Екпе салдыру туралы...
блог
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамы мен қызметкерлері «Спутник V» екпесін қабылдай бастады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық азаматтарды ковидке қарсы екпе салдыруға шақырып, бұл біздің азаматтық парызымыз екенін атап өткен болатын. ҚазҰУ бірауыздан мемлекет басшысының үндеуін қызу қолдап, екпе салдыруға оң көзқарас танытты. Ең алғаш болып екпе қабылдаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектері қауымдастығының атқарушы директоры Күлғазира Балтабаева: «Екпе салдыру туралы хабарламаны оқыдым да еш ойланбастан мені тізімге қосуын сұрадым. Өйткені, бұл дерттің алдын алу үшін өте қажетті қадам. Соңғы рет тұмауға қарсы екпе қабылдадым және бүгінге дейін бұл ауруға шалдықпадым. Қазір де екпеге деген сенімім мол. Өзім үшін ғана емес, жақындарым үшін де бұл өте маңызды шешім» дейді.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚазҰУ-дың бірінші проректоры міндетін атқарушы Қанатбек Мұқанов барша қазақстандықтарды екпе салдырудан бас тартпауға шақырды. «Бүгінгі күні қоғамның пікірі екіге бөлініп, вакцина бізге керек пе, жоқ па деген екіұдай сауал туындап тұр. Екпені сөзсіз ектіру керек! Бұған басқа балама жоқ. Мен медицина тарихындағы небір кеселдің емін тапқан екпелердің тиімділігі туралы зерттеу жұмыстарын жасадым. Екпе – медицина саласындағы озық идеялардың жемісі. Қазір әлеуметтік желілерде чиптер туралы және басқа да алыпқашпа жалған ақпарат өріп жүр. Оған сенудің қажеті жоқ. Өйткені вакциналық екпе адамзатты шешек, оба және басқа да ауыр пандемиялардан құтқарып қалды және ондай дерт вакцинациядан кейін қайталанбады. Сондықтан мен барлық азаматтарды екпе жасатуға шақырамын! Бұл мәселеде екі ой туындамағаны абзал. Мүмкін болса, екпе салдырған дұрыс. Алдымен, өзіңізден бұрын, жақындарыңыз бен туыстарыңыздың денсаулығын ойлауыңыз керек»,– деп, барлық әріптестеріне қолдау білдірді Қанатбек Мұқанов.
Аталған тұлғалардан басқа да қызметкерлер вакцина қабылдаған. Біздің Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының да оқытушылары қауіпсіщдік шарасына ат салысып, вакцина алды.