Егер мен жазушы болсам...

Қартаң сестра қай жаңалығын бірінші айтарын білмей тұрды ма, білмеймін, ауруханаға кіргізіп алып, маған қарап үндемей, ұзақ жүре берді. Не де болса, жақсысын айтайын деп шешсе керек, реанимация деп қашалған жазуы бар бөлмеге әкелді. Аурухананың демсіз, шат өмірге жат көк түсі алдын ала білгендей көңілімді түсіре бастады. Жол бойы ләм-мим демеген сестра енді ғана бойына тіл біткендей бетіме тіке қарап, тез-тез екі сөйлем айтты. Есімде қалғаны - жас сәбидің өмірге ұмтылысы қол жетпес Алатау шыңдарындай биік екендігі және мен сүйген арудың мәңгі оралмасқа кеткендігі. Балғын сәбиді көрсетіп тұрып, сестраның Меңтай жатқан мәйітхана, маған ұзақ хабарласа алмағандары жайлы бірдеңені айтуға тырысып жатқанын кейін байқадым.

          Меңтай бізді мәңгілікке қиып, тастап кете барды. Артында қалған алтынның сынығы, шұғаның қиығы Махаббат биыл жетіге келеді. Меңтай мұғалім болып кірсем екен мектепке Махаббат қатты асығуда. Осыған дейін асырап баққан Майраның апасын енді жарты күн көре алмайтынына қынжылуда. Ес жиғанда, ендігі туған ата-анасын мүлдем көре алмасын түсінгенде бұл бала қандай сезімде болар екен?! Өмір-ай, өмір! Өзінің қатал кездерін балдырғанға білдіртпесең, болмас па еді?!

Меңтайдың қазасы өмірімізде терең сыз қалдырды, айықпас дертке шалдықтырды. Кешегі дәрігердің айтуына сенсек, менің көрер қызығым аз қалды. Қағаз жүзінде Махаббат - Заман мен Таманың көз қуанышы. Мен кеткенде асыл достарымның Меңтай екеуіміздің ізбасарымызды қанаттыға шоқтырмасына шүбәм жоқ. Асылыммен кездесеріме ынтыққаныммен, қу дүние-ай, анасынан айнымаған ботақанымды қимаймын. Соңғы сәлеміңді хат арқылы жеткізе алу... Бұл да бір Құдайдың құдіреті болса керек... Қош бол, Махаббатым! Бар кезімде айтпағанымды кешір! Аман бол, құлыным! Аман болыңдар, осы заманның Қозы Көрпеші мен Баян сұлуы!



Бөлісу: