Астана қаласында өтетін «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі аясында Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан туристік нысандарды қамтитын 3 күндік және 5 күндік туристік маршруттар қалыптастырылған болатын. Сол турмаршруттардың 5 күндік маршрутының 4-ші күнінде аралайтын туристік нысандар қатарына Ғайып-Ерен Қырық Шілтен кешенімен бірге «Кемеқалған» монументі де енген. Ол турмаршруттар бойынша еліміз бен шетелден келетін туристерге «Шымтур» ЖШС, «Саэль тур», «Туркестан элит тур» ЖШС, «Куаныш» ЖК, «International Trade Corporation – MNZ Travel» ЖШС секілді туроператорлар қызмет көрсететін болады. Бұл туралы қосымша ақпараттарды «Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығының ontustiktravel.kz сайтынан алуға болады.
"Кемеқалған монументі". С. Буксиковтың фотосы
Енді «Кемеқалған» монументі туралы айтсақ. Бұл монумент туралы бұған дейін де massaget.kz сайтының оқырмандарына таныстырған болатынбыз. Ол блогымызға мына сілтеме арқылы оқысаңыздар болады: https://massaget.kz/blogs/11076/
"Космос және Кемеқалған" Т. Казангаповтың фотосы
Бұл блогымыз бұған дейін жарияланған блогымыздың заңды жалғасы іспетті. Географиялық орналасуы, биіктігі, алаңы, көру алаңдары секілді мәліметтерді сол мақаламызда жарияладық. Қайталауды жөн санамадық. Дегенмен, туристерді қызықтыра түсетін жаңа жобалармен таныстыра кеткен жөн болар.
Қазығұрт ауданының туристік маршруттары
Қазығұрт ауданының 2021 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, «Кемеқалған» монументі маңынан «Көшпенділердің ұлттық ойындар алаңын» ашу жоспарланған.
«Көшпенділердің ұлттық ойындар алаңы» жоспары
Бұл идеяның астарында ХІХ ғасырда өмір сүрген ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Наурыз – Қазығұрттан басталған» деген сөзін жандандыру, дәріптеу, насихаттау жатыр. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, күн мен түн теңесетін уақытта Нұһ пайғамбар кемесі Қазығұрт тауының басында қайырлаған екен. Қазығұрт тауы мен Наурыз мерекесінің сабақтастығы туралы түрлі еңбектер жарық көрді. «Көшпенділердің ұлттық ойындар алаңында» жыл сайын Жыл басы – Наурыз тойын тойлау арқылы, көшпенділер ойындары, салт-санасы, дәстүрлері, тарихы көрсетілетін болады. Мұнда көкпар, бәйге, қыз қуу, қазақша күрес секілді өзге де ұлттық спорт ойындарынан бастап, асық ату алаңқайына дейін қарастылмақ.
«Көшпенділердің ұлттық алаңын» қалыптастыру – «Кемеқалған монументі» мен Қазығұрт тауына туристер мен инвесторлар тартудың үлкен құралы. «Көшпенділердің ұлттық ойындар алаңының» жоспарланған жалпы құрылыс алаңы 20 га.
Мақала Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік бөлімі Туризм секторының материалдарымен дайындалған.