Мелиоранский П.М. /шығыс зерттеушісі, профессор/. «Казахский всеми исследователями признан самым богатым, самым чистым среди тюркских языков.»
Малов С.В. /орыс ғалымы/. «Казахский язык знаменателен своим красноречием, красивым устным народным творчеством.»
Радлов В.В./ресейлік шығыс зерттеушісі/. «Я считаю великими три языка из всего числа мировых языков – это русский, французский и КАЗАХСКИЙ...
...Казахский язык мысли передает очень точно и ясно. Даже при обычном разговоре строение и слаженность предложений становятся похожими на стихи.»
Егер, Радлов бүгінгінің зерттеушісі болғанда, бәлкім, әлем тілдерінен тек екі тілді ғана ұлы санар ма еді, кім білсін?! Кейде тіліміздің ұлылығынан айыратын «Үлкен рахмет», «Оқасы жоқтар» ма деп қалам.
Айталық, біреу сізге үлкен жақсылық жасады. Ризалығыңызды білдіру үшін «Үлкен рахмет» дедіңіз. Ол адамнан «Оқасы жоқ» деген жауап алдыңыз. Осы диалог арқылы қазақ тілінің тамырына балта шаптыңыз.
Алыстан орағытпай, тақырыпқа төтесінен тартайын. Қазақта рахметтің үлкен-кішісі болмайды, айтар болсаңыз, «көп рахмет» деп сөйлеу ләзім. Орыстың «большое спасибо» сөзінен тікелей аударылған «үлкен рахмет» қазақ тілінің «үлкен жегі құртына» айналғандай.
Ал «оқасы жоқ» деген сөзді орынды қолданып жүрміз бе? «Оқаның» өзінің бірнеше мағынасы бар. Соның бірі «айып», яғни «айып емес» деген сөзбен мағыналас. Енді қараңыз, сізге біреу ризалығын білдіріп, рахметін жаудырып тұрғанда «айыбың жоқ» деп қоя салғаныңыз қаншалықты қисынды? Оның орнына «жөн-жөн», «жақсы», «игілігіңе жарат» деп сізге рақым тілеп тұрған жанға неге құптап, тілегіңізді айтпасқа? Бұл «оқасы жоқ» деп опыра тіл қату тағы да сол орекеңнің «не за что» дегенінен шатасып, айтылу орнынан тайқып кеткен бе деп қалам. Бұл сөзді байқаусызда жасалған ағаттығы үшін кешірім сұраған адамға айтса, нағыз жөні сол болар еді-ау. Мәселен, аяғыңызды жазатайым басып кетіп, кешірім сұрап тұрған адамға «оқасы жоқ» десеңіз, сөздеріңіз қисынды болар еді.
Көгілдір экраннан, газет беттерінен «ағымдағы жыл табысты болды...» деген секілді сөйлемдерді жиі еститініңізге шүбәм жоқ. «Бұл жыл ағымда болса, онда сіз қайда болдыңыз?» деп айтқым келеді кейде. Қазақтың «биыл» деген сөзін ұмыт қалдырған-ау, шамасы. Бұл мәңгүрттік тағы да сол тікелей аударманың кесірі.
«Кесірі» демекші, кейбіреулер осы сөздің антонимімен шатастырып жатады. Мәселен, «мен оның кесірінен қиын жағдайға тап болдым» деудің орнына «мен оның арқасында қиын жағдайға тап болдым» деп ауыр халге түсірген адамға «ризалығын» білдіріп жатады. Бұл да өз тілін жатырқау «болып табылады».
Кейде біз сөйлем мүшелерінің баяндауышы тек етістіктен тұруы керек дейміз бе, әйтеуір кез келген жерге «болып тапқызып» жатамыз. Жоқ жерден жаңа сөз шығаруға әуеспіз-ау. Жай ғана «Бұл да – өз тілін жатырқау» десек, құлаққа қонымды болар еді.
Қазақ тілін шұбарламай, тазалығын сақтап, қисынды сөйлегіңіз келеДІ МЕ? Ендеше, етістікті жіктік жалғауынсыз көсемшенің -а, -е, -й жұрнағымен қалдырыңыз. Сонда «Қазақ тілін шұбарламай сөйлегің КЕЛЕ МЕ?» дейтін боласыз.
Ілкімдей ғана болса да, ұлттың ұлылығын кемітетін бұл қателіктермен күресу әрбіріміздің парызымыз деп білем. Сонда ғана елдігіміздің мәйегі болған тіліміз саф қалпын сақтап қалмақ.