Блог жазбағалы көп болды маған. Бұрын да көп жазып тұрмайтын едім. Жазсам деген нәрсе көп еді де, бірақ, жеме-жемге келгенде тайқып шығатынмын. «Жазғаным жұртқа ұнамай жатса ше? Біреулер күлсе ше? Ешкім елеп-ескермесе ше?» деген ойлар ниетімнен қайтарып тастайтын. Бүгін отырып, отырып, жұрт жақтырмаса, елеп-ескермесе не бопты, небір сауатсыз блогтарды да көріп жүрміз, ешкімнің ештеңесі кетіп жатқан жоқ, менің өзіме келер сәл келеңсіз сөзді көтере алмайтындай не артықшылығым бар өзгелерден деп өзімді жігерлендіріп, бірді айтып бірге кететін блогтардың бірін жазбақшымын.
Алдымен ойыма келгені... Осы «Массагетте» тым қарапайым боп көрінгісі келетін көлгірсіген пікірлерді жиі оқып кеттім. Өзі тәп-тәуір бойжеткен. Ұлдардан ондай шықпайды. Осындағы жұртқа мақтаулы боп қалған адамның өзінің кейбіреулерден сауаттырақ, тереңірек жазатынын іші сезіп, көздері көріп отырса да, «қойыңыз, құдай, мен бе, бізге әлі қайда-а, менен де жақсылар бар...» т.с.с. сөздерін оқығанда қарадай жерге кіріп кете жаздаймын. Құдай-ау, мақтап жатыр ма, мақтауға лайық екеніңізді біліп тұрсыз ба, әшейін рахмет айта салыңыз, тым кішіпейіл боп не керегі бар. Менің осынымды оқыған осы отбасының байырғы тұрғындары жүндей жөнеле ме деп те қорқып отырмын осыны жазып отырғанда. Бірақ, қойшы... Сөзімнің басында жазғанымдай, менің елден сөз естімейтіндей не артықшылығым бар...
Екінші жазғым келіп жүрген нәрсе мынау. Бұның сіздерге онша қатысы жоқ. Әшейін, сіздер осындай адамдарды жиі кездестіресіздер ме деп сұрамақ едім. Курсқа барып жүрмін. Қандай екені маңызды емес. Бәріміз қазақтың қыздарымыз да, арамызда бір орыс қызы бар. Орыс дегенде, орыс емес, татар. Бірақ... орыс болғысы келеді. Басында жақын тартып, шүйіркелесіп жүретінмін. Бір күні естіп қалдым: «Но мне не нравятся татары. Я хочу быть русской...» деді. Асылында, тым сезімтал, жүрекке тым жақын қабылдағыш жанмын. Мен оны татар екен, мұсылман ғой олар деп іш тартып жүр едім ғой. Қолынан келсе өзінің түп-тамырынан жұлынып шығып, орыс болғысы келеді екен. Бір күні татарлар түсірген «Хайтарма» деген атышулы фильм туралы естідім, көрдім. Дәріс болатын күнді асыға күтіп, оған айтып келдім. Интернеттегі сілтемесін жазып бердім. Көр, саған керек, сен Қырым татарларынанмын деп айтқан едің ғой, тарихи фильм дедім. Жалынатын да едім, оған жетпедім. Көрер деп үміттендім. Келесі дәрісті асыға күттім. Аннадан (негізі аты Әния, Анна деп өзгертіп алыпты, айтпақшы, осы есіміне байланысты сөзден сөз шыққанда айтып қалған, орыс болғысы келетінін) киноны көрген-көрмегенін сұрадым. Жоқ деді ол. «Я еще своих сериалов не досмотрела» деді. «Қандай?» деймін. Осы кезде түрім де бұзылып кеткен шығар бәлкім. «Универ» деді ол ауызы майысып. Сонымен, ол қыздың жайы түсінікті болды. Мен қашан толерантты, жүйкесі темірдей, мығым адам бола алады екенмін? Неге мені өз ұлты мен тілін, дінін жақсы көрмейтіндер таң қалдыра, шошындыра, көзіме жас үйірілте береді? Ал басқа ұлт өкілдері мен қазақ болғым келеді, мен орыс, француз немесе кәріс емес, қазақ болғым келеді десе ше... Онда да осылай шошынам ба. Әлде өзімшілдікпен қуанамын ба? Қуанатын секілдімін. Ақылға салып ойлансам, бұным дұрыс емес секілді. Сіздер қалай ойлайсыздар?