Еххх махаббат...

Еххх махаббат...
жеке
блог

Алғашқы махаббат, алғашқы сезім... бәріңізге таныс шығар деген үміттемін. Жігіт болып кешке «көк ит»- ке салып ысқырып келіп, қыз болса анасынан қорыққаннан бір уыс болып, ештеңені сездірмей далаға ысырылып шығып кету... осы сезім әлі де ояу ма көкейіңізде. Өзіміз ауылда өстік. Біздің кезде (тууһ, біздің кезде деп кеңес заманын айтқандай болып отырмын ба) осыдан 9-10 жыл бұрынды айтам, ауылда интернет деген атымен жоқтұғын. (Қазір ғой ол ауылдағы интернеттің жылдамдығы сондай киноларды онлаин көріп қой бағып жүр дейді елдер) Содан... интернет жоқ, сеть жоқ, сотка жоқ. Маяк тастайтын ысқырықпен. Ысқырық жақындаған сайын теледидардың даусын үдете түсетін едік, апам естімесін деп. Аяқ дір дір етіп, жүрек тулап. Ой қайдағы... сезімнен емес..... апамның қабағынан. Содан адамнан айла артыла ма, 10 сынып оқитын бөлеме бір «досы» келіп, өзімізше «құпия белгі» ретінде апам шығып келе жатқанда светті 5 рет жағып өшіремін деп мен қалғанмын. Бір 10-15 минут өткенде апам ақырын бөлмесінен шығып келе жатқанын естідім. Тұра салып светті қатты басқаным сол еді... күйді де кетті. Құрыған жеріміз осы болды. Белгі жетпей қалды..Өздерінше қос ғашық қашада отырған ғой. Апам жетіп барғанда қашадан құлап, қысылып қалып екеуі ұсталып қалыпты. Бөлеме таяқ тиді. Өзінше маған ренжіп қояды, күйіп кеткен светке емес. Содан бір күні мен де шығатын болдым))) Содан біздің огородтың аяқ жағында (романтикалық) кездесуді белгілеген едік. Айтқан уақытында шықтым. Ешкім жоқ.

5-10 минуттан соң қарайып біреу келе жатқандай болды. Бағанан бері мезі болған түрімді дұрыстай салып, майысып тұра қалсам....апам екен. «Әй неғып тұрсың жарым түнде» дегенін естіп аузыма сөз түспей «Огородтың есігін жауып» деп қоям. Апам да бәле ғой, сезіп қойды. Содан кейін шықпайтын болғанбаз. Сбиданиясы құрсын, апамнан қорыққан сезім артықтау сияқты ғашықтықтан))).

Апамның ең кенже қызы бар, бізден 5 жас үлкен. Оған келген жігіт тіпті ақымақ екен. Апам үйден шыққанда тезектің ішіне жасырынып қалыпты. Қырсыққанда апам түнде тезекке шыққан ғой. Кейін апамның аузынан естіп талай күлетінбіз: -Көң алуға барып, екі-үш тезек алсам бірдеңе қозғалғандай болды. Әдетте тезекте тауықтар қонақтап қалатын еді, содан аса мән бермедім. Тағы да қолымды созып едім, қолыма қаттылау көң түсті. Түнде ыстығы ұзақ сақталады деп алмақшы едім, алынбайды. Бір кезде қаттырақ тартып жіберіп ем, қайтадан орнына зып етіп тартылып алды.Сіріңкені жағып жіберіп ем біреудің аяқ киімі.

Содан зәрем қашып сіріңкені жоғары көтеріп ем, әлгі жігіт «апа, кешіріңізші» деп жыларман болып отыр. «Кет тұқымың құрығыр, неғып отырсың қораз құсап қонақтап тар кепеде» деп айқайлап ем тұра қашты дейді. Басында ешкім үндемеген, бір кезде ішек-сілеміз қатып күлетін болдық. Осы әңгіме апамның аузынан мүлдем қызық болып шығады. Әсіресе өзінше ашуланып айтқан кезде.