ДЫБЫССЫЗ РЕЖИМ

Жалғанхан барлық телеарнадан «Ай, әлеумет, жарандар! Бірің қалмай, бәріңіз, алаңға жиналыңыз! Азып-тозған адамдар іштегі шерін тарқатсын! Есесіне ағаштан бал, шөптен сүт ағылатын молшылыққа кенелтемін!» деп, дүйім жұртты аң-таң қылып сөйледі. Хабарды естіген халық сенер-сенбесін білмей: «Ақтан безген ары жоқ бұған не болған? Құдайдан қорқып, бізге мән беріп, бар күнәсінен тазармақшы ма? Айтқаны шын болса, әйтеуір бір жөні болар. Барсақ, барайық» деп алаңға жинала бастайды. Биліктен әбден күдерін үзген алқам-салқамы шыққан халық белгіленген жерге тегіс жиналған тұста мінберге Жалғанхан шығады.

«Иә, халқым, бүгін сіздермен ашық әңгіме құрайын деп осында жинадым. Айтатын тілектерің бар ма? Неден қиыншылық көріп жүрсіңдер? Жағдайларың жақсы ма?» деп сұрағаны сол еді, алаң у-шу болды да қалды. Жалғанханға ашынған адамдар бірін-бірі тыңдамай, үлгермей қаламын деп бар мұңын айтып жатыр. Гуілдеген дауыстан түк естілер емес. Жалғанхан «Тыныш!» деп мінберді қолымен дүңк еткізгенде халық селк етіп, сілтідей тынады. «Қам жемеңдер, бәріңді тыңдаймын! Кезекке тұрып, бір-бірден айтыңдар» дейді хан.

-     Адал ақы, маңдай теріммен тапқан табысым желініп жүр. Еңбегімді дұрыс бағаламайды.

-      Мына журналға есіміңді, жұмыс орныңда жаз. Ертеңнен бастап бәрі оңалады.

-     Ал, менің, бес балам бар. Өзім күн-түн демей, әйтеуір, балапандарымның қамы үшін үш жұмыста жүрмін. Баспанамыз ол жоқ. Анда-мында көшіп, қашанға қаңғырып жүрмекпіз? Өз елімізде баспанасыз жүрген не деген сорлы едік? – деп елуді алқымдаған ана ағыл-тегіл жылайды.

Жалғанхан ананың көзін сүртіп, жұбату сөздерін айтып, үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған кезде бақыттан басы айналып, әлгі шешей талып қалады. Жалғанхан оған су шашып, өйтіп-бүйтіп оятып алған соң, ана шексіз алғысын білдіріп, балаларына қарай асығады.

-     Менің де баспанам жоқ!

-     Менің де!

-     Үш дипломым бар, жұмыссыз жүрмін! Бастықтың туысы болмағаным үшін айыптымын ба?

-     Балам ақтан кетті!

-     Ал менің...

-     Мен ше? Мені де тыңдаңыз!

Жалғанхан бәрін тыңдап, бәріне қол ұшын созып, мәселелерін шешіп жатыр. Бірақ, халық толассыз көп, бәрі де наразы. Бір мезетте қаптаған кісі ханға қарай беттеп, үстіне үймелей бастайды. Хан шыға алмай, «өлдім, біттім» деп жан дауысымен айқайлайды.

-     А-а-а-а-а-а-а-а-а-а-а-а-а-а!!!

«А-а-а-а-а-а-а-а-а-а-а-а-а-а!!!» деген қалпы үсті-басы тер болған Жалғанхан түсінен шошып оянады. Сөйтсе, теледидарды көріп жатып ұйықтап қалыпты. Оянса, жаңалықтардан жердің бір жеріндегі дүрбелеңді көрсетіп жатыр екен. Халық наразылығын айтып, көтеріліске шығыпты. Әбден шаршап оянған Жалғанхан қолындағы пультпен теледидарды «дыбыссыз режимге» қояды. Сонда ғана құлағы тынышталып, «үһ, рахатын-ай» деп, қайтадан ұйқы құшағына еніп, қорылға басады...



Бөлісу: