Екіліктің әлегі
блог
Өзім бала кезімде алғыр, ойым ұшқыр, зерек оқушы болғанмын. Бірақ есейе келе зеректігім тентектікке ұласа беретінін аңғардым. Бір сабаққа дайындалсам, бір сабақтың бетін ашуға құлықсыз болдым. Тентектігім бірақ ойымның ұшқырлығын тежемеген еді- деп әңгімесін бастады жездем. Ойымның ұшқырлығы сол сабақ оқымай барған күні бейне бір «мен дайын едім, менен сұраса екен» дегендей кейіп танытатынмын. Осы кейпімді көрген мұғалімдер мені айналып өтіп, сасқалақтап, аузын ашса жүрегі көрініп отыратын оқушыларды тақтаға шығаратыны бар еді. Ал сабаққа дайындалып келген күні алды-артыма мың бұрылып, жанымдағы қыздың шашынан тартып, жүйкесіне тиіп отыратынмын. Осыны көрген мұғалім міндетті түрде тақтаға шығарып сабақ сұрайтын. Әбден дайындалған сабағымды пулеметтан жаудырған бытыра құсап тақылдып айтып бергенде риза болып бағамды қоятын жарықтықтар. Осы әдісімді өте тиімді пайдаланып жүрдім. Бірақ мен өзімді керемет психологпын деп есептегенім бекер екен, алдынан мен сияқты құйыршықтардың талайын өткерген ұстаздар психологтың психологі екенін кейін білдім. Қазақ тілі мен әдебиетіні пәнінің мұғалімі Диханбек ағай сондай ақылды кісі еді. Оқушының көңіл күйіне қарап, сабаққа қаншалықты дайын екенін ұғып отыратын. Бір күні әдебиет сабағына жақсылап дайындалып келдім. Тақтаға шыққым келіп қиқарлана бастадым. Жанымдағы ... атын ұмытып қалыппын, шашы белінен түсетін қыздың бұрымын қолымдағы қаламмен шұқып, мазасын ала бастадым. Менің мұндағы мақсатымды Диханбек аға бірден ұқты-ай, тақтаға шақырды. Ұшып тұрып тақтаға беттедім. Ал сайрай жөнеліп ем, ол тоқтатты да өткен тақырыпты сұрады. Біткен жерім осы, аузыма бір сөз түсер емес. Қипықтадым да қалдым.
- Беркінбаев, отыр... екі- деді
- Ағай... бүгінгі тақырыпты айтай.....
- Отыр дедім саған- деп , журналға быттыйтып екіні қойды. Өзегімді өкініш кернеп, партаға қарай бара жаттым да:
- Очкарик- дедім. Негізі аузымнан шығып кетер деп ойламаған ем. Байқаусызда ойымды сыртқа айтып қойыппын.
- Тағы бір екі, тәртіпсіздігің үшін- деп қатарына тағы бірін жалғады. Бір күнде екі екі алғаным үшін қатты қынжылдым. Себебі осы мектептің мақтанышы, беткеұстар бірден бір азаматы менің үлкен ағам- Сырым, мына бағаларды көрсе аямайды. Осы ой жанымды жегідей жеп, не де болса бұлардан құтылудың айласын ойладым.
Өзім сыныпта белседі, ұлдардың арасында да батылдауы болдым. Түстен кейін жанымада бес алты жігіт бар сабақтан қалып, сыныптағы «қорқақ» Арманды журналға жібердік. Бүркіттен сескенген қоян құсап, жан-жағына алаңдап, костюмінің ішіне салып алған журналды қолыма әкеп тапсырған Арман кете беруін өтінді. Оны үйіне жібере салдым. Өзім де сасқалақтап журналды аштым да қазақ әдебиеті парағын жыртайын деп ұстағаным сол еді,есіктен шелегі мен швабрасын ұстаған Айғаным деген қыз кіріп келді. Сасқалақтап ұстап тұрған журналдың парағын жартысынан жұлып алдым. Бәріміз жерге кірердей қызарақтап қалдық. Өзінің ыңғайсыз кезде кіргенін сезген қыз да не кіре не шыға алмай тұрып қалды. Шуылдап Айғанымды қоршап алдық. Басында қылмыстың үстінен түстім, жалыныңдар маған- дегендей мұрнын шүйіріп тұрған қыз, біздің сұсты түрімізден жасқанып ендігі қорқып кеткенін түсіндім. Бір топ аш қасқырдың ішінен аман шыққан қозы құсап шелегін де шүберегін де тастай зытты. Осыдан барып директорға айтып қойса деген ой мазалады да бағанағы көзінен көрінген үрейі есіме түсіп, ешкімге тіс жармасына қайта сенімді бола қойдым. Жыртылған парақшаны желімдеп, мұғалімдер бөлмесіне қойып кеттім. Мектебімізде үш оныншы сынып бар. Біздікі «10 б» еді.
