Дзюдошыларымыз Ташкент татамиінде ерледі!

Дзюдодан Ташкентте өтіп жатқан әлемдік гран при турниры өз мәресіне жетті. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы 10 медаль жеңіп алды. Оның  ішінде 3 алтын, 2 күміс, 5 қола жүлделер. Алғашқы жарыс күнінде 5 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер жиынтығы сарапқа салынып, ел қоржынына 4 жүлде бұйырды. Балуандарымыздың Ташкент татамиінде көрсеткен нәтижесі:

Елімізде бақталастық артып тұрған 60 келіде 2 балуанымыз жарыс жолына шықты. Бауыржан Жауынтаев бірінші айналымда әзірбайжан балуаны Мурат Хейдрлиден басым түсті. Екінші айналымда өзбек спортшысы Шарифуддин Латифуллаевтан айласын асырып, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда тағы бір өзбек балуаны Мухриддин Тилоловтан жеңіліс тапты. Жұбаныш белдесуінде бос болған Бауыржан қола жүлде үшін өткен белдесуде әзірбайжан дзюдошысы Тофиг Маммадовтан басым болып, қола жүлде иеленді. Осы салмақтағы екінші балуанымыз Асылжан Сейдуалы алғашқы кезеңді жеңіспен бастағанымен, екінші айналымда моңғолиялық Дашдава Амартувшиннен ұтылып қалды. Қолаға таласуға мүмкіндік беретін жұбаныш белдесуінде әзірбайжандық спортшыға есе жіберіп, жүлдесіз қалды.

66 келіге дейінгі салмақта 2 балуанымыз жүлдеге таласты. Айбек Имашев алғашқы айналымда әзірбайжандық Сейдемир Елтураннан ұтылып, жарысты ерте аяқтады. Азамат Мұқанов алғашқы кездесуінде тәжікстандық Баходур Халимовтан басым болды. Екінші белдесуінде өзбек балуаны Абдухали Юсуповты тізе бүктіріп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда Джереб Андразды таза ұтып, финалға жолдама алды. Алайда финалдық сында жапон дзюдошысы Такачи Кенгодан ұтылып, күміс медальді місе тұтты.

Әйелдерден 48 келіге дейінгі салмақта Ұлдана Сайыл  татамиге шықты. Алғашқы кездесуінде өзбек қызы Нодира Гуловадан жеңіліс тапты. Бірақ қарсыласы жартылай финалға шыққандықтан, Ұлдана жұбаныш бәсекесіне қатысты. Жұбаныш белдесуінде өзбек аруы Гүлнұр Мұратбаеваны ұтып, қола жүлде үшін өткен белдесуде өзбекстандық Мукаддаш Кубеевадан ұтылды. Ұлдана турнирды 5-ші орынмен қорытындылады.

52 келіде қос аруымыз сынға түсті. Гүлдана Алмұханбетова алғашқы айналымда бос болып, екінші кезеңде өзбек қызы Диора Келдиоровадан  жеңіліп қалды. Өзбек қызы жартылай финалға өтіп, Гүлдана жұбаныш белдесуінде бақ сынады. Жұбаныш белдесуінде өзбекстандық Гүлайым Жұмабаеваға  есе жіберіп, турнирді жүлдесіз аяқтады. Айкүнім Түйтекова алғашқы айналымда бос болды. Екінші кезеңде өзбек қызы Диора Убайдуллаевадан мықты екенін танытты. Жартылай финалда ресейлік Айгүл Таштимировадан  басым түсті. Финалда татами иесі Диора Келдиорованы  юко ұпайымен жеңіп, алтыннан алқа тағып, Өзбекстан спорт кешенінде әнұранымызды шырқатты.

57 келіге дейінгі салмақта Анна Казиулина және Севара Нышанбаева құрама намысын қорғады. Анна алғашқы айналымда Амангүл Алланазаровадан  басым түссе, Севара татами иесі Маликабону Мырзаевадан  мықты екенін дәлелдеді. Бірақ екі аруымыз да жартылай финалдан аса алмады. Анна Казиулина люксембургтық балуан Дурбач Манонға ұтылса, Севара Нышанбаева ресейлік Анастасия Конкинаға жол берді. Жұбаныш белдесуінде бос болған қос жерлесіміз қола медаль үшін күресу мүмкіндігін алды. Анна өзбек балуаны Санобар Султановадан  жеңіліп, жүлдесіз қалды. Севара өзбек қызы Армангүл Алланазаровадан  басым болып, қолаға қол созды.

Жарыстың екініші күні ел қоржынына жалғыз қола медаль түсті. Ерлер -73 кг, -81 кг, әйелдер -63 кг, -70 кг-да татами мықтысын анықтады.

-73 келіде құрама намысын Елдос Жұмақанов қорғады. Айта кетейік, бұл Елдостың жаңа салмақтағы алғашқы турниры. Бұған дейін Елдос 66 келіде бақ сынаған болатын. Елдос алғашқы айналымда Хайомеддин Жаббаровтан айласын асырды. Алайда келесі кезеңде өзбек мықтысы Гиозжан Бобоевтан ұтылып қалды. Жұбаныш белдесуінде Сарвар Шомурадовты  жеңіп, қола жүлде үшін өткен белдесуде ресейлік Уали Куржевке ұтылды. Елдос 5-сатыдан көрінді.

