«Сырлы сұхбат алаңында» қонақта - Абзал САРИЕВ!
Ең алғаш жазған өлеңіңіз қандай еді? Кімге арналған еді?
Анамның туған күні қаңтар айының бірінші жұлдызында. 31 желтоқсан күні отырып қатты шабыттанып кетсем керек, қағаз бен қалам алып (бұрын ондай қылығым мүлде жоқ-тын), ең алғашқы Өлеңімнің иірімдерін Анамның атына жаза бастадым. Ол ЖОО-ның 1-курсында оқып жүрген кезім болатын. Сол жолы қалаға қысқы демалыстан орала сала алғашқы «тәй-тәй» Өлеңдерімді, кішкентай қойын дәптерім болатын, сонда тығылып жазып жүрдім. Кімнен, не үшін тығылғанымды білмеймін (мүмкін қызғаныш шығар?..), сол Өлеңдерімді тек өзім ғана оқып, өзіммен-өзім кәдімгідей шабыттанып жүрдім. Кейін келе, аты-жөнімді жазбай түрлі («агент», «мой мир», «мәссаған»-дардың дәуірі дүркіреп тұрған кез) желілердің бұрыштарына түртпектеп жүрдім. Оң бағасын алғанда әжептеуір тоқмейілсініп, ұйықтай алмай қалған кездерім болған.
Бірақ айта кететін жайт, нақты алғанда, мен өзімді ақын екем деп ойламаймын, мойындамаймын, айтпаймын да. Өлеңдерімнің тізбегі тек сәтті ұйқас қуып, дерлігі актуалды мәселелер төңірегіндегі жеңіл әзіл ретінде құрылыпты. Аса биік бағаға ие деп бірде-біреуін айта алмаймын... Дегенмен, әлі күнге дейін өзімнің көптеген баяғы «күн көрмеген», әлі еш жерде жарияланбаған Өлеңдерімді «өзімнен өзім тығылып» оқып, кәдімгідей шабыттанып жүрем. Солай...
Болашақта жарыңыз қандай болғанын қалайсыз?
Болашақ жарымның кандидаттарына қойылатын 3 талап:
1) «Шымкентский» болуы керек!
2) Сәлем салуы керек!
3) Сиыр сауа алуы керек!
Әзіл ғой... Қай жігіт өзінің жарының әдемі, иманды, инабатты, ата-ана, бауырларын, өзін сыйлайтын, және шын сүйетін, адал, ақылды болғанын қаламайды дейсің? Мен де сондай тілегі мен жүрегі қарапайым қатардағы жігіттердің бірімін. Ерекшелеп «мынандай» деп астын сызып айтпаймын. Бастысы өзіме сенімдімін. Ар жағын ниетіме сай етіп Алла өзі үйлестірер.
Өміріңізде қанағаттанатын үш нәрсе?
Қанағатты әр нәрседен тауып жүрміз ғой. Сұрақ жалпылай қойылғандықтан жалпылай жауап беріп көрейін:
1) Менің ата-анамның, бауыр, дос, туысқандырымның аман болуы – мен үшін қанағат.
2) Елімнің аспаны ашық және дамып келе жатқандығы, әлемде еш жерде соғыс болмауы – мен үшін қанағат.
3) Әр жолы қол жайып, тілек тілегенде: «Жүректерге - иман бер; қарны ашқа - тамақ бер; киімі жоққа киім бер, Алла...» дұғасы – мен үшін қанағат.
Әлеуметтік желілерді қаншалықты пайдаланасыз? Қандай түрлерін?
Тұрақты қолдануышымын. Жалпы, мен, бір күнде жұмысыма тәуліктің 10 сағатын арнаймын (не арнауға тырысамын). Өзімнің қағидам солай. Ал, сағатпен өлшегенде әлеуметтік желіге жұмсалатын уақыт 4-5 сағаттан кем емес екен. Әрине оның әрбір секундында желіде отырамын емес, тек жұмыстағы компьютерімде әлеуметтік желілердің парақшалары ашылып (қосулы) тұратын уақыты сол. Мысалы: www.ikitap.kz сайтында ашып қойып кешке дейін шағын әңгімелерді оқып тастауға тырысамын. Әдетте жұмыс уақытым біткен соң (кешкі 18.00), браузерде сақтаулы әлеуметтік желілердің біреуін қалдырмай ақтарып, бүге-шігесіне дейін зерттеп, тігісін жатқызып, рақаттанеееп үйге қайтам.
Жиі қолданыстағылар: Massaget, Facebook, Twitter, Instagram... Жалпы кез-келген жөні түзу деп тапқан желіде abzalsariyev аккаунтымен тіркелемін. Осы аккаунтты өзімнің атыма заңды түрде әділет органдарынан тіркеуден өткізіп алам-ау деймін ).
Массагеттің блоггері Эльвира Ерғалинамен
Массагеттің контент-менеджері болып қызмет етсеңіз, қандай жаңа рубрика ашып, қандай тақырып жайында жазар едіңіз?
Егер мен Массагет сайтының контент-менеджері болсам бірінші Мейіргүлді жұмыстан шығарып жіберер едім :)) Құрысын, жәй айтам, аталған қызметтің қандай міндеттемелері және құқықтары бар екенін түсініп алмайынша сұраққа жауап бермей тұра тұрайын.
Сонда да Массагеттің қазіргі қалпын оның дизайнын өзгертіп, жаңа, тың айдарлармен дүмпу жасап тастар едім деп ойлаймын.
Сізді нағыз қазақ жігіттеріне тән мінезі барлар қатарына жатқызам өз басым. Өмірдегі басты тәрбиешіңіз кім болды?
Сенім, дара пікіріңізге рақмет! Өмірдегі ең басты тәрбиешім - ол мен сүріп жатқан ғұмырым. Оның тәрбиесін алып келем, ала да бермекпін. Ал оның ең басты рөлдерін: Әкем, Анам, қарындасым, інім, бастауышты бітіргізген Сапаш апайым, қос мектептегі сыныптастарым, Алматыдағы заңгер топтастарым, пәтер жалдап тұрған кездегі бөлмелестерім, шетелдік достарым, желідегі достарым, алғашқы әріптестерім, алғашқы бастығым, алғашқы айлығым, алғашқы махаббатым, алғашқы маған деген іңкәр сезіммен хат жазған қыз, алғашқы сүйіскен аруым, алғашқы «андроид» телефоным, барлық-барлық тілдесіп-жүздескен жандар мен қалған барша тағдырластарым құрайды. Өмірдің маған бермек сабаған алып келем, соңғы демім шыққанша ала бермекпін...
Кімге еліктеп, кімді үлгі етіп, кімнен жақсы қасиеттерді көбірек алдыңыз?
Қатты еліктегішпін. Қазір де еліктеймін. Еліктеудің өзін дұрыс түсініп алған жөн сияқты. Адамның «еліктеу» қасиеті дұрыс та, сол еліктеттірген жанды «қайталай» беру – бұрыс. Бір сөзбен: Еліктеуді қайталаумен шатастырмау керек. Мысалы: Мен өз Әкеме еліктеймін. Әкемнің бар қасиетін бойыма сіңіріп, сол кісінің деңгейіне жетіп, оны қайталап қана қойып, сосын өзіме тежеу қойсам оным дұрыс болмас. Қазақтың: «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол», «Уақыты келсе, тұлпардан тай озар, өнері жетсе, әкеден бала озар», «Ұстаздан шәкірт озар»,- дейтіні сондықтан. Айтпағым, мұндағы «озу» тек білім және уақытпен ғана емес, еліктеушілікпен де келеді.
Бекболат Тілеухан ағамыздың «Абайтанымы» мен сөз саптағандағы даралығына, Мұқтар Шаханов ағамыздың Өлеңдеріндегі айбаттылығы пен ұлтшылдығына, қазіргі қазақ жастарының бойында бар «рухты мінез» бен «жалынға» еліктеймін.
Өкініш деген не? Өкінішіңіз бар ма?
«......» дегеннің не екенін 20 жасыма дейін білмей келдім. Мүмкін Сіздерде де солай шығар, мүмкін басқалай, «бұл» сөздің анықтамасын мұндағы әркім де білсе керек. Өз басым «оны» жөн деп санамаймын және ешқашан, ешқандай жағдайда да Жаратқаннан сыйға тартылған аса құнды Өмірімді «оған» шығын етіп, жұмсамауға бекігенмін. «Ештеңеге де ешқашан да өкінбеймін» десем болады.
П.С. Соңғы айтылған жеке пікірімді өз ақылыңызбен талқылау барысында дау тудыратын сұрақ қойып не мүлдем келіспейтін кейпіңізді білдіріп мәре-сәре боп жатудың қажеті жоқ...
Адамдарға «Жақсы» немесе «Жаман» деген сын есімдерді телуге келісесіз бе?
Иә, келісемін. Себебі менің танымымда: «Дөңгеленген мынау Әлем - пиғылы мен ниеті түзу тек жақсы адамдардың барлығы және көптігінен өз осінен тайып кетпей, дұрыс бағытта айналып тұр. Жаман адамдардың көбеюі - ақырзаманның орнауымен аяқталады.»
Өзіңізге айтылған сынды қалай қабылдайсыз?
Ара шағып алғандай сезімде боламын. Рас. Ол араның уы даруының да өзіндік түрлері бар: бал ара шаққандай (жазылуы ұзақ), қызыл ара шаққандай (жаныңды шығарып жібергендей болады), сары ара шаққандай (шаққанда «шым» ете қалады), гүл ара шаққандай (білінер-білінбес)... Бірақ, қай ара шақса да ол бойыңа серпіліс, рухыңа сергектік сыйлайтын бір ерекше құбылыс. Сын да солай!
Кім-кімге де «сынды» қабылдау - оңай келмесіне кепілдік беремін. Сын әдетте өзіңнің ішіңнен шыққан дүниеңе, еңбегіңе қатысты айтылып жатады. Әрбір айтылған сынға іштей дайын болуың керек. «Итің жаман» десе, бәріміз де намыстанып қаламыз. Ал, ай толғанып, жыл тебіренген дүниеңе біреу кеп шекесінен шертіп «сын» тағып жатса, әрине кіржиіп қаласың, мейлі ол орынды не орынсыз болсын. Бірақ, автордың ақылдылығы, көрегенділігі, талаптылығы сол – ол айтылған сынның бәрін де кәдеге жаратады. Ешқайсысын да қараусыз қалдырмайды. Мен де сөйтем.
Қазіргі кезде жастарымыз, соның ішінде кішкентай балапандарымыз неге компьютер ойындарына әуестеніп кетті екен? Неге ұлттық ойындарымызды дәріптеп, ата-аналары компьютер клубтарына әкелгенше, неге ұлттық ойындарымызға баулымайды екен деп ойлайсыз?
Бірінші сұрағыңыздан түйгенім: жастардың ермегі компьютер болмауынан, олардың оған «әуестенбеуінен» біз шынымен де сақтануымыз керек. Жастар компьютерді толық меңгермей Біз мынау тайғанақ, тар Әлемде «ешкім» де бола алмаспыз. Балаңыз (іні-қарындасыңыз) таңнан кешке дейін тек «ойын» ойнап жатса онда оны дұрыс жағына қарай қадағалаңыз. Мысал үшін: Microsoft Office бағдарламасын толық меңгеріп алуына ықпал етіңіз. Менің туған інім компьютер ойындарын, былайша айтқанда «шашады», сонымен қатар оған клавиатурада мәтін теруді үйрететін түрлі бағдарламалар мен аталған Office қарапайым бағдарламаларына уақытын бөлуін талап етем, қадағалаймын. Компьютер меңгерілмей мына заманның кілтін біз өз қолымызға ұстай алмаспыз.
Ал, ұлттық құндылықтар жайлы ойыңыз үлкен аудиториялық талқылауға салуға жататын ауқымды, актуалды тақырып. Менің алып-қосарым: ең болмағанда көкпар, асық ату, қыз қуу, ақсүйек, қысқасы барлық қазақы дәстүрдегі ойындарды «компьютер ойыны етіп бағдарламалау», қаласаңыз «жаңғырту» керек.
Бала Әбекенти мен қазіргі Абзал Сариев )))
Досым деп жүрген адамыңыздан көңіліңіз қалған кез болды ма?
Ешкімге де көңілімді қалдырғым келмейді. Көңілімді қалдырған жағдайда да ешқашан айтпауға тырысамын. Ренжу, көңілі қалу, томпию сияқты сезімдерді бойымнан аластап, керісінше денемді тік ұстап, батыл шешім қабылдап, нақты қадам жасауға тырысамын.
«Өмірде шын бақытты болғың келсе, «Ақылдылықты үйрен не, ақылды қызға үйлен!» деген бар. Сіз қайсысын таңдайсыз?
Сұрақ адамды әдемі адастырады екен. Қалайша бұл өмірде «шын бақыттың» кілті ақылдылықты үйрену не ақылды қызға үйленумен теңесіп қалыпты? Жарайды, шынымен де шарт солай болса, ақылды қызды таңдар едім. Себебі, ол менің ооу алғашқы махаббатыма қолым жетпеген күннен бастап іштей өз-өзіммен серттескен бала арманым.
Жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырата аласыз ба?
Жақсылық жасағанды адамның жаны сезеді. Көбіне үнсіз қабылдайтынымыз сондықтан. Ал, жамандық көрген сәтте жүйке қозып, жанымыздағылармен жармасып, алауыздық тудырып жататын кезіміз бар. Ара жігі – Жер мен Көктей!
«БлогКэмп-2013» Сізге не берді? Ол жерден нендей ой түйіп қайттыңыз?
Қазақтың жастары дарынды, ақылды, мына елдің тірегі, ата-бабамыздың арманын мүлтіксіз орындаушы, жұртқа түскен жүкті жұмыла көтерісетін, бақытты жандар екеніне көзім жетті.
Адамдарды қалай бағалайсыз?
Бір ғана (мың сан болса да) критериймен адамдарды бағалау өте сараңдық боп табылады. Себебі адамның санына қарай түрі де, мінез-қылығы көп, оны дөп тауып бағалау өте-өте қиын. Сосын, бағалау да аса бір адами жақсы қасиет емес. Мен, эгоистік көзқараспен кейде жақсы не жақсы емес деп бағалайтыным бар.
Барлықтарыңызға рақмет!
суреттер: on.kz, massaget.kz сайттарынан және жеке мұрағаттан.
Айжан Табаракқызы мен Есіл Еркесіне сұрақтар saltanat-kz@inbox.ru-да қабылданып жатыр.