Кешкісін үйге келіп жаным жай таппады. Екілік оның үстіне екі екілік ішімді өртеді. Ағамның жүзіне қарап қоямын. Әлі құлағдар емес екенін сездім. Әйтпесе көресімді көрсетер еді. Содан әкемнің шкафынан «егемен Қазақстанның» қосбетін суырып алдым да велосипедке отырып мектепке қарай зыттым. Мектептің ауласындағы күзетші көрінбеді. Велосипедті мектептің қабырғасына тақап қойдым да, кішкентай терезеден бірінші қабаттағы мұғалімдер бөлмесіне түстім. Тым тырыс, кешкі уақытта тек еден жуушы тәтенің ызыңдаған әуені ғана естіледі. Аяғымдағы ескі герзі етігіммен қанша жай жүрейін десем де болар емес. Ана кісі әнін шарықтата жөнелгенде тез тез қозғалып қалуға тырысып журнал тұратын жерге жеттім. 10 –шы сыныптың журналдары қай жерде тұратынын анық білетінмін, бірден таптым. Алайда ала көлеңкеден 10-шы а ма әлде б,в ма көре алмай әлекпін. Содан не керек үшеуін бірдей алып алдым. Терезеден қайта шығып, әкелген газетіме дымын білдірмей үшеуін орадым да, көшеге шығып кеттім. Біреудің қазынасын тонағандай алақ-жұлақ етіп, жүрегім көмейіме тығылып келем. Бейне бір бүкіл ауыл, ауыл емес бүкіл әлем тіпті менің қылмысымды бағып отырғандай. Аяқтарым дірілдеп велосипеттің педальдарын басатын емес. Бұл құрығыр велосипеттің осыншама шиқылдайтынын білмегінім бе, осы уақытқа дейін темірлерін майлап қоярдай екен- деп ойменен алысып келе жатқанда алдымнан ауылдың участковыйының Уаз-ы шыға келгені. Екі қолымды көтеріп « мен журналды ұрлаған жоқпын» деуге әзір тұрмын-ау. Сөйтсем оның менімен шатағы жоқ, өзімен өзі кетіп бара жатыр екен. Өтіп кеткесін сездім, аяқ қолым үрейден ұйып , қозғалмай қалыпты. Өстіп тұрғанда велосипедімнің артынан журналдар түсті де кетті. Өткір ұштары газетімді тесіп жерге шашылды да қалды. Жалма-жан жинап алдым да, келесі көшеден өткен тұста кішігірім көлшік бар еді, соған қарай бет алдым. Көлдің жанында екі-үш сиыр әлі жайылып жүр екен, қорыққанға қос көрінер деген, әлгі сиырлар мені аңдып жүрген милиция қызметкерлеріндей көріне ме... құрығырлар. Сиыр екеніне көзім жеткен соң журналдарды лақтыра бастадым. Бір кезде сиырларын іздеп жүрген кісілер -ау шамасы гүбір-гүбір етіп келе жатқан ер кісілердің даусы естілді. Қырсыққанда журналдар судың бетінде қалықтап жүр. Жақын жерде жатқан таяқ болса деп қараңғыда жерді тіміскілеп жүрмін. Қолымды қалақай да шағып жатыр, тікен де кіріп жатыр. Оған мән беру қайдаа. Ана кісілер жақындаған сайын журналдар жағаға қарай қалықтайды ғой қырсық шалып. Балағымды түріп суға түстім де үшеуін қайта алып шықтым.
Велосипедке отыра орталықтағы паркке жол тарттым. Парткегі ескі әжетхананың ішіне тастауға бел будым. Әжетханада шам бар екен, кіріп журналды қойнымнан шығарғаным сол еді, талып түсе жаздадым. Журнал 5 сыныптардікі екен. Ашуднан көзімнен пырт етіп бір екі жас та тамды. Не де болса суы сорғалаған журналдарды тастауға тура келді. Далаға шықтым да басым салбырап, велосипедті сурете үйге беттедім. Кеудем су, түрім қашқан, үйге кіріп төсекке сұлқ түстім. Екіліктердің көзін жоғалтпағаным былай тұрсын басқа балалардың бағаларын жоқ қылғаныма қатты өкіндім. Бәлкім маған 5 –ші сыныптың кей бұзықтары рахметін айтатын болар деп жатып ұйықтап қалыппын.
Келесі күні сабақтан соң үйге келсем дастарханның басында ағам отыр. Бірден сездім екілігім туралы біліп қойғанын. Жанына ақырын барып отырдым. Тыныштықта тамақ іштік. Осындай тыныштықты ұнатпаймын. Одан да ішіндегісін тезірек айтып құтылса екен деген ойда тамағым ас болмай көмейде тұрып қалып жатты. Содан көп ұзамай мен жаққа жалт қарады да:
- Осы тоқсанның аяғына дейін екі екілігіңді жой. Сабақ оқы. Оның орнына бестіктен алтауын алсаң ғана жоя аларсың- деді.
Аласапыран дүлей, боран күтіп отырған маған ағамның осы сөзі маңдайдан сипаған самалдай есілді. Осы үшін қанша мұғалімді, қанша оқушыны әуреге салдым екен деп іштей қатты ұялған едім- деп балалығын енді жездем көңілді есіне алды.