-81 келіде қос жерлесіміз татамиге шықты. Ерназар Хамзин алғашқы кездесуінде-ақ өзбек Давлат Бобоновтан ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды. Арман Махамбетов алғашқы айналымында бос болды. Екінші кезеңде Афиг Сафарлиді жеңіп, жартылай финалға өтті. Жартылай финалда жапон балуанынан жеңіліп қалды. Жұбаныш белдесуін бос өткізіп, қола жүлде үшін болған кездесуде черногориялық Срдиан Мрваличке есе жіберіп, жүлдеден тыс қалды. Арман да турнирдің 5-сатысына тұрақтады.

-63 келіде бақ сынаған аруымыз Әйгерім Тасболат алғашқы белдесуінде Шодия Тавашаровадан  ұтылып, турнирды ерте аяқтады.

-70 келіге дейінгі салмақта Аелита Щербакова құрама атынан сынға түсті. Бірінші айналымда өзбекстандық Васила Алибоевадан  басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалдық белдесуде жерлесіміз тағы бір өзбек аруы Гүлноза Матниязовадан  жеңіліс тапты. Жұбаныш белдесуін бос өткізген Аелита қола жүлде үшін өткен кездесуде Умида Сайдовадан  ұтып, қола медаль жеңіп алды.

Турнирдің соңғы күні, қазанның 8-де қалған 5 салмақта медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Ерлер -90 кг, -100 кг, +100 кг-да, әйелдер -78 кг, +78 кг-дарда бақ сынап, турнирды қорытындылады.

-90 келіге дейінгі салмақта қос дзюдошымыз бақ сынады. Мейрамбек Жаңғабай алғашқы айналымда бос болғанымен, екінші кезеңде өзбек өкілі Давронбек Саттаровтан  жеңіліп қалды. Өзбек балуаны финалға шығып, Мейрамбек жұбаныш белдесуінде бағын сынады. Әзірбайжандық қарсыласын тізе бүктіріп, қола медаль үшін өткен белдесуде өзбекстандық Мухамедкарим Хуррамовке  есе жіберді. Жалпы көрсеткіші 5-ші орын. Әзиз Қалқаманұлы бірінші белдесуінде өзбек дзюдошысы Шарбатли Васифке жол беріп, жарыс жолын ерте аяқтауға мәжбүр болды.

-100 келіге дейінгі салмақта Виктор Демяненко және Никита Азаров татамиде бақтарын сынады. Никита Азаров алғашқы белдесуінде жеңіліп, турнирмен қоштасты. Виктор Демяненко алғашқы кезеңде бос болды. Екінші айналымда ресейлік Занкишиев Казбектен жеңіліс тапты. Ресейлік жартылай финалға жолдама алып, Виктор жұбаныш белдесуінде өзбек балуаны Авазхан Туймуродовты  қапы қалдырды. Қола жүлде жолында тәжікстандық Сайджалол Сайдовты  жеңіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

+100 келіде еліміздің намысын Ержан Шынкеев қорғады. Алғашқы айналымда бос болған жерлесіміз екінші кездесуінде америкалық Акбаржан Иминовты тізе бүктіріп, жартылай финал жолдамасын иеленді. Жартылай финалда қырғызстандық Юрий Краковецкийден басымдық танытып, турнирдің финалына жолдама алды. Финалда жерлесіміз ресейлік Андрей Волковтан  мықты екенін дәлелдеп, турнирдің алтын медалін мойнына тақты.

-78 келіге дейінгі салмақта Зарина Райфова және Альбина Амангелдиева құрамамыздың намысын абыроймен қорғады. Зарина Райфова алғашқы айналымда өзбек қызы Нодира Юлдашеваны айналып өтсе, Альбина Амангелдиева іріктеу сындарында ешқандай белдесу өткізбей жартылай финалға жолдама алды. Зарина жартылай финалда Абигель Иоодан жеңіліп қалды. Альбина жартылай финалда өзбек қызы Кумуш Юлдашовадан басым түсіп, ақтық сынға жолдама алды. Ақтық сында венгриялық Абигель Иооға есе жіберіп, күміспен күптелді. Зарина жұбаныш белдесуінде бос болып, қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Қола жүлде жолында өзбекстандық Дильноза Камоловадан  мықты екенін танытып, қолаға қол созды. Альбина Алматыда өткен әлемдік гран при кезеңіндегі жетістігін қайталады.

+78 келіде команданың ардагер балуаны Гүлжан Иссанова татамиге беттеді. Жарысты екінші кезеңнен бастаған жерлесіміз алғашқы белдесуінде Шахло Хамрокуловадан  басым түсіп, жартылай финалға өтті. Жартылай финалда ресейлік Дария Карповадан  айласын асырып, финалға алқынбай жетті. Финалда беларусиялық Марина Слуцкаяны жеңіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.

Сонымен, турнирдің қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль иеленіп, Өзбекстан құрамасынан кейін жалпыкомандалық есепте 2-ші орынға ие болды. Өзбекстан құрамасының еншісінде 6 алтын, 3 күміс, 11 қола медаль. Үздік үштікті Ресей құрамасы түйіндеді. Ресейде 3 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль.



Бөлісу: