Егер мен қатігез болсам...

(Ешқандай эмоция жоқ, жәй ғана оқуларыңызды өтінем. Оқымасаңыздар да өкпем жоқ)))

Өткенде бір кісі «болашақ балаларымның анасы болшы» деп ұсыныс айтты. Әрине, мұндай тік ұсынысқа кез-келген қыз шошынары анық. Сонда да сабырлылық таныттым деп ойлаймын. Барыншы сыпайы түсіндіріп, ұсынысынан бас тартып ем, ол кісінің сөзі сүйектен өтті. Есік алдындағы итің жаман десе намыстанатын қазақ емеспіз бе?! Сөз сүйектен өтеді деген рас екен. Сыйлап, сыпайы жауап беруге тырысып жатқаныма қарамастан «қатігез, тас жүрек адам екенсің» деді. Мейлі. Ол да рас шығар. Бірақ мен соншалықты қатігез емеспін.  Мұны ол адамның оқитынын біліп жазып отырмын. Жеке басымның шаруасын жазғаныма айып етпеңіздер.

Егер мен қатігез болсам... Әсіресе махаббатта... небәрі 16 жасымда алғаш рет ғашық болып, өмірге басқаша көзқараспен қарамас ем... Бірнеше жыл қатар жүріп, махаббаттың бал-уын татпас ем... Онымен барлық қарым-қатынас үзілер шақта, оны соңғы рет көріп қалу үшін вокзалға қарай құстай ұшпас ем...  2-вокзалға жетіп, пойызының 1-вокзалдан тоқтайтыны білгенде жүрегім сыртқа шығып кете жаздап, асығып-үсігіп 1-вокзалға такси ұстаймын деп көлік астына түсіп, апат көрмеуші ем... Арада қаншама уақыт өткенде, оның тұңғышы өмірге келіп, қуанышын менімен бөліскенде, қуанышына ортақтаспас ем...

Егер мен қатігез болсам... Өзіммен аттас қыздан жүрегі жараланған жігітке назар аудармас ем... Ол мені, мен оны сүймейтінімізді біле тұра, оның ескі жарасы үшін күреспес ем... Ол мен оқып жатқан қалаға келгенде күтіп алып, барлық жағдайыммен оның барлық жағдайын жасап тосып алмас ем... Оның уақыт өте келе маған деген жек көрінішті сезімі мен ойларын біле тұра, оған күліп сөйлеп, бәрібір достық ниетімнен бәріне көз жұма қарамас ем...

Егер мен қатігез болсам... Мені өзімен бірге махаббат құрды деп, достығымды аяқ асты етіп, намысымды жерге таптаған өзге ұлт адамын ешқашан кешірмес ем... Оның барлық жасаған әрекеттерінен кейін, әсіресе менің достығыма кір келтірсе де оған қолымнан келгенше бар көмегімді беруге тырыспас ем... Оның (шетелдік азамат болғандықтан) дәрістегі барлық қиындықтарын шешіп, оқуын ойдағыдай аяқтауына көмектеспес ем...

Егер мен қатігез болсам... Аз ғана уақыт болса да көңіл жарастырған группаласымды алға жетелемес ем... Бір-бірімізді жақсы көрмейтінімізді біле тұра, амал жоқ (спормен) жұп бола жүре, оның бақыты үшін күреспес ем... Оның кейбір қылықтарын жасырып қалмас ем... Ол менің жасаған кей әрекеттерімді дұрыс бағаламаса да, мен оны ер-азамат деп құрметтемес ем...

Егер мен қатігез болсам... Өзімнен он шақты жас үлкен азаматтың сезіміне құрметпен қарамас ем... Оның көңіл-күйіне назар аудармас ем... Өзімді қинап оның бар ығына қарай ығысып көруге тырыспас ем... Жүрекке әмір жүрмеген соң болмайды екен, оның үмітін үзіп, тағы да бір адамның жек көретін адамына айналмас ем...

P.S. Мен жоғарыдағыларды жасадым. Демек қатігез емеспін деп ойлаймын. Махаббат жолында қатігез, тасжүрек екенсің дегенді жиі естимін. Әсіресе соңғы кездері... Әзірге нақты ешкіммен сөз байласпағаным үшін, жұдырықтай жүректің сыңарын әлі кездестірмегенім үшін мені кінәлауға, қатігез деуге болмайтын шығар...



Бөлісу: