Екінші әкем туралы...
блог
Жақсы адам туралы жақсы нәрсе айтудың өзі қандай қиын еді...
Бүгін массагеттік игі жақсыларға сыр ақтару арқылы университет қабырғасындағы сүйікті ұстазым, өмірлік бағытым мен ұстанымдарымды оң жолға бастап берген жайсаң жан Сейдолла Садықұлына деген сағынышымды басқым келді. Мен оны сондаааааай қатты жақсы көрем. Сейдолла ағайымның «маман болу бәрінің қолынан келеді, адам болу әркімнің қолынан келмес, адам бол, қалқам» дейтін сөзі құлағымда мәңгілік жаңғырып тұрмақ. Жабыққанда жаныма жалау болып, қуанғанда менімен бірге балаша мәз болатын ағайым бүгінде не істеп жүр екен... Университет қабырғасына әр үйден келген әр тентек үшін туған әкесіндей күйіп-пісіп жүрген шығар. «Адамның шашы тек қайғыдан емес, қуаныштан да ағарады» дейтін ұстазымның әр шашы тек қуаныштан ағарса екен. Шын жүрегіммен осыны тілеймін мен. Сенесіздер ме, шын жүрегіммен!
Әйтеуір, жүрген жерімдегі «былық-шылықтарға» күйінгенде осы ұстазыма аузым барып, жүзбе-жүз айта алмаушы едім. Екеуіміз хат арқылы сырласатынбыз. Бәрін-бәрін түгелімен хатқа жазатынмын. Жәй жазбайм, күйініп жазушы ем. Сейдолла ағай әр нәрсеге байыппен қарайтын. Асықпайтын. Мен жазған хатқа жауап кем дегенде екі аптадан соң, ұзаса бір айдан соң келетін. Мені сабырға шақыратын. Бәрін білетінін, өзі де соған күйінетінін жазатын. Бір хатында:
«...Боташ, қызымка, айтқаныңның бәрі рас! Оны өзімде көріп жүрмін. Бұл орта сондай, екеуіміздің де қолымыздан ештеңе келмейді. Сен ғой бірер жылда өз қалаңа кетесің. Алматы жақсы ғой, шіркін! Ешкімнің ешкіммен жұмысы жоқ. Мені айтсаңшы, мен мұнда өмір бойы тұрып келем, және тұра берем. Тек жолың түсіп анда-мұнда өтсең менің екі метр боп жатқан жерімнен бет сипап өтші. Өзің жақсы көретін жандардың дұға қылғаны жақсы ғой...»,-деп сыр ақтарғаны бар-тын...
Осы хатты оқып жылап қалдым. Ағайымды өзіммен бірге алып кеткім келді. Бірақ менің ұстазым туған жерінің топырағына адал, «Адам бол! Топыраққа адал бол! Адамдарға абай бол!» дейтін менің қазыналы қарт ұстазым!
Қазір де ой тереңіне кетіп бара жатсам, Сейдолла ағайымның «Боташкаааа, привеееееет!» деген дауысы құлағыма келіп, өзімді жақсы сезінуіме себеп болады. Ағайыммен қанша жақын әрі сырлас болсам да, сол ұстазымның жеке суреті немесе екеуіміз түскен бірде-бір сурет жоқ екен менде. Соған өкіндім. Енді жолым түссе ағайымды армансыз суретке түсіріп алмасам...
Аман жүріңіз, менің Түркістандағы екінші әкем!