Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» дастаны

      Өлеңдері ел ішінде көп тараған, мың жылда бір туатын көрнекті ақындарымыздың бірі – Дулат Бабатайұлы. Оның шығармашылығы ауыздан ауызға таралып, бүгінгі күнімізге дейін мұра ретінде жеткен. Елеулі орын алатын, батырлар жыры үлгісіндегі Отанды қорғауға арналған «Еспенбет» атты толғауының патриоттық мәні зор. Бұл дастанында жетім бала, жас батырдың қалмақтармен соғыста көрсеткен ерлігін сөз қылады.

     Дастанның басты кейіпкері Еспенбет өзінің құрдастарына қарағанда ойлы, көзі ашық, көкірегі ояу, намысты, арманы биік болып өседі.

«Туған ел, туған жерім бар, 
Туған елді көкседім, 
Жат елде арман – өскенім...»

«Жігерім болса жетемде, Өнерім болса, еліме
Еліме барып, ұл болсам. Адал еңбек етсем деп» - ойлайды. Еспенбеттің бойынан адамдық адал қасиетті, таза ақ ниетті көруімізге болады. Енесінің белінен секіріп ойнап жүрген Ақбөрте құлынға қызығуында нышан бар:

«Құйрығын шаншып алды да, 
Үш айналды желіні. 
Селеу жерге бас ұрды, 
Омырауының желінен. 
Құйындатып келді де, 
Ытқып түсті Ақбөрте, 
Енесінің белінен.»

     Батырға лайық ат таңдауының өзінен, оның нағыз жігіт, жүрек жұтқан ер екендігіне көзіміз жетіп отыр. «Ат – ер қанаты» - деп бекер айтылмаған.

     Туған елі, кіндік қаны тамған жері оның жастық асқақ арманы мен тәтті қиялына айналды. Ол нағыз батыр, еркіндікті сүйген даланың ұлы. Оған ешқандай дүниенің байлығы керегі жоқ, оның қалауы – Ақбөртені тай қылып мініп, елінің кегін қайтару. Туған жеріне оралып, қару асынып, жауға қарсы тойтарыс беру.

      Еспенбет - тек алып күштің иесі ғана емес, сонымен бірге адал, ақ жүрек, кішіпейіл, көпшіл, барлығымыз үлгі тұтарлық адамдардың бірегейі. Мың жылда бір туатын, елі үшін еңіреп туған осындай батырларымызды еске алып отырудың өзі бір ғанибет емес пе? Алып ерді өсіретін - халық, ел жұрты екендігін айтып, ақын жастарға "әрқашанда еліңмен жұртыңмен бол" – деп насихаттайды.



Бөлісу: