ЕКІ УНИВЕРСИТЕТ АРАСЫНДАҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ
блог
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дамуының негізгі басым бағыттарының бірі – «Академиялық ұтқырлық бағдарламасы». Бүгінгі таңда университетте ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламалары сәтті жүзеге асырылуда. Сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша әр түрлі елдердің жетекші университеттерімен ынтымақтастықты дамыту және ғылыми-зерттеу орталықтарымен серіктестік қарым-қатынасты орнату жұмыстары жүргізіліп келеді. Осындай бағдарламалар арқылы университет студенттері мен магистранттары оқу барысында шетелде оқуға мүмкіндік алады. Осындай келісім шарттың бірі Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласында орналасқан Ресей Халықтар Достығы Университетімен жасалған. Бұл бағдарлама – қабылдаушы шетелдік серіктес жоғары оқу орнында, оқу орнының дипломынсыз бір семестр білім алуға мүмкіндік береді.
Әлемдік пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайда студенттер білім алуын онлайн форматта жалғастырып жатыр. 2020-2021 көктемгі семестірінде аталған бағдарлама бойынша ҚазҰУ магистранттары Ресей Халықтар Достығы Университетінің сабақтарына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Атап айтар болсақ, MS TEAMS платформасынде Баталов Александр Александровичтың дәрісіне қатысты. Ресей Халықтар Достығы Университетінің дәрістеріне алғашқылардың бірі болып Филология факультеті, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының Шетел тілі: екі шет тілі мамандығының 1 курс магистранты Сангулова Алтынай қатысты. Алтынай ЯЛНбд-01-20 тобымен бірге бір семестрге жуық дәріс тыңдап, практикалық сабақтарға да қатысты. Алтынайдың өзі осы тәжірибесі туралы былай дейді: «Екі университет арасындағы академиялық ұтқырлық бағдарламасы мен үшін білім алудың тамаша мүмкіндігі болды. Баталов Александр Александрович инновациялық оқу материалдарын, заманауи техникалық құралдарды сабақ барысында өте ұтымды пайдаланды. Жеке және топтық жобалардың әртүрлілігі, тұрақты сөйлесу (speaking) тәжірибесі – осының барлығы бізге қысқа мерзімде оқуда үлкен прогреске қол жеткізуге мүмкіндік берді. Мұның бәрі студенттердің практикалық дағдыларын белсенді дамытуға бағытталған, сондықтан бұл жерде тек теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар пайдалы қолданбалы құзыреттерді де меңгердік. Таныс болып көрінетін нәрселерге, екінші жағынан қарап, дүниетанымымызды кеңейтуге мүмкіндік алдық. Тек кәсіби өсіп қана қоймай, эмоционалды түрде де байыдық, шабыт алдық десем артық айтпаймын. Жаңа адамдар, басқа мәдениет, басқа дәстүрлер, бұл сөзсіз эмоциялар!».
Екі университет арасындағы ғылыми байланыстың нәтижесінде РУДН студенттері де ҚазҰУ оқытушыларының дәрістеріне қатысты. Олардың онлайн форматта тыңдаған курстары: «Шетелдік журналға ғалыми мақала дайындау ерекшеліктері», «Базалық шет тілі», «Ресми қарым-қатынас тілі», «Кәсіби бағыттарға арналған екінші шет тілі». Курстың соңында студенттер мен магистранттар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі профессор Мәдиева Гүлмира Баянжанқызы және РУДН шет тілдер институтының директоры, профессор Соколова Наталья Леонидовнаға алғыстарын білдірді. Екі елдің белді университеттері арасындағы ғылыми байланыс – білім алушылар үшін тамаша мүмкіндік. Мұндай бағдарламалар ашық білім беру кеңістігін ары қарай дамыту жолында және цифрлық дәуір ұрпақтарының қалыптасуына ерекше септігін тигізері анық.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
аға оқытушысы, доцент м.а. PhD,
Р.Ж. Қондыбаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шет тілі: екі шет тілі мамандығы
1 курс магистранты
А. Сангулова