Туыстарыммен пәтер жалдап тұра бастаған кезден бастап, жоғарғы оқу орнын бітірген соң, неге екенін гүлдер еге бастаған едім. Мектеп кезден үй гүлдеріне онша құмар емес едім, сырттағы гүлдерге де. Оқушы кезде әкем жасап берген үлкен ою-өрнекті ыдыстарға анам төбеге жететіндей етіп гүлдер өсіруші еді. Үй гүлдерінің түр-түрі жайнап тұратын әр бөлмеде. Бір сирень бар болатын, ағаш секілді өсетін. Бірақ қазір соның бірі де жоқ... Сол кезде әншейін су құйғым келмейтін соларға. Түк те қызықпайтынмын. Ал, әкем есіктің алдына гүл егетін. Өзі географ болғандықтан ба, бізді жолатпайтын. Өзі барған мектептерінің ауласынан гүлдердің ұрығын алып, көктемде егіп жүретін. Анам кеткелі, әкем есік алдына раушан гүлдерін егетін болыпты...
Соңғы екі жыл, мінеки, үшінші жылға кетіп барады, мен сол гүлдермен достасып жүрмін. Толық екі жыл біргеміз. Мектебімізден өзіме ұнаған гүлдерден бір ғана жапырақ түрінде әкеліп, мінеки, осы уақыт аралығында бірге өсіп келеміз. Кішкентай болған соң, кішкентай ыдыстарға отырғызғанмын басында. Сөйтсем кейбіреуі ренжіп, су құйсам да өкпесін жазбай қойды. Сосын үлкен ыдысқа ауыстырған соң ғана, қайта бетін бері бұрды. Пәтерімізде гүлдеріммен сөйлессем, сіңілім күлетін. Қазір басқа жерге көшіп келсем де, бірін қалдырмай алып келдім. Екі жыл ішінде тек біреуі ғана гүл жарды. Қалғаны кішкентай әлі. Менің еркелерім. Аттарын білмеймін. Білетіндерімді ғана жазып өтермін.
Лимонды жегенді жақсы көремін. Алманы жей алмаймын мүлдем, есесіне лимонды "мұжимын". Сондай "мұжыған" лимондарымның дәндерін гүлдерімнің әр жеріне тастайтынмын. Байқамаппын, бір күн қарасам, лимон өсіп шығыпты! Олар көп. Бірақ сәл "пысықтауын" бөлек шығардым. Сонымен, бұл - лимон.
Бұл "әйел бақыты" аталып кеткен, ғылыми атауы "спатифиллум" деген гүл. Кейбіреулер осы гүл гүл жарса, үйде үйленбеген адам үйленеді дейді. Ал, менің бұл сұлуыма қарасам, биыл да үміт жоқ десем, ә)) Ыдысы кіші болса да, бойы сорайып барады...
Мұның "шын" атын білмеймін. Бұл менің "Мөлдірім". Білмеймін неге, бірақ солай атадым.
Мұның да атын білмеймін. Гүлдерімнің ішіндегі ең ұзыны осы. Әуелде қатты ренжіп, қанша баптасаң да, "мөлиіп" тұрып алды. Сосын ыдысын ауыстырып ем, бұраң қағып өсіп келеді, майысып))...
Бұл ыдыста алоэ мен лимон тату-тәтті өмір сүруде. Әзірге. Қай күні қайсысы шағымданып шығар екен... деп қоямын.
Бұл гүлдің де атын білмеймін. Бұл да жоғарғыда тұрған бұраң беліме еліктеп жоғарылап барады. Көрерміз, қаншаға барар екен... (негізі бұл ыдыс бұған расында тар ше)
Бұл -молочай. Сүтінің адам бетіне, мойынға шығатын түйме іспетті сүйел түрін түсіретін қасиеті барын білдім. Әлі пайдаланып көрмедік. Ал жанындағы лимон. Молочайым бірнеше күн болды ренжіп қалыпты. Не маған, не лимонға... Су құйсаң да, мақтасаң да, шашы кеппеген қыздың басындай, не жаңбырда қалған тауықтай "ырбиып" тұр.
Өкінішке орай мұның да атын білмеймін. "Шаттығым" деп қоямын. Үнемі осылай "жадырап" тұрады! Айтпақшы, осылардың ішінде бірінші болып есейіп, екі жылда да екі рет гүл жарған осы гүлім.
Ал, бұл соңғы бір жылда ғана қосылған "доллар ағашы". Ыдыстардың ішіндегі ең үлкен ыдыс осы. Сондықтан мұнда "доллар ағашы", лимон мен кактус достасып өмір сүруде. Соңғы екеуі есейсе, "бөлек шығарамын" ғой.
Ал, мынау сәл есейіп бөлек шыққан кактус. Әлі де кішкентай. Бірақ бұл ендігі өз қызметін де атқаруда. Мені ноутбугымнан таралатын зиянды сәулелерден қорғап, "жанымда" тұрады.
Жоғарғылар - бір төбе болса, төмендегім - бір төбе. Әдетімше, жеген жемістерімнің дәндерін гүл топырақтарына сала салатынмын. Бір күні қарасам, о, тоба, құрма өмір шығып келеді! Дәнді жарып шығуын күніге қызықтап, бақылап жүрдім. Аллахтың мұғжизасына таң қалдым! Сүйсіндім! Ғашық болдым!
"Түйір дәннен" деген тіркестің мәнін ұқтым. Бірақ ұзаққа бармады. Ашық аспан, кең жерде, есепсіз топыраққа көміліп өсуге бейім "ағаш" бір уыс топырақ пен аядай "мекенді" қайтсін. Бірнеше күннен кейін солып қалды... Бірақ ешқашан ұмытпастай есімде қалды... Құдды, адамдай айтып отыр дерсіздер. Бірақ менің гүлдерім - ол менің "құрбыларым". Себебі, нешеме түрлі нәрсе басымнан өткен сәттердің барлығында да тек гүлдерім қасымда болған екен... әлде мен олардың қасында. Қысқасы, мен барда олар да бар...)) Осылай.
Н.ғ.: ...мұныммен гүлдеріммен мақтанып, не болмаса еріккеннен емес жазғаным. Әрине, әркімнің үйінде бұлардан екі есе жайнаған гүлдер толып тұр түрлі-түрлі. Бірақ бұларды "жөргегінен білемін" демекші, "әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне". Осыларды өсіре жүріп ұққаным, тек әрнәрсе бекер емес екен. Барлығына мұқият қарасаң, әлдебір керек нәрсе алуға болатынын ұқтым. Бекер жаратылмапты. Сондықтан да шығар мені әлі де "қиялы" дейтіндері жанымдағылардың...) Қыздар, гүл өсірейікші? Ұлдар, сіздер аулаға... Сөйтіп, Аналарымызды, әпке, сіңілерімізді мәз қылып... (мыжып кетсем, айып етпеңіздер, көсілдім-ау).