баслм |
4 |
{бі}р{ік}{ті}р{ін}ді |
брктрнді |
5 |
түг{іс}кен |
түгскен |
6 |
{бі}л{іс}кен |
блскен |
7 |
қанағаттанд{ыр}{ыл}мағанд{ық}тар{ың}{ыз}д{ың} |
қанағаттандрлмағандқтарңздың |
Сөйтіп, буыншаң тілдерге сай келетін Үндестік әліпби арқылы жазымның шұбалыңқы сыйпатын барынша қысқартуға мүмкіндік бар.
Алайда, буыншақтағы ы, і үншелері мен дауысталатын ы, і дыбыстарын ажырату қажеттігі туындайды.
Біздің пайымымыз бойынша, мынадай үш жағдайда ы, і дыбыстарының буыншақтау қасиетінен гөрі дауысты дыбыс екендігі ажыратылады:
1. сөздің басында дыбысталатын ы мен і үншелері - дауысты: ішік - ішк;
2. сөздің аяғында дыбысталатын ы мен і үншелері - дауысты: ескі - ескі;
3. сөз ортасында келетін тәуелдік жалғауының үшінші жағын білдіретін жалғау ретінде дыбысталатын ы мен і үншелері - дауысты: тіліміз – тлімз; еліміз - елімз.
Бұл тұжырым тілдің үндесім заңын тұтынушыға мойындатып, оның сақталуын бекіте түседі.
- Сонда, жазуды қысқартудың қандай пайдасы бар?
- Бұл - кәзіргі күннің басты да маңызды талабы. Мен келтірген тұжырыммен қазақтілді мәтін көлемін 20-25 пайызға кемітуге болады. Демек, соншалықты оны теруге, басуға кететін уақыт пен ақшаны да,басқа шығындарды да кемітуге болады деген сөз. Кәзіргі шыққан кітаптардың қалыңдығын бестен бірге жұқартып елестетіңіз, оны тасуға, орналастыруға кететін шығындар қаншалықты азаймақ?! Бұл тұжырым экономикалық жағынан тиімді деген сөз, ал экономика - бүгінгі өміріміздің басты диктаторы емес пе?! Бұл қасиет қазақ тілін алдыңғы қатарлы мүмкіндікке ие қылатыны өз алдына, басқа жалғанбалы тілдерге ұстаз етпек!
Десек те, бұл тұжырым – болашақтың шаруасы, реформаға енетіндей бұл бастама теориялық жағынан пісіп-жетілуі керек. Дайын болғанның өзінде бұл тұжырымды қабылдауға біздің қоғам әзір дей алмаймын. Бұл - әзірге менің жеке бастамам ғана, бірақ зерттелуге жататын аса маңызды жайт. Сондықтан да, Үндестік әліпби – келешектің міндеті.
- Қызық жайт екен. Бұл тұжырымыңызға лингвистер қандай пікір білдіруде?
- Әзірге пікір барынша тапшы. Бұл тұжырым флектив емледен тілімізді тыс елестетпейтін қасаң көзқарас үшін де аса тың секілді. Кейбір сарапшылар ғана қарсы бір-екі дәйегін келтірді:
- бұл жазумен тасымал мәселесі қыйындайды;
- буын айқындалмайды,сөз буынға бөлінбей қалады... т.т. дегендей. Кәзіргі електрондалған заманда тасымал мәселесі,тіпті қарастырылмайды, буын тасымалданбайды; қажет болса буынды толықтырып тасымалдай салуға болады. Ал, буыншаң тіл үшін сөздің буындарын көрсетіп, санамалау қажет емес. Оны тек қана грамматикалық оқыту мен зерттеуде қарастырмаса, қарапайым жазарман жұрттың басын грамматикамен қатыру дұрыс емес, ол - ғалымдардың шаруасы болғаны жөн. Бұндай бағыт алсақ, тілдің емлелік қағидасы біршама өзгеріске ұшырайтыны рас. Тіпті, теорияны бірқатар қайта қарауға мәжбүрлейді. Себебі, бізде қалыптасқан тіл қағидасы,көбінесе, буыншаң тілдің емес, үншең-флектив тілдің заңдылығын талғажау етіп кеткен, содан тілімізді түбінде құтқару керек!
Мен ұсынып отырған Үндестік әліпбиді кәзіргі ұрпақ қабылдамайтынын білем, бірақ келешекте тіліміз аман болса, бұл тұжырымға жас ұрпақтың таңдауы түсетініне сенем.
- Тілімізге қатысты қалыптасқан тағы қандай тұжырымға қарсысыз?
- Біздің өзіміздің буыншаң тіліміздің қасиетін үншең тілге тәуелдегеніміз сондай,тіпті, флектив тілдерге тән екпін мәселесін де қазақ тіліне қатысты қабылдап алдық. Шын мәнінде, агглютинатив тілдер үшін екпін мәселесі маңызды да емес, өзекті де емес. Себебі, біздің буыншаң тіліміз сөзді буынға түсетін екпін арқылы ерекшелемейді! Екпін мәселесі тілімізге тән емес, ол қасиет үншең тілдерге ауадай қажет. «Екпін қазақ тілінде сөздің соңғы буынына түседі» дейтін қағида біздің тілге жат! «Ба[ла]» не «бала[лар]» сөзінің соңғы буынына екпін түсіріп айтыңызшы, болмаса әр сөздің соңғы буынына екпін түсіріп бір сөйлемді айтып көріңізші! Шамаңыз келер ме екен?! Ол қазақтың сөйлемі болмай шығады!
Шындығында, қазақ сөзінің барлық буынына екпін біркелкі түседі, соңғы буынға екпін түспейді, соңғы буын ерекше дауыс ырғағымен бітуі мүмкін. Әйтпесе, шұбатылған буындардан құралған сөзді тынысты тарылтпай, аман-есен дыбыстап шығу мүмкін емес. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегенді қазақ соңғы буынға қатысты айтқан емес.
Біздің тіл үйрету әдістемесінің қалыптасқан қағидасында «қазақ тіліне тән тоғыз дыбыс» деген ауру бар. Сонда қалған дыбыстарды сатып алдық па, әлде жалдап жүрміз бе? Бұл да қазақ тілін үйрету үшін эталон есебінде орыс тілін алып, соған қатысты, орыс тілінде жоқ дыбыстарды қазақ тіліне таңудан туған жасанды тұжырым! Керек десеңіз, қазақтың [Е], [О] дыбыстары да орыс тіліндегіден ерекше дыбысталады...
Мұның барлығы да қазақ тілбілімінің флектив сыйпатты орыс тіліне теориялық жағынан да тәуелді екенін көрсетеді.
Сұхбаттың жалғасы бар.